• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қазан, 2022

Қордың молдығы – халықтың тоқтығы

195 рет
көрсетілді

Биыл Павлодар облысында 700 мың тоннадан астам картоп жи­налды. Аста-төк өнімнің 20 мың тоннасы тұрақтандыру қоры­на салынып, қысқы мезгілде өңір тұрғындарын бағасы арзан «екін­ші нанмен» қамтамасыз ету көзде­ліп отыр. Алдағы уақытта қойма­лар­дан босатылатын картоптың килосы 100 теңгеден қымбат болмауы керектігі ескертілді.

Өңірдегі бірқатар картоп өсіруші және облыс билігі жергілікті нарықты көкөніспен қамту жөніндегі мемо­рандумға қол қойды. Құ­жат­қа сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін дүкен сөрелеріне тікелей жеткізу мақ­са­тында 20 мың тонна картоп пен 5 мың тонна сәбіз қоймаларда арнайы сақталмақ.

Биыл аймақта жиналған кар­топтың көлемі 700 мың тоннадан асты. Өнім былтырғыдан 20 пайызға көп. Ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету үшін шамамен жүз мың тонна түй­нек жеткілікті. Былтыр әдет­­тегідей тұ­рақ­тан­дыру қо­рын­да картоп сақталып, ол қыста арзан бағада дүкендерге үлес­тірілген еді. Алайда сатып алушылар өнімнің көбі сапасыз екеніне ша­ғым­дан­ғаны есімізде. Облыста заманға сай қоймалар жеткілікті. Алдағы уақытта сақ­та­латын картоп пен сәбіздің сапасы мен бағасына қатысты мәселе туындамауы керек.

– Картоп өсіруді дамыту үшін облыс­та мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы қолданылуда. Халыққа ең бірінші кезекте қажет тауарлардың тұрақты бағалары мен жоғары сапасын қамтамасыз ету керек. Бұл үшін облыста қажетті көлем­де­гі қоймалар бар. Қала мен аудан әкімдері ауыл шаруа­шылығы басқармасымен бір­лесіп, әлеуметтік дүкендерді, жәр­мең­келер мен фермерлік базарды картоп және сәбіздің қажетті көлемімен қамтамасыз етеді. Бағаларды тұрақты түрде мониторингілеу қолға алынады. Көкөніс қоймаларынан сатып алынатын картоптың шекті бағасын килосына 100 теңге етіп белгілеуді ұйғардық, – дейді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Нұрболат Мақа­шевтың сөзіне сүйенсек, мемо­рандум аясында 36 ауыл шаруашылығы субъектісі арзан бағалы өнімді сақтауға жауап­кер­шілік алып отыр. Бұл – мем­лекеттік қолдауға ие кәсіп­керлер. Мысалы, 2010-2022 жылдары өңірде суармалы алқаптардағы ин­женерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылымдар құрылысына бюд­жеттен 20 млрд теңге бағыт­талған. Биыл 360 млн теңгеге 5 мың тонна шамасындағы картоп тұқымын сатып алу субсидияланды.

Облыстың ішкі нарығын әлеу­­меттік маңызға ие азық-тү­лік тауар­ларымен қамту үшін осы айдың соңына дейін Павло­дар қаласында фермерлік базарды іске қосу көзделуде. Жал­пы, соңғы екі жарым жыл ішін­де өңірдегі агроөнеркәсіптік кешен­нің өнімі 2 есеге артты.

 

Павлодар облысы