Астанаға айрықша назар
Кеше Тәуелсіздік сарайында VII Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Биыл форумға 15 мыңнан астам делегат қатысып отыр. Олардың ішінде, әлемнің жүзден астам мемлекетінен 130-дан астам салалық министрлер қатысуда. Форумды негізгі ұйымдастырушылардың бірі – «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының президенті Мұрат Кәрімсақовтың айтуынша, форум бағдарламасы жүзден астам тең ұйымдастырушылардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың, ұлттық компаниялардың, ғылыми-зерттеу институттарының, 9 Нобель сыйлығы лауреаттарының қатысуымен өткізілетін болады. Олардың ішінде Нобель сыйлығының жаңа лауреаттары Курт Вьютрих, Арье Варшель, Святослав Тимашев бар. Қазақстанда экономикаға жаңа инвестициялар тартуда тың қадамдар ойластырылуда. Бұл туралы VII Астана экономикалық форумы (АЭФ) шеңберінде өтіп жатқан V «Astana Invest-2014» Халықаралық инвестициялық форумында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, еліміз алға қойып отырған асқаралы меже – «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын іс жүзіне асыру үшін шетел инвестициясын тарту қажет. Шетел инвестициясын тартуда еліміз бұрын да қомақты нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, тек соңғы бес жыл ішінде Қазақстан экономикасына 160 миллиард доллар инвестиция тартылды. «Инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау мақсатындағы біздің атқарған жұмысымызға Бүкіләлемдік банк тарапынан жоғары баға берілді. Бәсекеге қабілеттілік бойынша әлемдік дәрежеде біз инвестицияны қорғау жөнінде үздік орындарды иеленіп келеміз. Соңғы айларда Үкімет инвестиция тарту бойынша кешенді бағдарлама белгіледі. Жақын арада заң жобасы Парламентке ұсынылатын болады», деді өз сөзінде Кәрім Мәсімов. Осы орайда Үкімет басшысы біздің еліміздің дамуында Астана қаласының өркендеуі ерекше орын алатындығын атап өтті. Қазірдің өзінде елорда өмір сүрудің жоғары стандарттарын ұсынып отырған, зор қарқынмен дамушы мегаполистердің бірінен саналады. Сондай-ақ, Премьер-Министр елорда халықаралық университеттердің, зерттеу орталықтарының, медицина мекемелерінің басын біріктіріп отырған үлкен рухани орталық екендігін де тілге тиек етті. «Болашақта қала ЭКСПО-2017 көрмесін қабылдайтын болады. Бұл әлемдік инвесторларды, технологияларды, инновацияларды, саяси қайраткерлерді тартатын халықаралық ауқымды шара болмақ. Мен осы мәселелермен жан-жақты танысуға шақырамын», деді Премьер-Министр. «Astana Invest-2014» – әлем елдерінің сан саладағы маңдайалды мамандарының басын қосатын әмбебап жиын. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл форумның еліміз бен елордамыздың дамуына қосатын үлесі зор, деп бастады Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов V Халықаралық инвестициялық форумда сөйлеген сөзін. Бүгінде Астана қай салада болмасын серпінді қарқынмен дамып келеді. Елорданың ендігі басты міндеті – қаланы осынау даму үрдісінен жаңылдырмай ілгері оздырып, әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу. Қазақстанның елордасы Астана – алып мегаполис болуды мақсат етіп, жеделдетілген қарқынмен алға басқан қазіргі заманғы қала. 2000 жылдан бастап Астана қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) бір адамға есептегенде 26,8 мың долларды құрады. Бұл Еуропалық одақтың кейбір ең дамыған елдерінің деңгейі. 2013 жылғы ЖӨӨ 2,7 млн. теңгені құрады, республикалық көлемде қаланың ЖӨӨ-нің үлесі 9,4% құрады. