Tax Justice network халықаралық ұйымының мәліметі бойынша кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған. Ал Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, 30 жылда елімізден 100 миллиард доллар шетел асқан. Ұлттық банктің деректерінен 2010-2021 жылдар аралығында, яғни 11 жылда 53,4 миллиард доллар қаржының сыртқа кеткенін көруге болады. Бұл ақша бүкіл Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімімен тепе-тең және еліміздің сыртқы қарызымен пара-пар. Бұл – 30 жыл бойы мұнайдан түскен табыстан 2-3 есе көп қаржы.
Шетел асқан қаржыны мемлекетке қайтарудың халық үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Заңсыз ақша дегеніміз не? Заңсыз шетел асқан қаржыны қайтарудың жолдары қандай? Санаға ғана емес, қалтаға да, жүйкеге де салмақ түсіретін бұл сұрақтар жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін қоғамда жиі қойыла бастады. Себебі осы отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныс беру міндетін жүктеген еді. Осындай нақты тапсырма берген Президент «Қоғам болып табысты әділ бөлісу мәселесінде ымыралы пайым қалыптастыру маңызды» деген пікірін де ашық білдірді.
Шетелге заңсыз шығарылған қаржы мәселесін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Мақсат Раманқұлов та көтерді. Депутаттың мәлімдеуінше, кейінгі бес жылда Қазақстанның құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда бұл қылмыстық істердің немен аяқталғаны, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз.
«Сонымен қатар қаңтар қасіреті кезінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтарымен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар», деді депутат.
Осыдан кейін 5 маусымда Президент Жарлығымен Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Құрамына 11 құзырлы мекеме, атап айтқанда, құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы органдардың, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның бірінші басшылары кірген комиссияның басты қызметі – елімізден заңсыз шығарылған қаржы-қаражатты елге қайтару.
Заңды ақша дегеніміз не? Ең алдымен осы сауалға жауап беріп көрсек. Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбектің айтуынша, егер қаржы шетелге еліміздің экспорттық-импорттық валюталық бақылау және трансферттік баға белгілеу туралы заңнамаларына сәйкес шықса, онда заңды болып саналады. «Егер Қазақстанда офшордағы қаржы-қаражатқа қатысты қандай да бір әкімшілік, қылмыстық іс қозғалмаса, ол капитал да заңды болып саналады», дейді экономист.
«Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-шараларды бақылайтын халықаралық FATF деген ұйым бар. FATF-тің стандарттарына сәйкес шетел асқан ақшаны заңсыз деп тану үшін 4 критерий бекітілген. Оның алғашқы екеуі – ақша аударылған елде қылмыстық жауапкершіліктің және тәркілеу іс-шараларының болуына қатысты. Бізде осы шарт болмағандықтан шетелдік офшорда жатқан ақшаның бәрін заңсыз деп тани алмаймыз. Қазақстанның өзінде құқық қорғау органдары бұл мәселе бойынша нақты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатқан жоқ. Бар мәселе осында. Ең алдымен шетел асқан сол қаржы-қаражаттың қаншасы заңды, қаншасы заңсыз екенін анықтап алуымыз қажет. Ол үшін бізге біріншіден, халықаралық ұйымның басты критерийіне сүйеніп нақты субъект бойынша қылмыстық іс қозғау қажет. Екіншіден, ақша қай елдің қандай қаржы мекемесінде жатқанын анықтап, сол елмен мемлекетаралық келісімшарт жасасу керек», дейді Қ.Арыстанбек.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов бұл мәселенің бір ұшы Азаматтық кодекстегі 160-бапта жатқанын айтады. Бұл бап «Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер» деп аталады. «Жалған мәмілелер қалай жасалады? Екі жақ шарт жасасады, құжатта басқа тарап ретінде өзге мемлекет көрсетіледі. Тауар сатып алды немесе қандай да бір қызмет көрсетті деген сылтаумен сол елге ақша жіберіледі», деген заңгер осындай өтірікке құрылған шарттармен елімізден жыластатылған ақша жоғарыда Ұлттық банк көрсеткен қаржыдан 2-3 есе асып түсетінін айтады.
Мемлекет басшысының Үкіметке тапсырма бергеніне жарты жылдан асты, комиссияның құрылғанына 4 айдай уақыт өтті. Қоғамда «Бұл жұмыстардың нақты нәтижесін қашан көреміз?» деген сұрақтың қойылуы да заңды. Алайда сарапшылар заңсыз жасалған шарттарды анықтау, оларды сот тәртібімен бұзу, сондай-ақ кейіннен активтерді қайтару ұзақ уақытты қажет ететінін айтады. Сондықтан олар заңсыз алынған мүлікті қайтару жұмысында жүйелі жұмыс пен табандылық өте маңызды деп санайды.
