• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Қазан, 2022

Шеберлер шеруі

485 рет
көрсетілді

Алма – Алатау баурайындағы шаһардың мақтанышы, мол­шылығы мен берекесінің белгісі. Айнала толы алма мың түрлі бояуға малынған шаһарды күздігүні ерекше шырайландыра түседі.

Күз мезгілі – суретшілер, мүсін­шілер, сәндік қолдан­балы өнер шебер­лері үшін шы­ғар­машылық шабыт кезе­ңі. Жыл сайын «Алтын алма» көрме-жәрмеңкесін ұйым­дас­тыратын Ор­талық Мем­лекеттік музейдің сол шебердің бәрін де шақырып, Қазақстан және Орта Азия аумағында алма идеясын ширата түсетіні құптарлық дәстүрге айналған. Алма идея­сы – бір ғана жемістің тарихы емес, көпқырлы талант иелері оған шексіз мағына сыйғызады. Натюрморт пен пейзаж, портрет пен жанрлық көріністер, кескіндеме, графика, фотосуреттер мен гобелен, бисер мен батик сияқты сәндік өнер туындыларында көрініс тапқан. Бір тақырыпты әр суретші өзін­ше тарқатады, әр шебер өзінше жырлайды. Таныс та­қы­рыптың шексіз қиялмен түр­леніп, дү­ниетанымға дара сипатымен қозғау салатын қасиеті кел­гендердің таңданысын тудырмай қоймайды.

Көрмеге Қазақстанның бар­лық өңірінен, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген қол­өнер шеберлері өздерінің сәнді, әсем бұйымдары мен кәде­сыйларын, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік ойыншықтар, әдемі құрақ көрпешелер, киізден және жібек матадан жасалған бұйымдар мен киімдер, сазды аспаптар, шығыс миниатюрасы, тоқыма, теріден жасалған заттар, сандықтар мен кілемдер ұсынды.

Қол­данбалы өнер туындыларын қызықтағандар бұл заттардың жасалу техникасымен танысып қана қоймай, жылдағы дәстүр бойынша шеберлік сабақтары негізінде өз қолдарымен қыштан құмыра жасап, киіз басып, сурет салып, әртүрлі кәдесый жасаудың әдіс-тәсілін үйренеді. Мұның ең пайдалы жағы, адам бұрын байқамаған, бойында бұғып жатқан беймәлім қасиетін танып, қолөнердің қандай түріне бейімі бар екенін біле алады. Көрме-жәрмеңкеде Марат Сәрсебаев қыш жасаудан, Александра Волкова бисермен тоқу өнері бойынша шеберлік сабағын өткізгенде, келгендердің аса ықы­ласпен ниет танытқаны сон­дықтан болса керек.

Көрме-жәрмеңкені ұйымдас­тыру­шылардың басты мақсаты – Орталық Азия халықтарының материалдық мәдениетінің алуан түр­лілігін көрсету болса, қала тұр­ғын­дары мен қонақтары қолөнер бұйым­да­рының үздік үлгілерімен танысып, дәстүрлі жәрмеңкені алдағы жылы асыға күтетінін айтып тарқасты.

 

АЛМАТЫ