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес көлемі Астананың жалпы өңірлік өнімінде 60% құрады. Негізгі капиталға инвестициялар 2014 жылдың бірінші тоқсанында жай-күй бойынша 70 млрд. теңгені құрап, 2013 жылдың ұқсас мерзімінен 8,2%-ға жоғары болып отыр. Қала басшысының айтуынша, Астананың іргетасы қалана бастаған 16 жылдан бергі уақыт ішінде елорданы дамытуға 4 триллион 780 миллиард теңге немесе 30 миллиард доллар тікелей инвестициялар салынған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының нәтижесінде қаланың дамуына инвестиция тарту ең бірінші басымдық берілген мәселеге айналды. Бұл елорданың қарқынды дамуына негіз қалады. Осы уақыт ішінде қалаға тартылған инвестиция көлемі 28 есе өскен. 16 жылдың ішінде елордада 12 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілген. «Қала экономикасына тартылған осы мол инвестиция индустриялық дамудың жоғары қарқынын сақтауға мүмкіндік берді. Қаламызда әлемге танымал өнім шығаратын өндіріс орындары ашылды. Өткен жылы олардың жалпы өндіріс көлемі 0,5 миллиард долларды құрады», деді Иманғали Тасмағамбетов. Қала әкімі V «Astana Invest-2014» Халықаралық инвестициялық форумы шеңберінде елорда экономикасына жалпы көлемі 500 миллион долларды құрайтын инвестиция тарту мақсатында 11 меморандумға қол қою көзделініп отырғандығын атап көрсетті. «Astana Invest-2014» форумының отырысында Иордания Корольдігінің астанасы Амман қаласының мэрі Акел Бельтаджи сөз алды. Ол өз сөзінде күні кеше Астана қаласында Король Хусейн бен Талал атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысқандығын зор ілтипатпен атап өтті. Оның айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Амманда және Король Хусейннің құрметіне Астанада көшелердің ашылуы өзара түсіністік пен әріптестік рухында дамып келе жатқан екі елдің достық қатынастарының нығая түскендігінің көрінісі. Сондай-ақ ол Астана қаласының зор қарқынмен дамып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайын айта келіп, бұл қаланың инвестиция салуға қолайлылығын да атап өтті. V Халықаралық инвестициялық форум отырысында Канаданың Ватерлоо қаласының мэрі Бренда Халлоран сөз сөйледі. Ол өз сөзінде екі қаланың арасында соңғы кезде тығыз қарым-қатынас орнағанын айта келіп, Астана қаласының инвестициялық зор әлеуетін ерекше атап көрсетті. VII Астана экономикалық форумы шеңберінде «ЭКСПО-ның индустриялық-инновациялық даму мен «жасыл экономикаға» қосар үлесі» атты сессия болып өтті. Бұл сессияны ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығының жетекшісі Наталия Зарудная жүргізіп, кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде 2017 жылы Астана қаласында өткізілгелі отырған ЭКСПО көрмесінің маңыздылығына оның ішінде «Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбының мәні мен маңызына жан-жақты тоқталды. «Болашақтың энергиясы» атты маңызды тақырыпты күн тәртібіне шығара отырып, Қазақстан адамзат алдында тұрған жаһандық қатерлердің алын алу мақсатында игі бастамаларға мұрындық болып отырғандығын тілге тиек етті. Сессияда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрме қалашығының құрылыс алаңына капсула салып, болашақ құрылыс жұмыстарының тұсауын кескендігін тілге тиек етті. ЭКСПО қалашығы болашақта елорданың ерекше сәулетті аудандарының бірі болмақ. Үстіміздегі жылдың маусым айында Халықаралық көрмелер бюросының 155-ші Бас Ассамблеясында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми тіркелуі өткізіледі. Талғат Ермегияевтың айтуынша, осы шара барысында Қазақстанға Халықаралық көрмелер бюросының арнайы туы табыс етілмек. Содан кейін біздің еліміз тікелей ақпараттық-насихаттық жұмыстарды бастап, Халықаралық көрмелер бюросына мүше мемлекеттерге шақыру жібере