Биыл Павлодар облысында 700 мың тоннадан астам картоп жиналды. Аста-төк өнімнің 20 мың тоннасы тұрақтандыру қорына салынып, қысқы мезгілде өңір тұрғындарын бағасы арзан «екінші нанмен» қамтамасыз ету көзделіп отыр. Алдағы уақытта қоймалардан босатылатын картоптың килосы 100 теңгеден қымбат болмауы керектігі ескертілді.
Өңірдегі бірқатар картоп өсіруші және облыс билігі жергілікті нарықты көкөніспен қамту жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін дүкен сөрелеріне тікелей жеткізу мақсатында 20 мың тонна картоп пен 5 мың тонна сәбіз қоймаларда арнайы сақталмақ.
Биыл аймақта жиналған картоптың көлемі 700 мың тоннадан асты. Өнім былтырғыдан 20 пайызға көп. Ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету үшін шамамен жүз мың тонна түйнек жеткілікті. Былтыр әдеттегідей тұрақтандыру қорында картоп сақталып, ол қыста арзан бағада дүкендерге үлестірілген еді. Алайда сатып алушылар өнімнің көбі сапасыз екеніне шағымданғаны есімізде. Облыста заманға сай қоймалар жеткілікті. Алдағы уақытта сақталатын картоп пен сәбіздің сапасы мен бағасына қатысты мәселе туындамауы керек.
– Картоп өсіруді дамыту үшін облыста мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы қолданылуда. Халыққа ең бірінші кезекте қажет тауарлардың тұрақты бағалары мен жоғары сапасын қамтамасыз ету керек. Бұл үшін облыста қажетті көлемдегі қоймалар бар. Қала мен аудан әкімдері ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік дүкендерді, жәрмеңкелер мен фермерлік базарды картоп және сәбіздің қажетті көлемімен қамтамасыз етеді. Бағаларды тұрақты түрде мониторингілеу қолға алынады. Көкөніс қоймаларынан сатып алынатын картоптың шекті бағасын килосына 100 теңге етіп белгілеуді ұйғардық, – дейді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтың сөзіне сүйенсек, меморандум аясында 36 ауыл шаруашылығы субъектісі арзан бағалы өнімді сақтауға жауапкершілік алып отыр. Бұл – мемлекеттік қолдауға ие кәсіпкерлер. Мысалы, 2010-2022 жылдары өңірде суармалы алқаптардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына бюджеттен 20 млрд теңге бағытталған. Биыл 360 млн теңгеге 5 мың тонна шамасындағы картоп тұқымын сатып алу субсидияланды.
Облыстың ішкі нарығын әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларымен қамту үшін осы айдың соңына дейін Павлодар қаласында фермерлік базарды іске қосу көзделуде. Жалпы, соңғы екі жарым жыл ішінде өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өнімі 2 есеге артты.
Павлодар облысы