• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қазан, 2022

Цифрлық әлеует

314 рет
көрсетілді

Халықаралық менеджмент дамуы институтындағы әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы (Лозанна, Швей­цария) 2022 жылдың цифрлық бәсеке рейтингін жария етті. IMD Digital Competitiveness Ranking цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингі – елдердегі мемлекеттік саясаттың, бизнес үлгілерінің және тұтастай қоғамның трансформация­сына әсер ететін цифрлық технологияларды қаншалықты меңгеріп, игеріп жатқанын бағалайтын зерттеудің нәтижесі.

Рейтинг үш фактордан құ­ралады. Оның біріншісі – «Бі­лім». Бұл технологияларды зерт­теу және ашу үшін қажет­ті материалдық емес инфра­құрылымды көрсетеді. Екіншісі – «Технология». Цифрлық тех­нологиялардың даму дең­гейін санмен бағалайды. Үшін­шісі – «Келешекке даяр­лық». Бұл экономиканың цифрлық транс­формацияға дайындық деңгейіне баға береді.

«Әр фактор 3 субфактор және 54 көрсеткіштен тұрады. 2022 жылдың рейтингіне екі жа­ңа көрсеткіш қосылды – «Үкі­­­меттің киберқауіпсіздік са­­ла­­сындағы әлеуеті» және «Заң бойынша құпиялылықты қор­ғау». Осы жолғы зерттеуде 63 елге баға берілген. Әлемдік цифр­лық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің ТОП-5 қатарында Дания, АҚШ, Швеция, Син­гапур және Швейцария бар», делінген Экономикалық зерттеулер институтының хабарламасында.

Биылғы рейтинг қоры­тын­­­дысы бойынша Қазақстан 36-орын алған және осы көр­сет­кішімен Словения (37-орын), Португалия (38-орын), Италия (39-орын), Польша (46-орын) және Түркия (54-орын) сияқты елдерден озып отыр.

«Қазақстан биыл 6 саты жо­­­ғары көтеріліп «Білім» фак­торы бойынша өз позициясын жақ­­сартқан. Ең күрт жақсару «Оқыту және білім беру» субфакторында байқалды. Мұнда Қазақстан ең бәсекеге қабілетті позиция – 1-орынға ие. Бізден кейін Гонконг (2-орын) және Канада (3-орын) елдері орна­ласқан. «Технология» факторы бойынша позиция өзгеріссіз қал­ды – 40-орын. Екі субфактор бойынша позиция 1 сатыға жақ­сарды», делінеді хабарламада.

Қазақстанның позициясы «Келешекке даярлық», соның ішінде «IT-интеграция» субфакторы бойынша төмендеген. Былтырмен салыстырғанда осы субфактор бойынша еліміз 12 сатыға төмендеп, 56-орынға та­бан тіреген. Сонымен қа­тар «Мемлекеттік және жеке сек­тордағы кәсіпорын техноло­гия­лық дамуды қолдайды» және «Заң бойынша құпиялылықты қорғау» көрсеткіштері бойынша да еліміздің позициясы мәз емес. Тым төмен.

Қазақстанның Ұлттық даму жоспары бойынша 2025 жылы еліміз әлемдік цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 33-орын­­ға көтерілуге тиіс.