• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 06 Қазан, 2022

Табиғатты аялау өз қолыңда

520 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінің студент жастары республикада өтіп жатқан EcoStudentKZ челленджіне белсене атсалысуда. Эстафетаны елімізде екінші болып Павлодар қаласындағы бірнеше жоғары оқу орнының шәкірттері қабылдап алса, игі іс-шараның үшінші күнінде Екібастұз қаласының жастары күрек-тырмаларын алып, қоғамдық орындарды тазартуға шықты.

Бұл күні академик Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық инсти­ту­ты­ның бір топ студенті Екібастұздың 50 жылдығы атындағы гүлзарды ретке келтірді. Шаһар тұр­ғын­дары жиі серуендейтін бақ соңғы уақытта ыбыр­сып кеткенін байқаған жастар осы маңды тазартуды мақсат еткен.

– Туған қаламыздың тазалығы – өзіміздің қолымызда. Кейде тұрмыстық қалдықтар шашылып жатқан көшелер мен скверлерді көргенде өзіміздің салғырттығымыз, салақтығымыз екенін түсінемін. Әйтпесе, сенбіліктер болмайды емес, тұрақты ұйымдастырылады. Өскен өңір, өнген жерімізді сырттан келіп ластайды дегенге онша сеніңкіремейміз. Себебі көшеде, жолда келе жатып, қолымыздағы кәмпит қағазын, босаған шырын ыдысын лақтыра салатын жаман әдетіміз бар. Көлікте келе жатып терезеден шылым тұқылын, өзге де қоқысты тастап жүре беретіндерді көзіміз жиі шалады. «Әділетті Қазақстанның» жастар буынына мұндай қылықтар жат болуы керек, – дейді институттың 2-курс студенті Тілек Смағұлов.

Оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі жетекшісі Әлия Мәжит академик Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленіп отырған білім ошағы қаладағы экологиялық тазалық іс-шараларына үнемі атсалысатынын жеткізді. Институтта 1 446 жас оқыса, студенттердің шамамен 30 пайызы мемлекеттік тілде білім алады. Мұнда сырттан келіп оқитындар үшін жатақхана мәселесі шешілген.

«Жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасағына студенттерімізді жұмылдырып, экологиялық бағыттарда еңбектенгенін құп көреміз. Екі­бас­тұз маңайында әлемдегі ең ірі «Бо­га­тырь» және «Шығыс» кеніштері, бірнеше ірі электр стансасы, жылу-электр орталығы, көптеген зауыт орналасқан. Олардың өнді­ріс­тік қалдықтарын айтпағанның өзінде, ша­һар­дың өзінен күнделікті жүздеген тонна тұр­мыстық қалдық шығарылады. Табиғатқа түсетін жүктемені азайту үшін жергілікті халық үнемі сенбілік ұйымдастырып, көшелер мен саябақтарды тазартады. Жастар да білек сыбана кірісіп, мұндай тазалық іс-шараларына елдің алды болып атсалысады. Қаламыздың тазалығы үшін осындай игілікті істерге мұрындық болып жүрген студенттеріміздің белсенділігі қуантады», дейді Әлия Аманжолқызы.

Тазалық – қашанда күн тәртібінен түспеген мәселе. Өз аулаңды, қоршаған ортаңды таза ұстау мәдениеті адамға жастайынан сіңірілмесе, өсе келе құлағына құю қиын. Осы себептен де жастар қауымын экологиялық іс-шараларға жиі қатысуға ынталандыру дұрыс қадам.

Осы орайда мына бір аңыз есімізге түсті: Ертеде бір данышпан өмір сүріпті. Әлгі ақыл иесі жер бетіндегі құпияның бәрін білген деседі. Ел-жұрттың арасында ақыл-ойымен озып шыққандарды көре алмайтындар қай кезде де табылады. Қызғаныш оты шарпыған бір адам үнемі оны сүріндіргісі келеді екен. Елдің көзінше оның да бірдеңені білмейтінін дәлелдегісі келіпті. Бірде адамдар жиналып отырған жерде әлгі пенде алақанына бір көбелекті қысып ұстап тұрып: «Айтшы, данышпаным, менің қолымдағы қандай көбелек, тірі ме, өлі ме?», деп сұрайды. Өзі ішінен: «Егер тірі десе, мыжып жіберемін, ал егер өлі десе, онда қоя беремін» деп ойлап тұрады. Сонда данышпан сәл ойланып тұрып: «Бәрі сенің қолыңда», деген екен.

Қазір жер бетіндегі адамзат баласының өмір сүруіне қолайлы жағдайдың барлығы саналы тірлік иесінің өз қолыңда. Әрдайым таза ауамен тыныстағың келсе, көрікті, жинақы көшелермен серуендегің келсе, тазалықты өз аулаңнан баста. Елді мекендердегі көпшілік орындар, саябақтар мен гүлзарлар, автожолдар бойы үнемі тазалықты қажет етеді. Ал табиғат тазалығы – адам денсаулығының кепілі.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы