• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 10 Қазан, 2022

Ілияс Есенберлиннің плащы

381 рет
көрсетілді

Әдебиетімізде «Көшпенділер» және «Алтын Орда» атты трилогияларымен тарихи тақырыпқа алғаш түрен салып, тұтас бір мектеп қалыптастырған Ілияс Есенберлиннің орны бөлек. Ақмола облысындағы Атбасар қаласында көрнекті жазушы атындағы әдеби музей жұмыс істейді, онда айтулы тұлғаның өзі тұтынған біраз жеке заттары сақталған. Соның ішінен қаламгердің ұнатып, үнемі киіп жүрген плащына тоқталсақ дейміз.

Аталған музейдің басшысы Ұлбосын Қамбатырова бұл жәдігерді мұражай қорына сурет­­кердің отбасы 2000 жылы тапсырғанын айтады. Плащ­тың түсі ақшыл сары, қайыр­ма жағалы, жеңі ұзын. Кеу­десі мен арқасының астарына қосымша мата жапсырылған. Оң жаққа түймеленіп, белбеумен бай­ланады. Бұл сырт киім 50-ші жылдары Ресейде тігіліп, оған фабрикалық материал қол­данылған.

«Бізде бұдан басқа жазу­шының жазу үстелі, костюм-шал­бары және құжаттары мен отбасылық фотосуреттері бар. Сонымен бірге қорымызда қаламгердің дауысы жазылған таспа мен «Мұхиттан өткен қайық» романының қолжазбасы сақталған. Осының бәрі – біз үшін қымбат дүниелер. Бұлар­ды му­зейге келген қонақ­тар қы­зығып көреді», дейді Ұ.Қамбатырова.

Сондай-ақ Ілияс Есенбер­линнің осы плащымен түскен бірқатар суреті бар. Әсіресе Қа­­за­қ­­станның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Та­рихи роман­дардың көш­бас­шысы» атты естелігінде қа­быр­ғалы қаламгерді алғаш осы плащы­мен көргенін жазады. «Университетті бітірген соң, алпысыншы жылдардың орта шенінде «Қазақ әде­бие­ті» газетінде қызмет істеп жүрдім. Газеттің бас ре­дак­то­ры – қазақтың үлкен жү­ректі ақыны, марқұм Қапан Саты­балдин, орынбасары – қазіргі белгілі жазушы, профессор Нығ­мет Ғабдуллин. Бұлардан басқа әр бөлімде бұл күнде жұрт­шылыққа кеңінен танымал, бірақ ол кезде әлі жас буынға саналатын Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров сияқты сайдың тасындай жігіттер бар еді. Ай­тайын дегенім, сол тұста бас редактор Қапанның кабинетіне жасы елуге келіп қалған, үстінде кө­нетоз ақ плащы бар, қанаты сынған қаздай бір жағына сәл қисайып басатын ақ шашты, аласа бойлы бір адам келіп-кетіп жүрді. Әлгі адам көбінесе жұмыс аяғына таман келеді де, редактормен әңгімелесіп отырып қалады. Кейде екеуінің әзіл-қалжыңдары жарасып, бірге кетіп бара жатқанын көреміз.

– Біздің редактордың қа­сы­нан шықпайтын осы ақ плащты кім? – дейміз, жастар жағы бір-бірімізге иек қағып. – Бұл – Қа­панның досы, Ілияс Есен­берлин деген жазушы, – дейді редак­циядағы егде қыз­мет­кер­лер», дейді марқұм Қабдеш ағамыз.

Қысқасы, Атбасардағы Ілияс Есенберлиннің әдеби музейін­дегі біз сөз етіп отырған баға­лы жәдігер ұлт рухын оятқан жазушы өмірінен нәзік сыр шертеді.