Жақында осы комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек ведомствоаралық мекеменің кейінгі үш айда атқарған жұмыс нәтижесін жұртшылыққа жариялады. Үш айдағы нәтиже – 523 миллиард теңге. Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия осы мерзім ішінде осындай көлемде мемлекетке келтірілген залалды өтеп, заңсыз алынған активтерді қайтаруға мұрындық болған.
– Қылмыстық істерді тергеп-тексеру аясында мемлекетке шамамен 518 миллиард теңге, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 173 миллион доллар өтелді. Прокурордың актілері бойынша мемлекет кірісіне 5 миллиардтан астам теңгеге 75 мың гектар жер, сондай-ақ 600-ден астам теміржол және оларға қатысты жер учаскелері қайтарылды, – деп нақтылады З.Әліпбек.
Сарапшылар ШЫҰ-ға мүше басқа елдермен салыстырғанда бұл өте жақсы көрсеткіш екенін айтады. Мәселен, Өзбекстан Республикасында 20 млн долларға жуық активтер қайтарылса, Ресей осы жылы 3,5 млн доллардан астам қаражатты қайтарып алған.
З.Әліпбек қоғамда қызу талқыланған істерді тергеп-тексеру комиссияның ерекше бақылауында болатынын да жасырмады. Мәселен, комиссия таратқан ресми мәліметте, Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев пен «ӨКМ» ЖШС операторының басшыларына қатысты жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесінде, қазір шамамен 230 миллиард теңге қайтарылғаны туралы айтылады. Бұл қаржы олардың шетелдік юрисдикцияларынан қайтарылған.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Люксембургтен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарған.
Бас прокурор Берік Асылов басқаратын комиссия сондай-ақ кедендегі олигополиямен күреске де ерекше ден қойып отыр. Комиссия іске кіріскен 4 айдың ішінде 7 оператордан шамамен 60 млрд теңге өндіріліп алынған.
Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек Үкімет актілері мен сот шешімдерін, оның ішінде мемлекеттік активтерді олигополиялардың пайдасына жекешелендіру және иеліктен шығару туралы шешімдерді зерделеу жұмыстарының әлі де жалғасатынын айтады. «Бұл сандар – комиссия жұмысының басы ғана. Шетел асқан дүние-мүлік пен қаржыны қайтару ісі әлі де қаузала береді», дейді ол. Қабылданған шараларға байланысты бұл жұмыстардың кейбіреулері өз нәтижелерін беріп жатыр.
– Бас прокуратура жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша 10 уәкілетті экономикалық операторға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді.
Биыл тамызда 6 оператор, атап айтқанда Almobi Group, «Ехргеѕѕ Кеден Сервис», Group of the companies TDA, Ai-To Progress, Global Logistics Ved және «TL NIKA кеден» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бюджетке 2,7 млрд теңгені өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Tex Alliance ЖШС-ға қатысты тергеп-тексеру аясында қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 2-15 қыркүйек аралығында 56,9 млрд теңге өндіріліп алынды, – деді Зейін Әліпбек.
Бұдан басқа, қадағалау актісі бойынша мемлекет кірісіне «КазГерСтрой БК» ЖШС-дан Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігі алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін 330 миллион теңге мөлшерінде залал өндірілген. «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ мемлекеттік мүлкі СҚО әкімдігінің теңгеріміне қайтарылды, ол 149 миллион теңгеге «TranscomLTD» ЖК-нің пайдасына заңсыз иеліктен шығарылған. Осылайша, сатып алу-сату шарты бұзылды.
Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия сонымен қатар олигополияның меншігіне берілген объектілерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және мемлекетке қайтару бойынша жұмыс жүргізуде.
З.Әліпбектің ақпараты бойынша бүгінде соттарда жалпы 13,5 млрд теңгеге жуық мүлікті мемлекеттік меншікке қайтару туралы прокурордың 10 талап қоюы қаралып жатыр. Олардың ішінде: астаналық «Шапағат» базары, Шымкенттегі қоқысты қайта өңдеу кәсіпорны – «Таза қала» МКК және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС Шымкенттегі «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС-ға тиесілі, құны 4,5 млрд теңге болатын 150 гектар жер учаскесі, «Сарыағаш» санаторий-курорттық кешеніндегі 1,44 гектар жер, Ақмола облысындағы 17 мың гектар жер учаскесі, Алматыдағы құны 2,9 миллиард теңге болатын 3,84 гектар жер учаскесі, бағалау құны 1,5 миллиард теңге болатын «Найза-БН» ЖШС («Барыс-4» базары) жарғылық капиталының 65 пайызы бар.
