АӨСШК мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы прогреске, экономикалық өркендеуге және диалогқа ықпал ететін болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шарада айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бірнеше мыңжылдықтар бойы біздің макроөңір мемлекеттері бүкіл адамзаттың қоғамдық, мәдени, технологиялық прогресінің негізгі қозғаушы күші болды. Бұл орасан зор тарихи тәжірибе егемендік пен әділеттілік қағидаттарына негізделген жаңа тұрақты және инклюзивті әлемдік тәртіпті құрудың берік негізі бола алады», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Азия әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды.
«ХХІ ғасыр - Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды ЖІӨ және сатып алу қабілетінің паритеті бойынша танымал әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды. Азия адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың 30 триллион долларлық тұтынуының барлық болжамды өсуінің тек 1 триллион доллары Батыс экономикаларына түседі деп күтілуде. Алайда, Азияның болашағы біздің мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға бағыттаған ұжымдық дайындығымызға да байланысты», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті АӨСШК дамыту үшін қабылданған қадамдар осы мақсатқа сәйкес келетініне сенім білдірді.
«Кеңес бұдан былай Азия континентінде жұмыс істейтін басқа да табысты көпжақты ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы прогреске, экономикалық өркендеуге және диалогқа ықпал ететін болады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.