Биылғы жаз бен күз маусымы солтүстікқазақстандықтарға жайлы болды. Жауын-шашын да уақтылы түсіп, күзгі жиын-терімдегі ауа райы да қолайлы болды. Соған орай астықтың түсімі де ерекше.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған соңғы мәліметтерге қарағанда, барлық егістік алаңы – 4,4 млн гектар болса, соның 3,1 млн гектарына дәнді және 1 млн гектарына майлы дақылдар егілген. Қалғанына картоп және көкөністер отырғызылған. Биылғы астық алқаптары былтырғыдан 100 мың гектарға артық, ал майлы дақылдар 42 мың гектарға көп болды.
Осы күндері дәнді дақылдар және бұршақ тұқымдастар толығымен жиналды. Алдын ала деректерге қарағанда, гектар берекесі орта есеппен 15 центнерден айналған. Былтыр гектар өнімділігі 10 центнерден болған еді. Ал майлы дақылдар әлі жиналып жатыр. Әзірге оның 60 пайызы ғана жиналды. Жалпы жиыны 435 мың тоннаға жуық өнім алынды, ал гектарына 7,8 центнерден жиналуда. Былтыр дәл осы мерзімде 364 мың тонна жиналған, ал гектар өнімділігі 6,1 центнерден айналған еді.
Картоптың шығымдылығы былтырғыдан сәл төмен. Дегенмен көңіл көншітерлік. Бүгінге дейін картоп егілген алқаптарды жинау да аяқталып қалды. Барлығы 365 мың тоннадай картоп жиналды, әрбір гектар шығымдылығы 120 центнерге дейін айналды. Басқа көкөністерді жинау да аяқталуға жақын. Картоп егумен айналысатындар биыл осы дақылға былтырға қарағанда қолайсыздау болғанын айтады. «Картоптың нағыз өнетін кезі – шілденің соңы мен тамыздың алғашқы жартысы. Сол кезеңде жаңбыр аз болып, өнім мол болмай қалды», дейді қала маңында картоп егумен айналысатын шаруа қожалығының басшысы Дәулет Қанафин.
Айта кететін жайт, облыста картоп егетін М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Аққайың аудандарының алқаптары негізінен Петропавл қаласының төңірегінде орналасқан. Өйткені бөліп, сақтау орталығы Петропавл қаласында.
Былтыр картоптың өнімділігі биылғыдан жоғары болған еді. Биылғымен салыстырғанда былтыр осы кезеңде 373 мың тонна картоп жиналған, ал гектар берекесі 134 центнерден айналған. Облыстың астық қабылдау кәсіпорындарына бүгінге дейін барлығы 1,1 млн тонна дән түсті. Оның 830,1 мың тоннасы – бидай, 141 мың тоннасы – арпа, 32,9 мың тоннасы – бұршақ тұқымдастар, 64,7 мың тоннасы майлы дақылдар және басқалар. Ал былтыр осы уақытта 672 мың тонна дән құйылып, оның 572 мың тоннасы – бидай, 57,3 мың тоннасы арпа болған еді.
«Биылғы астықтың көлемі де, сапасы да жақсы. Жұмсақ бидайдың 80 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Қамырлығы 25-27 пайыз аралығында. Жиын-терім жұмыстарына ауа райы да қолайлы болды. Диқандардың жемісті нәтижеге қол жеткізуі – Үкімет тарапынан жаңа техникалар және минералды тыңайтқыштар алуға бөлген көмегінің жемісі. Жанар-жағар май да уақтылы бөлінді. Сонымен бірге жердің тыңайтылуы, пар алқаптарының қалдырылуы да бақыланады», дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов.
Бидайдың қамырлығы былтыр да осы деңгейде болған екен. Енді осы шығымды бидайды жақсы бағаға өткізу қалып тұр. Соған теміржол вагондарының жетіспеушілігі қолбайлау бола ма деген қауіп бар. Диқандардың бірі, «Шағала АГРО» ЖШС басшысы Жомарт Омаров Алматыға аталған мәселені шешу үшін бара жатқанын айтты. «Ресей экономикасының санкцияларға ұшырауының салқыны бізге де қырсығын тигізді. Сыртқа шығаратын вагондар мәселесі қиындап тұр», дейді ол.
Қазір «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰК» АҚ үшінші класты жұмсақ бидайдың сатып алу бағасын сапасына қарай 121-125 мың теңгеге қойған. Былтыр бұл баға сапасына қарай 103 пен 107 мың теңгенің аралығында болды. Бұл жердегі сапаның жоғарылығын бидай қамырлылығының көптігі анықтайды. Ал төртінші және бесінші сыныптағы бидай бағасы тиісінше 115 және 98 мың теңгені құрайды. Арпа мен сұлының сатып алу бағасы 90-95 мың теңгеден. Бір қызығы, төртінші сыныптағы сұрыптың биылғы бағасы былтырға қарағанда біршама азайды. Ол былтыр 98 мың теңге болған еді.
Ең жоғары баға – қарақұмықта, оның бір тоннасын корпорация 170 мың теңгеден алмақ.
Бидайдың қатты сұрыптары мен күнбағыс, рапс, зығыр сияқты майлы дақылдардың сатып алу бағасын корпорация әлі анықтаған жоқ. Былтыр рапстың бір тоннасын – 250 мың, зығырдың әр тоннасын 300 мың теңгеден алған болатын.
Қазір тыңғылықты диқандар егіс алқаптарын сүдігер жырту жұмыстарына да кірісіп кеткен. Бүгінге дейін 1 млн гектардың сүдігері жыртылды. Ал парға 554 гектар жер қалдырылмақ. Сондай-ақ биыл 2,7 млн гектар жерге 170 мың тонна минералдық тыңайтқыштар сіңіріледі деп жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысы