• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қазан, 2022

Ұлытауда ұялы байланыс нашар

307 рет
көрсетілді

Еліміздің орталық өңірінде интернет пен ұялы байланыстың игілігінен мақұрым қалған ауылдар бар. Бұл туралы Ұлттық коммуникация және цифрландыру қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылды.

Ұлытау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жасұлан Рүстемовтің хабарла­уынша, Жезқазған қаласындағы әрбір көпқабатты тұрғын үйге кең жолақты интернет жүргізілген. Бірақ операторлар тарапынан көрсетілетін қызмет сапасының төмендігіне байланысты сервис пен қосылу тұрғысынан жетіл­діретін тұстар жетерлік. Қаланың жеке секторында проблемалар бар. Мысалы, шағын аудандарда жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ.

– Байланысқа келетін болсақ, облыстың өзінде де мәселе бар. Теректі және Талап ауылдарында тек 3G ұстайды. Ал Қорғанбай, Түйімойнақ стансасы, 60-шы разъезд, 366-шы разъезд ауылдарында тек 2G бай­ла­нысы ғана бар. Ал Ұлытау ауданының ауылдарын­да (Егінді – 260 тұрғыны бар, Ақтас – 110 тұрғыны бар, Пионер – 100 тұрғыны бар) ұялы байланыс мүлдем жоқ. Қаражал қаласында да ұялы байланыс пен интернетке қатысты бірқатар проблема бар.  Шалқия ауылында интернет жоқ, – деді Жасұлан Рүстемов.

«КәсіпҚорған» тау-кен металлургия кәсіпорындары мен аралас өндірістер қызметкер­лері­нің салалық кәсіподағы Жезқазған филиалының төр­ағасы Ақылбек Төлепбергенов Жезқазған кентінің және оған іргелес Весовая, Крес­тов­ский, Перевалка және ГРП елді мекен­дерінің тұрғындарын Сәт­баев қаласына қоныс аудару­ға қатысты бағдарлама енгізі­л­ген­нен кейін мобильді байланыс сапасы айтарлықтай нашар­ла­ға­нын атап өтті. Бұл або­нент­тер азайғандықтан базалық стан­са­лардың ауысуына байланысты болуы әбден мүмкін.

– Былтырдан бастап Оңтүстік Жезқазған кені­ші, Шығыс Жез­қазған кеніші, Запад­ный разъезі қызмет­керлері «Қазақмыс» кор­порация­сының басшылығына 4G ұялы байланысының сапасын жақсарту туралы өтініш­пен шықты. Бірақ Жезқазған қаласынан 156 шақырым жерде орналасқан «Жомарт» кені­шіндегі жағдай тым нашар. Кеніштің қашықтығына бай­ланысты жұмыс вахталық әдіс­пен жүргізіледі. Ал кейбір қыз­метт­ердің өкілдері күн сайын қатынауға мәжбүр. Бұл учаскеде жол-көлік оқиғалары орын алып тұрады. Себебі жолдың бойында фермерлік шаруашылықтар көп. Тиісінше, ірі қара мал жолға шығып кете береді. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болған жұмысшылардың тиісті мекемелермен хабарласуға мүмкіндігі жоқ. Себебі байланыс жоқ.

Жалпы, Жезқазған қаласынан 30 шақырым шыққан соң-ақ ұялы байланыс «жоғалып» кетеді. Демек өмірге қауіп төндіретін күтпеген жағдайлар туындаған кезде жедел жәрдемге немесе басқа да қызметтерге қоңырау шалу мүмкін емес. Сондықтан халықтық бақылау жүргізу үшін Bailanys.bar қосымшасының жұмысын дамытуды ұсынамын. Сондай-ақ адам саны 250-ден асатын өнеркәсіптік кәсіпорындарды елді мекендерге теңестіру қажет. Сол арқылы оларды «250+» бағдарламасы бойынша сапалы интернетпен және мобильді байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – дейді Ақылбек Төлепбергенов.

«Дара Холдинг» ЖШС директоры Ермек Жүнісовтің айтуынша, өңірлік жеке байланыс операторларына, әсіресе кабель­дік кәрізге қол жеткізуде және техникалық шарттарды алуда кездесетін қиындықтар бар.

– Жоғары жылдамдықты ин­тер­нетті ауылдарға жылдам және өтелетіндей етіп өткізу үшін өңір­лік жеке провайдерлерге бір мегабитке қосылуды 900 тең­геден 500 теңгеге дейін арзан­дату керек. Бұдан басқа, Өңір­лік байланыс операторлары үшін жағдай жасау (арнайы бағдарламалар, субсидиялау) маңызды. Өйткені солар ғана жергілікті жерлер­дегі ауыл тұрғындары үшін интернет жүргізеді. Жалпы, ірі операторлардың өзі халық аз қоныстанған ауылдарды жоға­ры жылдамдықты интернетке қосатын шағын провайдерлермен жұмыс істеуге тиімді болатындай жағдай жасауы қажет, – дейді Е.Жүнісов.

«Азия» халықаралық кабель­дік операторлар қауым­дас­ты­ғының басшысы Антон Шин мәселелерді шешу үшін облыс әкімдіктеріне өзіне сеніп тап­сы­рылған аумақтарда байланыс желілерін салу үшін сервитуттар өкілеттіктерін, сондай-ақ байланыс пен интернетті жақсарту үшін базалық стансаларды, оп­тикалық кабельдерді және осы се­кілді басқа да инфрақұрылымды орнату үшін жер учаскелерін іздеу құзыреттерін беруді ұсынды. Бұл жергілікті жерлерде туындайтын мәселелерді неғұрлым жедел шешуге әрі әкімдіктерге мүдделі тараптардың іс-әрекеттеріне ықпал етуге мүмкіндік береді.

Жиында өнеркәсіптік кәсіп­орын­дарды цифрландыру үшін барлық мүдделі тарапты, әсіресе осы бағытта жұмыс істейтін жеке секторды тұтас шоғырландыру қажет деген ортақ пікір айтылды. Өйткені саланың кейбір бағы­тын заманауи тұрғыдан нақты цифр­ландыру дамудың жаңа дең­гейіне жол ашпақ.

– «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­­лер палатасы жанынан Ұлытау облысы үшін қанатқақты жоба әзірленіп жатыр. Онда өңірге қажетті ең тартымды цифрлық жобалар іріктелетін болады. Пилоттық жобаға қатысу үшін өнеркәсіп кәсіпорындары операторлармен бірлесіп алдымен өздерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орта және шағын бизнеске көмектесе алады. Ол үшін жергілікті жерлерде қажет­ті цифрлық шешімдерді жасау­ға көмектесетін бірқатар аксе­ле­рациялық бағдарлама бар. Сонымен қатар аймақтың цифр­лық жобаларын ESG (environ­mental – қоршаған орта, social – әлеуметтік жауапкершілік, governance – корпоративтік басқа­ру) тұжырымдамасымен байла­ныстыру керек. Бұл тұтас менед­ж­ментті цифрландыруға мүмкін­дік береді әрі экология мен адам­дарға қамқорлық жасауға көңіл бөлі­неді, – дейді «Techgarden» ин­нова­циялық технологиялар паркі» дер­бес кластерлік қоры бас дирек­торы­ның кеңесшісі Асқар Сембин.