бастайды. Қазақстан «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көрмесін өткізуге ерекше басымдық беріп отыр. Бұл ұлттық ауқымда басымдық берілген шараға айналды. Барша қазақстандықтар еліміздің ертеңгі дамуына ерекше серпін беретін бұл халықаралық маңызды шараның табысты өтуіне мүдделі. Талғат Ермегияев бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу мақсатындағы әзірлік жұмыстарының барынша қарқын алып отырғандығын атап көрсетті. «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көрмесінің мәселесіне арналған 1 сессияда Халықаралық көрмелер бюросы бас хатшысының коммуникациялық мәселелер бойынша кеңесшісі Иван Простаков, физика бойынша 2006 жылғы нобель сыйлығының лауреаты Джордж Фицджеральд Смут, үшінші БҰҰ-ның «Баршаға бірдей тұрақты энергетика» бастамасы үшін қорының арнаулы кеңесшісі Серж Мартин сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге байланысты түйінді пікірлерін ортаға салды.«Жасыл экономика» – ел болашағы
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өз жұмысын бастаған Астана экономикалық форумының алғашқы күнінің өзінде сантүрлі тақырыптарды қамтыған көптеген шаралар болып өтті. Соның маңыздыларының бірі «ЖАСЫЛ SMART» бизнес форумы болды. Қазақстан Мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында табиғи байлықтар мен қуат көздерін үнемдеу, оларды тиімді пайдалану мақсатын алға қойғандығы белгілі. Стратегияда соған сәйкес электр энергетикасы саласындағы баламалы және жаңғыртылатын электр қуатының үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу, 2008 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2015 жылға таман ІЖӨ-нің энергияны қажетсінуін 10 пайызға, ал 2020 жылға қарай 25 пайызға дейін азайту, 2020 жылға таман халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін, ал 2040 жылға таман ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету проблемасын толық шешу, 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығы алқаптары өнімділігін 1,5 есе арттыру міндеттері белгіленген. Еліміздің Қоршаған орта және су ресурстар министрлігі Елбасы қойып отырған осы талаптарды жүзеге асыру мақсатында шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын әзірледі. Сөйтіп, Қазақстанды жасыл экономикаға көшіру міндеті алға қойылды. Аталған бизнес форумында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров жиналғандарды осы тұжырымдаманың мән-жайымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, бұл тұжырымдама негізінен алғанда алты түрлі қағидаға негізделген. Ол қағидалар ресурстардың өнімділігін арттыру; ресурстарды пайдалану үшін жауапкершілік арқалау; экономиканы неғұрлым тиімді технологияларды пайдалана отырып жаңғырту; ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі іс-шаралардың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету; бірінші кезекте рентабельді іс-шараларды іске асыру; бизнеспен халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және оны үйрету секілді мәселелерін қамтиды. Әрине, «жасыл экономикаға» өтудің сан түрлі жолдары мен әдіс-тәсілдері бар. Соның ішінде қазіргі күні бүкіл адамзатты толғандырып отырған жаһандық проблемалардың алға шығатындығы белгілі. «Жасыл экономикаға» көшу бағытындағы мұндай басты проблемалардың бірі ретінде парниктік газдар шығаруды азайту мәселесін айтуға болады. Аталған проблеманың адамзатты толғандыруына қазіргі әртүрлі табиғи құбылыстардың белең алуы, соның ішінде климат жылуының жаһандық деңгейде етек алуы себеп болуда. Әлемнің көптеген ғалымдары ауа райының жылынуына әсер етіп отырған басты құбылыс ретінде адамзаттың табиғатқа