• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Қазан, 2022

Паң күй мен падиша ән

517 рет
көрсетілді

Концерт негізі Әшімтайдың «Қоңыр қазымен» аяқталуы керек екен бағдарлама бойынша. Оған ән мен күйдің ырғағына масайрап отырған ел көне ме? Тағы сұрады. Оның үстіне әйгілі «Қоңыр қазды» орындаушы – талантты күйші Жанғали Жүзбай болса. Жүсіпбек Аймауытұлының «Әнші» әңгімесіндегі «Шапалақ та шапалақ... Пәлі, шіркін! Бис-бис... Тағы да шық, тағы да!..» дегеніндей ғой. Тыңдарман профессор, күйші Жанғалиді қайтармай, екінші мәрте күй тілегенде, Тәттімбеттің «Бес төресін» күңірентті күйші. Концерт «Бес төремен» аяқталғанымен, өмір онымен аяқталмағанын тіледік.

Сонымен қазанның 11-ші кешін Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» «Арқаның ән-күй мұрасы» атты дәріс-концертімен жапқаны айтарлықтай оқиға болды. Аты айтып тұрғандай, бұл күні Астана төрінде Арқаның ән-күй мектебі қанатын керіп, бауырын жазды. Тәттімбеттің «Бес төресі» естіл­генде тебіренбей қалмаса керек ойлы тың­­дарман. Білуімізше, бес төре: Қасым сұлтан, Саржан мен Есенгелді, Кенесары, Наурызбай көрінеді ғой. Мұны қазақ күй өнерін зерттеушілердің көбі жазды. Сонда бұл күй қазақ даласында хандық дәуір құлағанда, соңғы Кенесары ханға шыққан реквием болады. Мұқият тыңдағанға күйдің орта тұсынан ауа домбыра өксиді ғой, күй өксітеді. Арасында қырғыз сарындары да кездесетіні хан Кененің жорығын нұсқағаны деседі. Басқаны қайдам, біз соған иланамыз. Оның үстіне бұл туындыны концерт аяқталарда Жанғали Жүзбай шалғанда, бейжай қала алмайсыз. Ал Әшімтайдың «Қоңыр қазының» орны тіптен бөлек. Қаздың қаңқылы да, қудың сұңқылы да аққу мойын домбыраның шанағынан шығып, қазан айының басында көл жағалағандай кейіпке түсіреді. Өкініші мен өксігі қатар өрілетін ол да бөтен күй емес «Бес төреге». Сол Әшімтайдан Хамза, Хамзадан Мағауия туып, қазақ шертпе күй өнерінің күш-қуатын бұрынғысынан да жетілдіре түскендей сезіледі кейде.

О баста концерт шымылдығы «Ақ­сақ құланмен» түрілген. Күй тәңірі Кет­бұқаның Шыңғыс ханға баласы Жошы ханның өлімін күймен естіртуі. Біз бұған дейін аталған күйге назар тіктемеппіз. Тек қана аңыздарын естіп жүре бергенбіз. «Ақсақ құлан, Жошы хан» деген. Сөйтсек, күйдің өзіндей аңыздарының өзі мың құбылады екен де. Және көбі Жошы хан аңға шыққанда құлан қуып жүріп мерт болуымен, сол қаралы хабарды Шыңғыс ханға Кетбұқаның жеткізуімен сипатталады. «Ақсақ құланды» тыңдаушылардың дені осы мәтінге байланып қалатын сияқты. Құланның шабысы мен текіректегені, зау­латып атпен қуып жеткені, әлдебір жанталастар, қаржысулар, тағысын тағы бір сұмдықтар елес береді. Күй қанша екпінді болғанымен, сонша күйініш бар бойында. Құланның, аттың шабысына байлап қоюға болмайтын өзекті өртеген өкініш күйдіріп бара жатады. Бұл үйірлі құлан мен Жошы хан арасындағы әрекет қана ма? Оны да жоққа шығармайды. Шыбын жаны шығардағы өкініш пен дертті жанның қапасын аңғарта ма, біресе жыланға арбалып, аузына түсерде сайраған бозтор­ғайдың күйін салғандай бола ма, қысқасы небір сұмдықты сыйдырған күй. Сонымен қатар Дешті қыпшақ даласында, Қазақ ұлысы құрыларда, ұлт болып ұйыса бастағанда туған елдік пен азаның күйі. Ұлы Шыңғыстың құрылтайына бармай, Дешті қыпшақ даласына «қазақ кеткен» ұлыс иесі Жошының өлімін естірткен тұңғыш реквием. Одан кейінгі барлық қазақ күй­іне эталон болған да осы мұра деп білеміз.

Қазақ халық әндерінің кейбірі бұл күндері гитарамен де шырқала бастады. Бұған дейін «Дос-Мұқасан» ансам­блі­нің орындағанын білеміз. Бүгінде «Қар­ғам-ау» сияқты тағы басқа ұлттық әндерді гитараның сүйемелдеуімен Баян Нұрмышева шырқап жүр. Кеше бұл әнді гитарада Айзат Қарабек сызылтты.

