Батыс Қазақстан облысында әйгілі дала дипломаты Сырым Датұлының 280 жылдығы мен Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының 135 жылдығына орай бір апта бойы республикалық және облыстық деңгейдегі көпшілік-мәдени шаралар өтті.
Қазақ тарихында ұлттың азаттығы үшін арпалыс, теңдікті көксеген көтеріліс көп болды. Солардың көш басында Сырым Датұлы тұр. Сырым – батыр, би ғана емес, ішкі және сыртқы саясатқа жетік дала дипломаты. Сырым құрған «Халық кеңесі» – қазір айтылып жүрген демократиялық басқарудың нағыз үлгісі деуге болады. Ал Жаһанша Досмұхамедұлы – қазақтың еркін ел болуға мүмкіндік туған тұсында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай сынды арыстармен бірге тарих сахнасына шыққан асыл азамат еді. Тәуелсіздік атты алып бәйтеректі туған топырақта берік ұстап тұрған тарамыс тамырдың бір-бір тіні сынды тұлғалардың тойы бүкіл Батыс Қазақстанды, әсіресе «Алаштың жұлыны» болған Жымпитыны жаңғыртып өтті.
Дастан жаттап, скутер мінді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған еді. Міне, қос тұлғаның тойы да балалар арасындағы бәсекемен басталды. Жазушы Жәрдем Тілековтің «Сырым батыр» дастанын жатқа оқудан оқушылар арасында І облыстық байқау өтті. Алғаш рет 1992 жылы аз тиражбен кітап болып шыққан, бүгінде қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналған бұл жинақты Сырым ауданы әкімдігі баспадан қайта басып, халықпен қауыштырған болатын.
Байқауда облыстың әр түкпірінен 28 оқушы бақ сынады. Олар «Сырым батыр» дастанын жатқа оқып қана қоймай, Сырым Датұлының шешендік сөздерін жатқа айтудан да сайысқа түсті. Жәрдем Тілековтің немере інісі Сағынғали Айтановтың батасымен ашылған байқау өте тартысты болды. Нәтижесінде, жыр-дастанды жатқа айтудан сырымдық Айшуақ Өмір І орынға лайық деп танылып, су жаңа «көлік» – скутерге ие болды. ІІ орын – теректілік Мансұр Мұрадымға, ІІІ орын – ақжайықтық Сәнім Жораға бұйырды. Ал шешендік сөздер сайысында сырымдық Рюксан Құсайын – І орынға, жаңақалалық Мұхаммед-Әли Боранбай – ІІ орынға, қаратөбелік Жангүлім Берікқызы ІІІ жүлдеге ие болды. Жүлдегерлерге планшет, смарт сағат сынды бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Алаш барысы» – Темірлан
Сырым Датұлының 280 және Жаһанша Досмұхамедұлының 135 жылдығы құрметіне Жымпитыда қазақ күресінен ІІ республикалық «Алаш барысы» турнирі өтті.
Айта кетейік, «Алаш барысы» – Сырым ауданының төл жобасы. 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналып өткен «Алаш барысы» турнирі бүгінде республикалық деңгейдегі танымал сайысқа айналған. Жымпитыдағы алыптар айқасына бұл жолы да белгілі балуандар келді. Батысқазақстандық Темірлан Көлбай, Нұрымжан Ғаббасов, Нұрбол Серіков, атыраулық Сұңғат Закария, қызылордалық Нұрым Сәлімгереев сынды халықаралық дәрежедегі спортшылар боз кілемнің шаңын шығарды. Нәтижесінде, «Алаш барысы» деген бедері бар алтын белдік өгіз палуандар арасынан Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданынан шыққан Нұрымжан Ғаббасовқа, түйе палуандар арасынан Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданынан келген Темірлан Көлбайға бұйырды. Белдікпен бірге олар 300 мың және 800 мың теңгелік ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Атыраулық Табиғат Мағауияұлы мен Сұңғат Закария, бөрлілік Әділбек Сейісовтер де жүлделі орындарға табан тіреп, ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Қазақ күресі – бүкіл ұлттық сайыстарымыздың түп негізі. Мұндай сайыстың Жымпитыда, Алаш тойы аясында өтуі жас ұрпақты Алаш рухымен байытады» деді Батыс Қазақстан облысындағы қазақ күресі қауымдастығының президенті Әсет Сұлтанұлы.
Ешкім жеңілмеген айтыс
Сырым мен Жаһанша тойы «Сырым – айбарым, Жаһанша – байрағым» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасты. Әйгілі Жүрсін Ерманның өзі жүргізген аламан айтысқа сегіз ақын қатысты.