жасайтын техногендік қызметін, соның ішінде зиянды қалдықтардың, әсіресе парниктік газдардың ауаға таратылуын атап көрсетуде. Иә, соңғы жылдары әлемнің әр түкпірінде түрлі табиғи апаттар белең алып тұр. Су тасқыны бұрын болмаған жағдайда күшіне енсе, енді бір жерлерде қатты ыстық салдарынан орман өрттері өршіп барады. Міне, осындай күрделі проблемалардың орын алуына ауаға тарайтын парниктік газдардың тигізетін ықпалы зор екен. Әлемдік қоғамдастық таныған ғаламдық климаттық өзгерістерді болдырмаудың пәрменді тетіктерінің бірі – Киото хаттамасы болып табылады. Бұл хаттамада парниктік газдар шығарындыларына квота саудасы аса танымал болып отыр. Бүгінде көміртекті реттеудің осы нарықтық тетігін көптеген елдер, әсіресе, Климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенциясына қатысушы елдер «жасыл» технологияларды инвестициялау мен «жасыл» стратегияларды іске асырудың балама көзі ретінде кеңінен пайдалануда. Бұл квота саудасы жүйесі негізінен Еуропалық одақтың, Жаңа Зеландия мен Австралияның бүкіл кеңістігінде, сондай-ақ АҚШ, Канада, Жапония мен Қытайдың жекелеген өңірлерінде жүзеге асырылуда. Ал ТМД елдері бойынша алғанда Ресей, Украина мен Беларусьте ұлттық жүйелердің қалыптасуымен жұмыс істеуі үшін нормативтік-құқықтық негіздер жасалған. Отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындыларының квота саудасына қатысуда үлкен әлеуеті бар. Өйткені біздің елімізде «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама шеңберінде шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 2020 жылға таман 15 пайызға, ал 2050 жылға таман 25 пайызға қысқарту мақсаты алға қойылып отыр. Нұрлан Қаппаров өзінің сөзінде осыған сәйкес Қазақстанда Шығарындылар саудасының жүйесі жөніндегі тұжырымдамалық құжаттың әзірленгендігін айтып, осы жөнінде біраз әңгіме қозғай кетті. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін және еліміздің халықаралық көмірсутегі нарығына шығуы үшін елімізде қажетті инфрақұрылымдарды қалыптастыру, кадрмен қамтамасыз ету жүйесін құру, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарды Шығарындылар саудасының жүйесіне қатысудың пайдалы жақтарымен таныстыруды көздейтін институтционалдық өзгерістердің бірқатарын жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті. Форумда мұнан кейін сөз кезегін алған Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің басшысы Аурелиа Бушез ханым әдетте жаңа инновациялық технологияларды әзірлеу мен енгізуге шағын бизнестің бейім келетіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі күнде Еуропада шағын бизнестің рөлі барған сайын артып келеді. Экономикадағы өсім мен халықты жұмыспен қамту мәселесі нақ осы шағын бизнес арқылы шешім табуда. Әрбір үш жұмыс орнының екеуі шағын бизнес саласында жұмыс істеуде. Осыған орай Аурелиа Бушез жасыл технологияларды енгізудегі жеке бір шағын фирманың жұмыс тиімділігіне тоқтала кетті. Бұл фирма 200 миллион еуро тұратын парниктік газдарды шектеу жобасын жүзеге асырған. Осы жобаны жүзеге асыру барысында салынған 1 еуро 10 еуроға дейін тиімділік әкелген. Оның үстіне 9 адам жаңа жұмыспен қамтылған. Мейман міне, нақ осындай жобаны Қазақстанда жүзеге асыра алатындығын атап көрсетті. «Қазақстан 2050 жылы жасыл экономикаға толық көшуді мақсат етіп отыр. Сіздердің бұл ниеттеріңізді біз толық қолдаймыз. Әрине, жолдың басында ғана тұрсыздар. Бірақ осы іспен белсене шұғылданған сайын оның тиімділігін көріп, сезіне түсетін боласыздар. Себебі, «жасыл экономика» дегеніміз ол тек табиғатқа ғана пайдалы емес, сонымен қатар өзінің үнемдеушілік, тиімділік қасиетімен адамдар тұрмысы мен өміріне де көптеген жағымды әсерін тигізетін болады», деді А.