Қазақстан 2026 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі негізгі капиталға салынған инвестиция үлесін 25,1 пайызға немесе 34,6 трлн теңгеге жеткізуге ниетті. Қазір елімізге еңбек өнімділігі мен экспортқа бағдарланған инвестициялар үшін тиісті орта құру маңызды болып тұр. Сондай-ақ ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) қағидаттарын біртіндеп енгізу де жоспарда бар. «Egemen Qazaqstan» сауалдарына жауап берген Ұлттық экономика министрлігі инвестициялық саясатты дамытудың үш негізгі бағытын атап көрсетті.
Бірінші бағыт – ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталған инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту. Екіншісі – нарықтарға қолжетімділікті жақсарту және компаниялардың қалыптасуы үшін тұрақты және ауыртпалық салынбайтын жағдайлар жасауды көздейтін жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу. Үшінші – трансшекаралық инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп кооперациясын дамыту және өзге де жаңа жобаларды іздестіру мен іске асыруды көздейтін экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу.
«Осылайша, тұжырымдама жаңа инвестициялық циклді қалыптастыруға және жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, сапалы инвестициялар тартуға бағытталған жүйелі іс-шаралар іске асырылады. 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 8 ай ішінде 8,2 трлн теңге (2022 жылға арналған нысаналы индикатордың 51 пайызы (16 трлн тг) болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға артық (НКИ – 105,7 пайыз). Негізгі капиталға салынған инвестициялардың ұлғаюы республиканың 15 өңірінде байқалды. Ең жоғары өсім – Шымкент (31,1 пайыз) және Алматы (23,4 пайыз) қалаларында», делінген министрлік жауабында.
Ал Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Абай, Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялар азайды. «Ұлттық экономика министрлігі еліміздің инвестициялық климатының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестицияларды қорғау және оларды қолдау құралдарын жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте, инвестициялар тарту жөніндегі қазақстандық заңнама инвесторлардың (шетелдік те, ішкі де) теңдігіне бағытталған», дейді ведомство өкілдері.
Ал инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қандай қолдау шаралары көрсетіледі? Нақтырақ айтқанда, инвестициялық жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарт жасасу шеңберінде импортқа кеден баждары мен қосымша құн салығын салудан (ҚҚС) босату; инвестициялар көлемінің 30 пайызынан аспайтын мөлшердегі заттай гранттар беру; инвестициялар көлемі кемінде 2 млн еселенген АЕК болатын жаңа өндірістер құрылған жағдайда корпоративті табыс салығынан (КТС) және жер салығынан 10 жылға босату, мүлік салығынан 8 жылға босату; инвестициялар көлемі кемінде 5 млн еселік АЕК болатын жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңарту жағдайында корпоративті табыс салығынан 3 жылға босату қарастырылады.
Ал арнайы инвестициялық келісімшарт жасасу шеңберінде технологиялық жабдықтың, жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектердің импорты кезінде 5 жыл мерзімге кедендік баж алынып тасталып, арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
«Экономиканың басым салаларында ірі инвесторлармен инвестициялар туралы келісімдер жасасу шеңберінде (кемінде 7,5 млн АЕК (50 млн доллар) инвестициялар көлемінің 30 пайызынан аспайтын мөлшердегі заттай гранттар; технологиялық жабдықтың, жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектердің импорты кезінде кедендік баждардан босату көзделеді», делінген министрлік хабарламасында.
Ал егер инвестиция көлемі 15 млн АЕК (100 млн доллар) көлемінде жүзеге асырылса, онда жеңілдікті салық кезеңі аяқталған соң (жобаны іске асырудың 11 жылынан бастап) туындайтын салық міндеттемелеріне (КТС, жер салығы, мүлік салығы) қарсы есепке жатқызу жолымен күрделі шығындардың 20 пайызын өтеу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ жоспарлы мерзім аяқталғанға дейін АЭА шеңберінде преференциялардың қолданылуын ұзарту мүмкіндігі де қарастырылады. Аталған преференцияларға – КТС, жерге салынатын салық, мүлікке салынатын салық, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем 0 пайыз болады және дайын өнім құрамында тауарлар импорты кезінде кедендік баждар мен ҚҚС-тан 15 жылға дейін босату кіреді.
Бұл ретте ескере кетер жайт – жоба жүзеге асырылу кезінде Қазақстан заңнамасы өзгеріп кетсе, соған қарамастан келісім ережелерін пайдалану ол жасалған күннен бастап 25 жыл бойы күшінде тұрады. Сондай-ақ инвесторларға ұсынылатын тағы бір жеңілдік – салық төлеу мерзімін өзгерту құқығы.
«Салық кодексінде инвесторлар үшін алдағы кезеңдердің салықтарын төлеу мерзімін өзгертетін инвестициялық салықтық кредит алу құқығы көзделген. Бұл ретте салық төлеушілерге 3 жыл ішінде кредит сомасын кейіннен кезең-кезеңімен төлей отырып, КТС және мүлік салығы бойынша өз төлемдерін 100 пайызға азайтуға мүмкіндік беріледі (Салық кодексінің 49-1-бабы)», деді министрлік өкілі.
Инвестицияларды тарту көздерінің бірі мемлекет-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі екені белгілі. Бұл тетік аясында да инвесторларды қолдау мақсатында мемлекет мынадай қолдау шараларын ұсынады.
«Инфрақұрылымдық облигацияларға мемлекет кепілгерлігі болады және МЖӘ жобаларын қаржыландыруға тартылатын қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер ұсынылады. Сонымен бірге мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды беру, заңнамаға сәйкес заттай гранттар беру, МЖӘ жобаларын бірлесіп қаржыландыру қарастырылып отыр. Сондай-ақ МЖӘ жобасын іске асыру барысында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекеттің тұтыну кепілдіктері де бар», деп жауап берді ведомство өкілдері.
Инвестордың шеттен келетіні белгілі. Қазіргі геосаяси ахуалдың ушығуы инвестиция мәселесінде бізді аздап тығырыққа тірейтіні де жасырын емес. Министрліктің хабарлауынша, геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты Үкімет тұрақты негізде экономикалық жағдайға талдау және мониторинг жүргізіп отыр.
«Осылайша, 2022 жылға арналған макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде негізгі экспорттық тауарлардың бағасы, олар бойынша халықаралық талдау және қаржы ұйымдарының болжамдары сияқты сыртқы параметрлердің өзгеруі назарға алынды. Бұл ретте болжамдар бағаның көтерілуі, логистикалық және өндірістік тізбектердің үзілуі немесе бұзылуы тәуекелдерін, сондай-ақ көліктік үстеме бағалардың артуын және жалпы инфляциялық жағдайды ескереді. Сондай-ақ әлемдік экономика мен негізгі сауда серіктестерінің өсу болжамдары ескерілді. Жалпы, Үкімет ықтимал дағдарыстық құбылыстарды еңсеру үшін барлық қажетті құралдар мен ресурстарға ие», делінген ресми жауапта.