Су – тілсіз жау. Жаз бастала сала Төтенше жағдайлар департаменті мамандары суға шомылудағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, ескерту жасаумен болады. Соның өзінде суға батып, қайтыс болғандар саны аз емес. Облыста 1 қыркүйектен бастап шомылу маусымы ресми түрде аяқталып, жуықта құтқарушы мамандар жаздай атқарған жұмыстарын қорытындылады.
Жаз маусымында ТЖД қызметкерлері 14 адамды, оның ішінде 2 баланы судан құтқарған. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдары, полиция, волонтерлік ұйымдармен бірлесіп күн сайын рейд өткізді. Ұзын саны 2 340 рейд жүргізіліп, 304 ескерту және тыйым салу белгісі, 130 көрнекі стенд орнатылған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдеу үшін Самар ауданында Күршім ауылында және Көгілдір бұғаз жағалауында мобильді бекеттер жұмыс істеді. Сондай-ақ Өскемен қаласының аумағына құтқарушылардың жылжымалы бекеттері қойылды.
Облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Орынбековтің мәліметінше, жаз мезгілінде су айдындарында 7 адам суға батып кеткен.
– Статистика көрсетіп отырғандай, көп жағдайда қайғылы оқиға адамның шамадан тыс өзіне деген сенімділіктің, күшін асыра бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін ескермеудің, тыйым салынған және тексерілмеген жерлерде шомылудың, мас күйде болудың салдарынан орын алған. Суға батқандардың барлығы 18-46 жас аралығындағы ер адамдар, – дейді Р.Орынбеков.
Жасалған сараптамалық іс-қағаздарына үңілсек, оқыс оқиғалар негізінен демалыс күндері тіркелген. Жеті өлімнің екеуі Ұлан ауданындағы көлдерде болған. Ал шомылу маусымы басталғалы көпшілік демалатын орындарда 189 құқық бұзушылық анықталды: ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу бойынша – 80 адам, алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 75 демалушы жауапқа тартылды.
Жауапқа тартылады, ескерту жасалады. Алайда келесі жылы дәл осы оқиғалар қайталанбасына кім кепіл?! Неге біз осы, қарапайым ережені ескере бермейміз?!
Шығыс Қазақстан облысы