Бушез. UNEP өңірлік аға кеңесшісі Нара Лувсан сөзінің басында өзі жұмыс істейтін аталған қоғамдастық басшысының сәлемін жеткізе кетті. Сонан кейін осыдан екі жыл бұрын «Үлкен жиырмалық» елдерінің жасыл экономикаға өту жөнінде шешім қабылдағандықтарына тоқталды. «Әлемдегі дамыған қуатты елдердің мұндай шешімге келуі бекерден-бекер емес. Өйткені, соңғы елу жылдың ішінде су пайдалану деңгейі үш есе, ал тасқын қаупі 230 пайыз өсті. Осыған байланысты «жасыл экономиканы» қалай құру мәселесі әлемнің көптеген елдерінде талқылану үстінде. Бұл мәселеде жаһандық жүйелердің қатарындағы біздің ұйымымыз барынша белсенді сипат ұстап отыр. Сондықтан біз Қазақстанда өтіп жатқан бүгінгі форуммен қатар осы елдің «жасыл экономикаға» көшу ісіне берік байлам жасағандығын қуанышпен қолдаймыз», деді ол. Форумда сөз алған Нобель сыйлығының лауреаты, Ресей Федерациясы ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Святослав Тимашев өз сөзін форумды ұйымдастырушыларға алғыс айтудан бастады. Сонан кейін қазіргі жаһандық экологиялық қатерлерге тоқталып өтті. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі адамзат қауымы осы оқиғалардың апарып соқтырар салдарлары туралы нақты болжам мен түсінікке толық ие бола алмай отыр. Оқиғалардың барысы мен сипаты түсініксіз болып қалуда. Себебі, бұл жөніндегі ақпараттар әлі де болса аздық етуде. Сондықтан экологиялық қатерлер мен проблемалардың мәнісін қазіргі ұрпақ бір бөлек, келесі ұрпақ бір бөлек түсінуі мен бағалауы мүмкін. Мәселен, кейбір ғылыми тұжырымдар бойынша алғанда планетаның көптеген жерлерін су басу қаупі айқын байқалып отыр. Міне, осының салдарынан әлемдік ішкі жалпы өнім 33 пайызға дейін төмендейтін болады деген қатерлі болжамдар бар. Ал қазіргі күні әлемде орын алып жатқан жаһандық қатерлер ұлттық экономикаларға қарама-қайшылықты жағдайларда әсер етіп отырғандығы сезіледі. Осы жағдайға байланысты ғалым табиғат қатерлерінің алдын алу мен еңсеру үшін әлемге ортақ жаңа бір тұжырымдаманың қажеттігі арта түскендігін атап көрсетті. Міне, сол үшін де қазіргі уақытта осы мәселеге байланысты ұлттық стратегияларды әзірлеудің белсенді сипатқа ие болғаны жөн екендігін айтты. Осы бизнес-форумда сөз алған Орталық Азиядағы ЮСАИД миссиясының экономикалық даму бөлімінің директоры Майкл Трублад, ЕҚҚДБ климатының өзгеруі мен энерготиімділігі мәселелері бойынша бас менеджері Найджел Джолландс, Ғаламдық жасыл өсім институтының солтүстік-шығыс және Орталық Азия бойынша жасыл өсімді жоспарлау мен іске асыру директоры Дженнифер Батц және басқа да қонақтар Қазақстанда дәстүрлі сипатқа ие болған Астана экономикалық форумының жұмысының, соның ішінде осы өтіп отырған «Жасыл көпір» бизнес-форумының тиімділігіне тоқтала келе осы істердің бастауында тұрған Қазақстан басшылығына алғыстарын жеткізді.
Дағдарыспен бірігіп күресу қажет
VII Астана экономикалық форумы аясында II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясы да өз жұмысын бастады. Үш күнге созылатын бүл шараның қамтитын тақырып ауқымы кең. Атап айтсақ, Бреттон-Вудс келісімінің 70 жылдығы қарсаңында жаһандық қаржылық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру, соңғы жиырма жыл ішіндегі қаржылық дағдарыстың қайталамалылығын еңсеру болып отыр. Негізгі мақсат БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасын қабылдау болып табылады. Конференция жұмысына Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Бреттон-Вудс келісімін жаңарту комитетінің атқарушы директоры Марк Узан, Жапония Экономикалық зерттеулер