Қазақ әндері дегенде әуелі тіл ұшына Ақан сері, Біржан сал оралатыны белгілі. Біржанның бірде шарықтап, бірде қалықтап, енді бірде терең толғаныстарға жетелер драмалық әндерінің «қызығын сипаттауға тіл жетпейді». Осы жолы оның «Адасқағын» белгілі әнші Толғанбай Сембаев шырқады. Біржан әндерінің қайырмасында шырқалар «хәләлім-айы­ның» басында әншінің даусы діріл­дейді, домбыра күмбірлейді. Бір кезде орта шегінен өтіп дауыс түу биікке аспандап тұрып алғанда домбыраның өзі түбіне жетіп тоқтайды. Дауыс бозамық көкке ілініп сайраудан танбаған бозторғайдың үніндей созыла береді. Толғанбайдың шырқауынан осындай оқиғалар елес берді кеше. Абайдың «Сегізаяғын» өзі салса, «Сұржекейді» халықтың сұрауы бойынша алты қырдан асырды.

Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін біз ол баста Әбікен Хасеновтің орында­уында тыңдап, құлаққа сіңді. Осы жолы белгілі күйші Қайрат Айтбаев шалды. Оның бұл туындыны бұрыннан тартатынын білеміз. «Көкейкестінің» түпнұсқасы, бүгінге жеткен әуелгі бас­тауы Әбікен атамыздың қағысында десек, Қайраттың күйді толғап тартуы соған жуықтайды. Ал Әбікенді күйшілер өз арасында күй өнерінің Әуезовіне балайтыны белгілі. Бұл жерде басты назарға алатын дүние – үндегі ұқсастық емес. Белгілі бір күйді тартқан соң, ол туындының ежелгі дыбыстық жазбасы тұрған соң, ана күйші мен мына күйшінің орындауында үннің айырмашылығы шамалы болатыны онсыз да түсінікті. Мәселе үндегі рух туыстығында сияқты. Өйткені «Көкейкесті» шертілгенде тербеле сыңқылдап басталған әуен орта тұсына қарай көтеріліп барып, бір кезде өксуге айналардай босайтын жері бар. Аса бір жайлылықпен тербелген даланың қоңыр үні қалықтап келе жатып, қоңыр қаздай ішін тартып өксігендей болып, қайта жазылады. Егілмейді бірақ. Жасыған дыбыс емес. Домбыраны тартып отырғанда, шанақтан шыққан үнге аспаптың өзі иіп кетіп, тебіренгендей күйге қалдырады. Шекті шалғандағы шанақтың үнінен бөлек тағы бір сарын байқалады. Күйге жан бітіріп, алапатын арттырып тұрған да байқаусыз естілетін әлгі сарын. Қаздың үніне келіңкірейді. Рух деп отырғанымыз сол сарын шығар мүмкін. Жалпы, дыбыстан бөлек сол үнді шығара алудан көрінетін сияқты күйшінің күйшілігі. Әбікеннен әртарапты естілетін әлгі дыбыс Қайраттың қағысынан да байқалады.

Көзіқарақты тыңдарман Асқар Мұ­қият­ты тани бастаған шығар, біз алғаш тыңдадық. Мұндай жуан дауысты естіме­гелі қашан? Баритон. Микрофоннан алыстап-алыстап барып көтереді үнін. Микрофонсыз-ақ сала берсе болғандай. Бұл жігіт Ақан серінің «Май­дақоңыры» мен Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бесін» дабылдатты.

Кештің жаңалығы Дінислам Жайлау­бай салған «Дударай» әні болды деп ойлаймыз. Бұған дейін аталған туындыны халық әні, Мәриям Жагорқызының әні деп келдік, олай емес екен. Мұның авторы Үлебай Әнетов атты қазақ көрінеді. Оны кезінде Төреғали Тәшенов жазғанын осы кештің жүргізушісі Жасұлан Базарбеков мәлімдеді. Дінислам бұл әнді аса бір өзгеше мәнерде, асқақтата орындады. Көтеріңкі салды. Және бұған дейін орындалып жүрген нұсқаларға қарағанда мұнысы аса қонымды естілді. Жалпы, Дінисламның әншілігіне жеке тоқталса да болатындай әнші деген ойдамыз. Тыңдармандардың да ықыласы зор шықты. Халық қошеметтеп бақты. Мәдидің «Үшқарасын» да нақы­шына келтіріп, шамырқана шырқады. Дауысы көтеріңкі, жастық жігер, жалын бар. Даралығына шәк келтірмейміз. Бір әттеген-айы, кейбір әншілер бұрыннан шырқалып жүрген, тіпті елдің құлағына сіңісті болған ән мәтіндерін өзгертіп алуы. Мысалы, Мәдидің «Үшқарасында» былай еді: «Сүйендім абақтының шарбағына, Сиындым атам Қазыбек аруағына». Мұны Дінислам «сиындым ... бір Аллаға» деп ұйқасына дейін сындырып айтты. Бекболат Тілеухан Абайдың «Алла деген сөз жеңіл» дегенін «Аллаһ деген сөз жеңіл» деп бұр­ма­лап жібергеніндей біртүрлі жағдай. Ав­тор баяғыда дүние салған, оның сөзін бұр­малауға орындаушының қандай хақы бар?

Кеш барысында Құмарбек Қалқатай Балуан Шолақтың «Ғалиясы» мен Манар­бектің «Паравозын» аспандатып, үзілдірді. Жаяу Мұса мен Естай әндерін бұл жолы сырнаймен Клара Төленбаева тамылжыт­ты. Концерт концертімен, ал ән мен жыр­дың мағлұматына толы мұндай дәріс-кон­церт тыңдарманның олжасы.

Шымылдық!