Ел студенттерінің бастамасы – EcoStudentKZ челленджі Алматыда жалғасып, «Қоқыссыз таза табиғат» жалпыұлттық акциясы аясында қоршаған ортаны тазарту бойынша экологиялық сенбілікке 2 мыңнан астам адам қатысты.
Акцияға қоғамдық ұйымдардың өкілдері, азаматтық белсенділер мен еріктілер қосылды. Өз кезегінде алматылық студенттер EcoStudentKZ республикалық жобасына қолдау білдірді.
Сенбіліктің алдында қаланың Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жастарды таулы жерлердегі қауіпсіздік шараларымен таныстырып, ережелер бойынша нұсқаулық өткізді.
Белсенділер қаладағы ең танымал туристік орындарды – Көкжайлау үстіртін, Бұтақты, Казачка, Кімасар және Проходное шатқалдарын тазалау жұмыстарын жүргізді. Биылғы тоғыз айда Іле Алатау ұлттық паркіне 630 мыңға жуық адам келген. Сенбілікке қатысушылар 35 тоннадай қоқыс жинап, Медеу ауданында 250 алма ағашын отырғызды.
Қалалық жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Азиз Қажденбек осындай жақсы бастаманың жалғасы болу керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаға қамқорлық бір ғана акция аясында шектелмеуге тиіс, тазалық, экология мәселелері қаланың әрбір тұрғынының және туристердің үнемі қаперінде болуы шарт. «Себебі тазалық өз өлкесіне деген қамқорлық та адамның өзінен басталады», дейді қор басшысы.
Экологиялық сенбілік табиғатқа қамқорлық танытып жүрген жастарды біріктіруге, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне назар аударуға арналған.
АЛМАТЫ