орталығының президенті Казумаса Ивата, Йель университетінің жаһандық мәселелер бойынша жоғары ғылыми қызметкері Доминго Кавалло, Ливан Республикасының 2005-2009 жылдары арасында үкімет басшысы болған Фуад Синиора, Халықаралық валюта қоры атқарушы директоры Даниель Хеллер, еліміздің Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Акишев және басқалар қатысты. Алдымен сөз алған Бақыт Сұлтанов өз сөзінде жаһандық реформалардың дәуірі туғандығын жеткізді. Еуропадағы қарыздық дағдарыс мәселесінің дүдәмал күйінің созылуына, БРИКС елдері экономикасының жедел даму екпінінің қайтуы мен сұраныс пен өндірістің құлдырауы, сондай-ақ шикізат ресурстарына деген баға алшақтығы жағдайына тәуелді болып тұрған халықаралық экономика әлі сол өзгеріссіз қалпында тұр. Оның үстіне, жалпы көлемдегі басым жұмыссыздық көрсеткіші экономикалық өсімді ұстап тұрған негізгі факторлардың бірі болып отыр. Осы үдерістердің барлығы «ыстық» нүктелерде, тіпті кеше ғана әлеуметтік тұрақтылықтың жұмағы болған елдердің өзінде түрлі әлеуметтік жанжалдарға себеп болып, қабаттаса жүруде. Дәл қазір біз жолайрықта тұрмыз. Оған ағымдағы өзіміз көріп жүрген макроэкономикалық үдерістер дәлел бола алады. Бір нәрсе айқын, жаңа парадигма ғасырын бастан өткерудеміз, экономикалық өсудің полюстері мен формалары өзгеруде. Әлемдік сарапшылар қауымдастықтарында жаһандық кездесулердің уақыты жеткендігі жиі ауызға алынып жүр. Сонымен қатар, бүкіләлемдік валюта жүйесін талқылауға және қаржылық экономикалық дағдарыстың алдын алу мақсатында бірігіп жұмыс атқарудың кезеңі туды деп есептейтіндер бар. Сондықтан жаһандық басқарудың қалыптасқан ережелері мен принциптерін түбірімен қайта зерделеу қажет, деді ол. Жалпы, Қаржы министрінің сөз төркіні ғаламдық экономикалық өзгерістерге қарсы тұру үшін ел болып бөлшектенбей, тұтас қауым боп бірігіп ортақ шешімдер табу қажет екендігіне назар аудару керектігі тұрғысында өрбіді. «Сондықтан, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылдың желтоқсанында құрылып, Санкт-Петербургте «G20» саммитінде ұсынылған «G-Global» форматы кең көлемді үнқатысу негізі бола алатынына кәміл сенімдіміз. Форматта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тең дәрежеде өзара әріптес бола алады. Ал бүгінгі күні «G-Global» халықаралық қауымдастықты біріктіретін, заманауи қатерлерге тойтарыс бере алатын, жаңа ұсыныстар жасап шығара алатын көп қырлы үнқатысу алаңына айналды. Бұл формат өміршеңдігін дәлелдеп, ғаламтор арқылы жүзеге асуда. «G-Global»-дың ең бастапқы мақсаты бүкіләлемік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырмдамасын жасақтап, халықарылық дағдарысқа қарсы конференцияда мақұлдату болып табылады. Бүгінгі кездесуіміз Бреттон-Вудс келісіміне 70 жыл толуы қарсаңында өткізілетін халықаралық дағдарысқа қарсы жобаның қорытынды бөлімі болып есептеледі», деді ол. 2007 жылдан бастап әлемдік экономика ғаламдық тоқырауды еңсере алмай келеді, дағдарысқа дейінгі өсімге қол жеткізу де мүмкін болмай тұр. Әлемнің өте жылдам өзгеріп жатқандығы соншалықты, ғаламдық тоқыраудың созылып кету қаупі жоғары деңгейде тұр. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, 2007-2009 жылғы қаржылық дағдарыстың тереңдей түсуі, деп түйді сөзін Б.