Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттыққа сәйкестігі туралы қаулы қабылдады.
Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау жібергенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергі жоқ екені анықталды. Мәселен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай Қасым-Жомарт Тоқаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстанда соңғы 69 жыл бойы тұрады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика Президентіне қолданылмайды.
Ұсынылған дипломның көшірмесіне сай жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді). Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен ұсынылған мәліметтерге сай мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай.
Әділет министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша президенттікке кандидат ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктердің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттары бар.