– Бұдан бөлек, активтерді кейіннен шығару, экономикалық ресурстарды монополиялық (олигополиялық) шоғырландыру мақсатында мемлекеттік мүлікті заңсыз иелену, міндеттемелерден, оның ішінде салықтық міндеттемелерден жалтару фактілерін анықтау тұрғысынан азаматтық істер бойынша сот актілеріне тексеру жүргізіліп жатыр.
Қазір 21 миллиард теңгеге олигополия өкілдерінің пайдасына шығарылған сот шешімдерін қайта қарау туралы Бас прокуратураның 11 наразылығы Жоғарғы соттың қарауында жатыр, – деп хабарлады Зейін Әліпбек.
Ашықтықты қамтамасыз ету және жұмыс нәтижелері туралы халыққа дер кезінде хабар тарату үшін комиссияның веб-сайты іске қосылып, ол мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырылған. «Ресми сайттағы арнайы бөлім арқылы кез келген адам хабарлама қалдырып, комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсыныс енгізе алады», дейді З.Әліпбек.
Өз кезегінде Президент жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров комиссияның веб-сайты сенімді дереккөзден расталған ақпаратқа сілтеме жасау үшін өте маңызды екенін атап өтті. «Аздаған топтың қолында ауқымды қаржы ресурстарының болуы әрдайым БАҚ пен саясаткерлерге ықпал ететінін анық түсіну керек. Сондықтан заңсыз алынған активтерді қайтару процесі қарсылық пен тапсырыс ақпарат ағынына тап болады. Комиссияның ресми сайты осы мақсатта іске қосылып отыр. Мұнда тек комиссия қызметінде пайдалануға болатын ақпарат ұсынылады», дейді ол.
ҚСЗИ сарапшысы заңсыз жолмен алынған барлық мүлік мемлекетке қайтарылатынын, алайда оған жүйелі жұмыс пен табандылық керек екенін айтады. «Қазір біз өте маңызды тенденцияны – жеке тұлғалардың экономикалық мүдделерінің мемлекеттік органдарға және олар қабылдайтын шешімдеріне ықпалының төмендеуін байқап отырмыз. Қазақстан бұл жағдайда экономикалық ресурстардың санаулы тұлғалар қолында шоғырлануына қарсы белсенді күрес жүргізіп жатқан жалғыз ел емес. Сондықтан шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесінде Қазақстанның шетелдердің қаржылық барлау бөлімшелері, сондай-ақ Carin (Еуропа) және Arin AP (Азия және Океания) халықаралық ақпарат алмасу желілері секілді сенімді серіктестері бар», деді ҚСЗИ қызметкері.
Алайда сарапшы ақпарат жинау үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана екенін ескертеді. Оның пікірінше, көп жағдайда активтерді шығарудың заңсыз жолдары делдалдар арқылы мұқият жасырылып, ақша мен басқа да активтерді аудару тізбегіне қатысатын жалған тұлғалар үшін шоттар жасалатындықтан қолда бар ақпаратты мұқият талдау айтарлықтай уақытты талап етеді. «Қазіргі таңда мемлекеттік органдар шетелдегі әріптестерінен ақпаратқа сұраныс беру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Қазақстан Дүниежүзілік банктің Ұрланған активтерді қайтару бастамасымен («СтАР») және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен ынтымақтастық орнатты.
Комиссия жұмысы өз жемісін беріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жігерлі шешімінің нәтижесі. Бұл жұмысты Бас прокуратура және басқа да уәкілетті органдар активтер иелерінің орасан зор қарсылығы жағдайында жүргізіп отыр. Бірақ заңсыз алынған активтерді қайтару – маңызды мәселе. Оны шешу үшін саяси ерік те, құқықтық база да, халықаралық ақпараттық-ұйымдастырушылық инфрақұрылым да жеткілікті. Жақын арада Қазақстанға қомақты экономикалық ресурстар қайтарылып, халықтың игілігіне бағытталады деген үміт бар», дейді Е.Тоқтаров.
ТҮЙІН. «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек».
«Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды».
Естеріңізде болса, бұл екі мәселені ел Президенті қыркүйектегі Жолдауында айтқан болатын. Алайда шыны керек, қазір қарапайым халықты толғандыратын сұрақ өте көп. Мәселен, «Шетелге заңсыз шығарылған ақша «қайтарымы қиын қаражатқа» айналып кетпей ме?», «Заңға қайшы жасалған келісімдердің барлығы әшкерелене ме?». «Комиссия жұмысына қоғамдық бақылауды арттыру қажет пе?» деген сенімнен күдігі басым сұрақтар жиі қойылады.
Әділетті Қазақстанның ең басты белгісі әділеттілік деп айшықтап алдық. Ендеше, әділеттіліктің басты қағидаты заңдылықты бекітуден бастау алатынын дәлелдейтін уақыт келген секілді.