Сұлтанов. Бұдан соң сөз алған Марк Узан бастан кешірген дағдарыстардан сабақ ала алмадық. Әйтпесе, анықтап қарасақ дағдарыс пен тұралаудан айналып өтер анық жолдар байқай алар едік, деп атап өтті. Қазіргі өтіп жатқан жиын дағдарыстар тоқтады ма, болмаса әлі жалғасып келе ме деген сауал қояр жиын болып отыр. Осы орайда, «G-Global»-дағы әріптестерімді халықаралық қатерлерді нақты қоя білгендігі, анықтай алғандықтары үшін ерекше атап өткім келеді, деді ол. Экономикалық қатерлерді бірінен-бірі тізбектей өткен ол, тіпті батыстың экономикалық тоқырауда тұрғандығы мүмкні екендігін жеткізді. Қаржылық дағдарыстың өтеуі үлкен екендігін алға тарта отырып, оның алдын-ала анықталып, қолдан жасалатын көпіршіктерді дер кезінде жойып отыруға күш салу қажеттігін айтты. Осыдан соң, Pramerica Investment Management басқарушы директоры Усмен Жак Менденг сессия тізгіншісі ретінде сөз алды. «Біздің есептеуімізше, ұзаққа созылған тоқырау тек дамыған елдерде ғана орын алмақ, ал бұл сәйкесінше, дамушы елдерге басымдық береді. Жаңа өзгерістер рыногындағы түсінігімізді осы төңіректе қайта қарастыруымыз керек. Бұл дамыған елдерге жағымсыз жаңалық болса, дамушы елдерге жақсы жаңалық болуы мүмкін бе деген сұрақтар туындайды. Жалпы, тоқырау туралы ой өрбітсек, дей келе тоқыраудың іс жүзінде қалай екендігін жете білетін Жапония экономикалық зерттеулер орталығының президенті Казумаса Иватаға сөз берді. Ол жалпы Жапониядағы экономикалық жағдайға тоқталды. Бұдан соң Аргентина Орталық банкінің президенті, Экономика министрі болған, қазір Йель университетінің жаһандық мәселелер жөніндегі жоғары ғылыми қызметкері Доминго Кавалло 90 жылдары Аргентинаның гиперинфляцияны бастан кешіп, жеңе отырып, кейін рыноктық экономиканың тұрақты дауын қамтамасыз ете алғандығын жеткізді. Соңғы жылдары Латын Америкасы бастан кешкен девальвация, дефолт және дағдарыстарды сипаттап өтті. Ал Ливан Республикасының бұрынғы Үкімет басшысы Фуад Синиора өзі қатысып отырған экономикалық шараның маңызы артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жаһандық экономика қайталама қаржы дағдарысының тұтқыны емес, керісінше, АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан бастау алып, ұзаққа созылған дағдарыс құрсауында тұр деп мәлімдеді. Сондықтан одан шығу жолдарын тезірек қарастыру қажеттігі тууда. Еуропалық одақтың дамуының баяулауы, саяси тәуекелдің өсуі экономика өсуін тоқтатып тұрған факторлардың бірі болуы да ғажап емес, сонымен қатар Латын Америкасы елдері де даму екпінін АҚШ-тың монетарлық саясаты негізінде баяулатты. Ал Африка аздап экономикалық өсім көрсеткенімен, тұтыну белсенділігі әлеуетінің аздығы сезіледі. Бұл көңілді көрініс емес екені белгілі. Осы орайда әлемнің игілікті дамуы үшін мықты даму әлеуеті бар тағы бір аймақты атар едім – бұл Таяу Шығыс аймағы», деп атап өтті ол. Мұнда демографиялық өсім жағынан да, мұнай қоры жөнінде де аса үлкен әлеует бар, тұтыну жағы да артып келеді. Халықтың саны өсуіне орай инфрақұрылымды дамыту да өзекті болып отыр. Сондықтан бізді қолдауға шақырамыз, деді Ф.Синиора. Жалпы, бұл сессиядағы үнқатысулар түстен кейін де өз жалғасын тапты. Аталмыш сұхбаттар тақырыбы да өсуді қалпына келтірудің кешенді стратегияларына арналды. Қызықты пікір алмасулар мен қызу талқылаулар жүрді. VII Астана экономикалық форумының аясында «Антиконтрафакт» халықаралық форумы да өз жұмысын бастады. Бұл екінші рет өткізіліп отырған форум. Аты айтып тұрғандай, контрафактілі өніммен күрес, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау және таурлар мен көрсетілетін қызметтердің өркениетті нарығын қалыптастыру саласында билік, бизнес, ғылым өкілдерінің сұхбат құру алаңына айналды. Бес сессияға бөлінген форум жұмысы да ауқымды. Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде зияткерлік меншік құқын сақтау және қорғау жөніндегі заңнамаларды үйлестіру мәселелері және басқа да тақырыптар талқыланды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».