Атыраудан Шалқарбай Ізбасаров, Түркістаннан Бекарыс Шойбеков, Қызылордадан Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров келді. Ақжайық топырағының намысын Жансая Мусина, Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы, Мұрадым Мирланов қорғады. Мәртебелі мейман ретінде қатысқан Жәкен Омаров, Берік Жүсіпов көрерменнің көңілін термемен тербеп, көзге жас алдырды.
Үш сағатқа созылған ақындар додасы соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов сахнаға шығып, қос алыптың тойына ақындарды бөліп-жармай, бәріне де ат мінгізетінін жариялады. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман да Жымпитыдан астына ат мініп, иығына шапан жауып аттанды. Барлық қонақ тойдан тәбәрік үшін естелік сыйлықпен марапатталып, аудан әкімінің алғыс хатына ие болды.
Тарих пен тағылым тоғысты
Қос алыпты ұлықтаған ұлы той аясында талай тағылымды шара өтті. Жымпитыда осы күндері «Театр – ұлт рухының тірегі» атты облыстық халықтық театрлар фестивалі ауыл көрермендерін қуантты. Өнер жарысына Сырым ауданынан «Бұлан», Бөрлі ауданынан «Мұрагер» халық театрлары, Қазталов, Қаратөбе және Тасқала аудандық халық театры ұжымдары, оралдық «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры қатысты. Көрерменге ұсынылған «Дариға жүрек», «Жас», «Қуыршақ», «Жарық», «Тозақ шеңбері», «Мен ояндым» секілді бірқатар поэтикалық моно драмалар ерекше әсерлі шықты.
Осы күндері Жымпиты кентіндегі Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы мектепте «Алаш тағылымы – ұлттық рух» атты облыстық ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Бұл жиында тарих ғылымдарының кандидаттары Дәметкен Сүлейменова, Бақтылы Боранбаева сынды алаштанушы ғалымдар баяндама жасады.
Ал Орал қаласындағы Махамбет университетінде өткен «Дала реформаторы – Азияға ортақ тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға республикамызға танымал тарихшылар қатысты. Жиналған қауым тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахметтің, ғалым Құндызай Ерімбетованың баяндамаларын қызыға тыңдады.
Тағы бір тағылымды шара Сырым ауданына қарасты Жетікөл ауылдық округінде болды. Бұл маң – Сырым ұрпақтарының ата қонысы болған. Бұрынғы Ілбішін уезі Өлеңті болысының №1 ауылына тиесілі осы жерде әйгілі Дат мешіті бірнеше ғасыр ел-жұртқа рухани қызмет еткен. Ел аузында «қырық ишаны болған Дат мешіті» деген даңқымен қалған ілім ошағын 1929 жылы большевиктер қиратып, 30 адамды «бай-сұпылардың ұйымы» деп соттаған екен. Соның 15-і ату жазасына кесілген. Арада ғасырға жуық уақыт өткенде ұрпақтары мешіт орнын қоршап, ескерткіш белгі орнатты.
Қазақтың тойы дала қызығымен сәнді ғой. Бұл күндері Жымпитының жалпақ даласын жүйріктердің тұяғы армансыз дүбірлетті. Тай жарыс, топ бәйге, аламан шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктің талайын сынға салды. Тай жарыста Ақжайық ауданынан келген Асылбек Жаңабаевтың Қараторғайы 13 жүйріктің ішінен озып келді. Топ бәйгеде теректілік Темір Кәкімнің «Тасқын» атты тұлпары топ жарды. Аламан бәйгеде Ақтөбеден келген Бекбол Байжарқыновтың «Месси» атты жүйрігі бас бәйгеге тігілген миллион теңге жүлдені алып кетті. Аударыспақтан Төлеби Қайыржанов ешкімге дес бермесе, арқан тартыста 1987 жылы туған құрдастардың командасы мықты шықты. Ал Сайын Алдияр есімді азамат қой көтеруден бәрін артқа қалдырды.
«Біз бүгінде тойдың емес, ойдың заманындамыз дегенді жиі айтамыз. Сондықтан Сырым еліндегі өткен әрбір шара – қазақ руханиятына олжа салатын ойлы оқиға болуына барымызды салдық» дейді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев. Шынында да туған топырағынан шыққан тарихи тұлғаларын дәріптеуде сырымдықтардан үйренетін нәрсе көп.
Батыс Қазақстан облысы