Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені азайту мақсатында шетел азаматтарына ЦентрКредит Банкі арқылы ЖСН алу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету туралы шешім қабылданды. Бүгінге дейін бірқатар шетел азаматы екінші деңгейлі банк бөлімшелерінен ЖСН алып үлгерді.
Бұған дейін қызметті алу үшін резидент емес азаматтар арнайы бөлінген күшейтілген халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетін. Мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайту мақсатында екінші деңгейлі банктерде осы қызметті алу мүмкіндігі іске асырылды.
ЖСН-ді кез келген шетел азаматы бизнес жүргізу және қаржылық операциялық процестер үшін ала алады.
Сонымен қатар уақытты үнемдеу және халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектерді болдырмау мақсатында Мемлекеттік корпорация eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы шетелдіктерге күшейтілген халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекті брондау бойынша қосымша қызметті әзірледі.
Шетелдіктер үшін ХҚО-да кезекті брондауға электрондық үкімет порталының басты бетінде «Шетелдіктер үшін ХҚО-да кезекті брондау» қызметін таңдау, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін енгізу, мекеменің атауын көрсету қажет. ХҚО, келу мақсаты, күні мен уақыты белгіленеді. Сәтті брондау кезінде шетелдік азамат көрсетілген уақыттан 15 минут бұрын ХҚО-ға келіп, қабылдау бөлімінде төлқұжатын көрсетіп, кезек билетін алуы қажет. Айтпақшы, Telegram EgovKzBot2.0 боты арқылы онлайн брондау қызметі де енгізілген.
Еске салайық, шетелдік азаматтарға ЖСН алу үшін ХҚО-ға екінші рет оралу қажет емес. Дайын құжат өтініште көрсетілген қазақстандық телефон нөміріне жіберіледі.