Шекарадан Қазақстан аумағына өткен ресейліктер туралы ақпарат қазір халықтың денін алаңдатып отыр. Елімізге келушілердің көбі Ресейде жарияланған мобилизациядан кейін бас сауғалап кеткендер екені мәлім. Өз елінің заңын орындаудан бас тартқандар біздің жерімізде де тыныш жүре қоюы күмәнді. Осыған алаңдағандар әлеуметтік желілер арқылы түрлі қауесет таратып, елді дүрліктіруге әуес болып кетті.
Әрине, БҰҰ-ның конвенциясына сәйкес құқығы мен бостандығы бұзылып, өз елінде қуғынға ұшырағандарды босқын ретінде паналатуға біз де міндеттіміз. Сондай-ақ басына іс түсіп, табиғат немесе техногендік апаттардан зардап шегіп, үдере көшкендер болса, оларды да бас сауғалатуға болады. Алайда Мемлекет басшысының жарлығын орындаудан бас тартып, көрші елдерге жылыстағысы келгендерге босқын мәртебесі берілмейді. Соған қарамай біздің ел екіжақты келісімшарттарға сәйкес оларды көшіп-қонушы, қонақ ретінде қабылдауға мәжбүр. Ондай сылтаулар да көп. Мысалы, отбасымен табысу, еңбек етуге, оқуға, емделуге келу. Тіпті миссионерлік істермен де келуге қақылы.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек журналистер алдына шығып, Солтүстік Қазақстан аумағындағы шекаралық бекеттерінен 21-25 қыркүйек аралығында 30 мыңнан астам ресейлік азамат Қазақстанға өткен. Оның 20 мыңға жуығы 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтар. Ресейдегі ішінара мобилизацияға сәйкес әскерге осы жастағы азаматтар шақырылған.
Д.Жандарбектің айтуына қарағанда, олардың көбі біздің елдің аумағын транзиттік дәліз ретінде ғана пайдалануда. Тек 64 Ресей азаматы уақытша тұруға өтініш берген. Келгендігі туралы жазбаша хабар бергендердің саны – 1 481. Отыз мыңға жуық адамның ішінде тек осыншасы ғана уақытша тұруға хатталғаны күдік тудырады.
Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары қазір келушілердің күрт азайғанын айтты. «Өйткені Ресей Федерациясында әскери міндеткерлігі бар азаматтардың шетелдерге кетуіне бақылау күшейтілді», деді ол.
Ал уақытша келген шетелдіктерге арналған салық төлеушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға өтініш бергендер саны – 1 340. Егер 19 бен 23 қыркүйек аралығындағы кезеңмен салыстырсақ, бұл сан 2,5 есеге артық. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Жәнібек Қамбаров мәлімдеді. Сондай-ақ Ж.Қамбаров ХҚО-ға жүгінген шетелдіктердің өте көп болуына байланысты қосымша тағы бір орталықтың ашылғанын жеткізді.
Әзірге Петропавл қаласында шетелдіктердің қатысуымен құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жергілікті полицияға жаяу және автомобильмен халық көп жиналатын жерлерге патрульдік қызметтерді күшейтуге тапсырма берілген. Қазір қаладағы 517 нөмірі бар 24 қонақүй толық. Оның үстіне пәтерлерді жалға берумен айналысатын 20 бюро да қызу жұмыс істеуде.
Көші-қон қызметі барлық қонақүй мен жалға үй берушілерге шетелдіктер туралы миграциялық порталға хабарлауын талап еткен. Сонымен бірге шетелдіктер өздері тұрған аудандардағы миграциялық қызметтерге келгені туралы хабардар етуі қажет.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстанда тіркелген 7 мыңдай шетелдік тұрып жатыр. Соның бес мыңдайы – ресейліктер. Көші-қон басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция инспекторлары, прокуратура және жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп қазір қонақүйлерді, хостелдерді, жалға берілетін пәтерлерді тексеріп, заңсыз тұрып жатқандарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы