• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Қазан, 2022

Логистикалық дербестік

412 рет
көрсетілді

Әлбетте, Қазақстанда транзиттік әлеует мәселесі бұрыннан күн тәртібінде бар, бірақ соңғы бірнеше айда мемлекет осы бағыттағы әлеуетке айрықша көңіл аударды. Бұрын бар маршрутпен базар болып келсек, енді бағыттарды әртараптандырудың маңызды екенін түсіндік. Осы орайда біз үшін теміржол инфрақұрылымын дамыта түсу маңызды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов­тың айтуынша, елімізде логистиканы дамыту бағытында бірқатар инфрақұры­лымдық жобалар дайындалып жатыр.

«Біздің ірі жобамыз – Достық – Мойын­ты. Біз оған үлкен мән беріп отырмыз. Сондай-ақ Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі, Ақтау теңіз порты территориясында транспорттық-логистикалық хабты құру жұмыстары және Ақтау портында терминал қуаттылығын кеңейту жұмыстары атқарылуда. Мұның бәрі логистикалық тасымалды дамытуға үлкен серпін сыйлайды», деді Алмаз Ыдырысов таяуда өткен New Silk Way форумында.

Ведомство өкілінің сөзіне қарағанда, контейнерлік хаб құруға 10,4 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл жұмыс «Қуат­ты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасы аясында жүзеге аспақ. Егер жоба сәтті жүзеге асса 2025 жылға қарай контейнер тасымалы ағыны 40 мыңнан 133 мың футтық эквивалентке дейін артпақ.

Оның айтуынша, қазір мемлекет ерекше назар аударып отырған бағыт – халықаралық Транскаспий маршруты. Аталған маршрут Қытай мен Қазақстанды, Каспий теңізі акватория­сын, Әзер­байжан мен Грузияны кесіп өтіп, әрі қарай Түркия мен Еуропа ел­деріне бағыт алады. Вице-министр айтып өткен Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің де осы Транскаспий маршрутына қатысы бар екенін айта кетейік. Сонымен бірге Қытай­мен шекарада «Бақты» өткізу бекеті де жұмысын бастамақ.

PTC Holding ЖШС басқарма төраға­сы Тимур Қарабаевтың айтуынша, контей­нер­лік және мультимодальдық тасымалды дамыту елдегі транспорт саласының дамуында басты трендке айналмақ.

«Қазір бүкіл әлемде контейнерлік тасымал ең танымал, ең сенімді жеткізу түріне айналды. Халықаралық нарықтағы бұл тасымалдың үлесі 90 пайызға жетіп отыр. Қазақ­стандағы контейнерлік тасымал көлемі жыл са­йын өсіп жатыр. Мәселен, был­тыр бұл көрсеткіш 22 пайызға артты. Алайда сала дамуын тежеп тұрған фак­торлар бар. Бұл – тариф мәселесі. Қазақ­станда контейнермен бір тонна жүк тасымал­дау құны өзге елдер бағасынан 2,5-3 есе жоғары. Жақын көршілеріміздің тәжіри­бесі көрсеткендей, контейнерлік тасы­мал тиімді болатын тарифтерге негіз­дел­ген көзқарас жүк тасымалдау көлемін күрт арттыруға мүмкіндік берді. Ал бүгінде біз ин­дустрияландыру жолымен жүріп, қазақ­стандық өндірушілер мен экспорт­таушылар­ды қолдау туралы айтатын болсақ, онда біз транспорт саласының өкілдері ретінде тауарларды жеткізудің барынша көп нұсқаларын ұсыну арқылы оларға көбірек мүмкіндіктер беруіміз керек», дейді Т.Қарабаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Ақтауда контейнерлік хаб құру және Транскаспий дәлізін дамыту сияқты ірі жобалар PSA, Abu Dhabi Ports, Adani Group, CMA CGM, Maersk сынды әлеуетті инвестормен бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылмақ.

«Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толық көлік-логис­тика­лық корпорацияға айналдыру моделін қалып­тастыру бойынша жұмыс жүргізілу­де. ҚТЖ-ның трансформациясын әлемдік көлік-логистикалық компания­лармен (PSA, DBShenker, CoscoShipping, DPWorld және т.б.) кооперация, көлік дәліздерін цифрландыру және сырт­қы терминалдық желілерді құру сияқты бағыт­тар бойынша жүзеге асыру ұсынылады», деді министр.