• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 10 Қазан, 2022

Ғұндар мұрасы – таңбалы асық

1470 рет
көрсетілді

Ежелгі ғұндар мәдениетіне тән аса құнды арте­фактілердің ұйық мекені – ежелгі Өтүкен қой­науы немесе қазіргі моңғол үстірті. Мысалы, Ноин-ула қорғанынан табылған жәдігерлер ХХ ғасырдың теңдессіз мұрасы саналса, өткен жылдары Моңғолияның Арықанғай аймағы территориясында орналасқан «Гол-мод» қорған-обасына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде тағы да аса құнды дүниелер табылды.

Осылардың ішінде біздің назарымызды айрықша аударған дүние – жоғарыдағы қорғаннан табылған таңбалы асық. Археологиялық жұмыс тобының жетекшісі Ұлан-батыр университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының док­торы Д.Эрдэнэбаатардың жазуына қа­рағанда, ежелгі ғұндарға тән «Гол-мод» кешен-қорғаны ірілі-ұсақты 30-шақты обадан тұрады. Осындағы бірінші обаны қазған кезде, онымен желілес үш обашықтан бала жерленген орын анық­талған екен. Дәл осы бала мүрдесінің жанынан 200-ге тарта ұсақ малдың бүтін асығы табылыпты (2-сурет).

Осылайша, қазіргі күнге дейін қол­даныста жүрген асық ойыны ғұндардан қалған мұра екені дәлелденіп отыр. Бұл турасында айтар болсақ, байырғы Хан патшалығы (б.з.д  206-220 жж.) дә­уірінен бүгінге жеткен «Ху елі сүйек (асық) атып ойнайды»  деп жа­зылған деректі білеміз. Яғни бұл жазудағы дегені «Ху елі». Яғни Хан патшалығы ғұндарды осылай атаған. Одан кейін сүйек ату дегені «асық ойыны», ал ату деп сау­сақпен асықты шертіп қозғауды меңзеп отырғаны хақ.

Бұдан шығатын қорытынды: жоғарыдағы Хан дәуірінен жеткен дерек пен бүгінгі ғұндар қорғанынан табылған асық нақты хақиқи дәлел ретінде бірін-бірі толықтырып отыр. Бір қызығы, қабірден табылған асықтардың 20-шақтысында әртүрлі таңба бар. Солар­­дың ішінде мына бір асықтың бүк бетіне салынған төрт таңба (1-сурет) ға­­лымдардың назарын айрықша аударуда.

Өйткені мұндағы төрт таңба – Моң­­­ғол империясының негізін қала­ған атақты төрт қағанның таңбасы. Асық­тың тәйке жағына қараған «т» таңба Шыңғыс қаған және Жошы­ның таңбасы, асықтың шоңқы жақ ұшындағы «айыр» таңба Төле хан­ның таңбасы, асықтың алшы бет бағы­тын­дағы иір таңба Өгедей ханның таң­басы, ал асықтың оңқы жағында орналасқан қос сызық Шағатайдың таңбасы екен. Дәл осы төрт таңба биыл Ұлан-батыр қаласында ашылған Шың­ғыс хан музейінің маңдайшасында айпарадай бәдіздеулі тұр.

Бұл оқиғаға тәпсір жасаған жер­гілікті тарихшылар: Моңғол импе­рия­сын құрған адамдар, ұлысты бас­қарудың әкімшілік, жауынгерлік, тұрмыстық һәм дәстүрлі шаруашылық негіздерін ғұн­дардан көшіріп алған деген пайым жасапты. Яғни ғұндар кезіндегі таң­баларды (асықтардағы) кейін моңғол билеушілері пайдаланған екен. Демек болашақта таңбатану ілімін қазақ герал­дика­­сының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, жеке зерттеген дұрыс екені аңғарылады.