• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2022

Ардагерлердің мизам шуақ кеші

248 рет
көрсетілді

Алматыда Қарттар айлығы аясында ІІ Дүниежүзілік соғыс және тыл арда­герлеріне арналған күзгі мерекелік іс-шара өтті. Биыл бесінші жыл қатарынан өткен дәстүрлі басқосуды Соғыс және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесі ұйымдастырып отыр.

Жастық шағы қырғи-қабақ соғыс пен ел басына туған қиын жылдармен бетпе-бет келген ардагерлер бүгінгі тәуелсіз елдің жарқын күндерін көре алмай кеткен қатарластарын сағына еске алып, естеліктерімен бөлісті. Жанарларға жас ұялап, талай өмірді қыршын еткен соғыс та, азалы жылдар да келмеске кетсін деген тілектерін білдірді.

Ардагерлер күзгі мерекені ерекше көңіл күйде өткізді. Олар өлең оқып, би билеп, түрлі аспаптарда ойнап, ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпатқа ие болды.

«Соғыс және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесі» ҚҚ атқарушы директоры Райхан Жапарханова үлкенге ізет көрсетудің осындай үлгісін жас ұрпақ арасында насихаттауды мақсат етеді. Аталған қор қоғамдық институт ретінде соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсете отырып, оларды толғандырған мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етіп келеді. Қиын-қыстау жылдарды басынан кешірген ардагерлер бүгінде үлкен құрметке лайық.

 

АЛМАТЫ