Осы апта еліміз үшін саяси оқиғаларға толы болды. Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің кезекті саммиті өтіп жатқаны белгілі. Осыған байланысты «тоғызыншы территорияға» бірқатар елдің басшылары ат басын бұрды. Соның ішінде Түркия Президенті мен Қатар Әмірі мемлекеттік сапармен келді. Екіжақты кездесулер барысында өзара ынтымақтастықты дамытатын маңызды құжаттарға қол қойылды.
Жалпы, бұл екі сапардың саяси-экономикалық байланысты нығайтудағы орны ерекше. Өздеріңізге мәлім, Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған мемлекет. Содан бері бауырластық кеңейе түсті. Оған қоса, Анадолы еліміз үшін сауда-экономикалық әріптестігінде маңызды рөлге ие. Мысалы, елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік компаниялар саны жөнінен Түркия екінші орынды иеленеді. Қазір елімізде екі мыңға жуық түрік компаниясы бар. Яғни әр 20 компанияның біреуі Түркияға тиесілі. Тәуелсіздік жылдарында алдымен келген инвесторлар да түріктер болды. Олар құрылыс, азық-түлік, тұтыну тауарларын шығару, туризм, қызмет көрсету салаларына алғашқылардың бірі ретінде араласты.
Екі ел арасындағы сауда-саттық жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы тауар айналымы 1,9 миллиард долларды құрады. Экспорт көлемі 1,2 миллиард, импорт 700 миллион доллар болды. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның зор маңызы бар. Биыл 7 айда осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион тоннаға жетті.
Ендігі мақсат – сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Анкара соңғы 15 жылда Қазақстанға 4,35 миллиард доллар инвестиция құйды. Ал біздің еліміз Түркияға 1,13 миллиард доллар қаржы салды. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр. Жалпы, екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында транзиттік тасымал бағыттары маңызды рөл атқарады.
Бұл – екіжақты қарым-қатынастың экономикалық тұсы. Бұдан бөлек, мәдени байланыстар да үлкен рөлге ие. Өздеріңізге мәлім, кеңес үкіметі құрылған тұста қысым көрген көптеген қазақ отбасы Ұлы даладан үдере көшкені белгілі. Қытай асып, Гималайдан өтіп, Ауғанстан арқылы арып-ашып Анадолыға жеткен босқындарға көмек қолын созған да осы Түркия болатын. Мұны қазақ халқы ұмытқан емес. Сондықтан былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анадолыға барған сапарында 70 жыл бұрын Алтайдан Анадолыға ауған қазақ көшін қабылдаған премьер-министр Аднан Мендересті еске алып, оған қазақ халқы атынан алғыс айтқан еді. Түркия жұрты мұны ыстық ықыласпен қабылдағаны белгілі.
Қазақстанға ат басын тіреген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Астанаға қонып, Ақорданы аралағаннан кейін инстаграмдағы парақшасына сурет жариялады. Анадолы басшысының «Атажұрттамын» деп жазба қалдырғанын ескерсек, бұл сапардың біз үшін ғана емес, Ыстанбұл үшін де маңызды болғанын түсінеміз. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары үстел теннисін ойнап, өзара достық қатынасының мығым екенін тағы бір мәрте паш етті. Екіжақты кездесулерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Екіжақты қатынастар отыз жылда маңызды сынақтардан өтіп, жаңа белеске шығып отыр. Мәселен, 1992 жылы 2 наурызда орнаған дипломатиялық қатынастар 1994 жылы 17 қазанда «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісіммен» өз бағытын айқындады. 2009 жылғы 22 қазанда екі бауырлас елдің қатынасы «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісіммен» жаңа деңгейге көтерілді. 2012 жылы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Президент Қ.Тоқаевтың Түркияға биылғы сапарында «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» қабылданды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Бірлескен мәлімдеме жариялады. Аталған құжатта Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысы елдер арасындағы ықпалдастықты нығайтуға жасалған маңызды қадам болғаны атап өтілген.
Бұдан бөлек, бірлескен мәлімдемеде өзара сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу мәселесі де айтылды. Бұған қол жеткізу үшін Транскаспий Шығыс-Батыс Орта дәліз арқылы жүк тасымалының ұлғаюына, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Транскаспий бағытын және Баку-Тбилиси-Карс жаңа желісін тиімді пайдалану үшін тиісті мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейтуге де маңыз берілмек.
Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия қорғаныс саласында да ортақ жобаларды жүзеге асыруға кіріскені мәлім. Мәселен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Түркияға сапары кезінде екі елдің қарулы күштері мен құқық қорғау органдары арасында өзара сапарлар жасау, тәжірибе алмасу, оқыту, үйлестіру және бірлескен оқу-жаттығулар сияқты іс-қимылдарды көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, сапар аясында Tusaş пен Kazakhstan Engineering компаниялары жаңа келісімшартқа қол қойды. Келісімге сәйкес Anka дрондары енді елімізде өндіріледі. Оған техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары Қазақстандағы ортақ кәсіпорында жүргізіледі. Осылайша, Қазақстан Anka дрондары өндірілетін алғашқы шетелдік мемлекет атанады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасында музей ісі, ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат түркі дәуірінің ескерткіштерінде бірлескен ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыруға, музей ісі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мен қалпына келтіруге, мәдени мұраны қорғау, сақтау және танымал ету саласында қайта даярлау курстарын өткізуге, ұйымдастыруға жәрдемдесуге бағытталған.
Айта кететін тағы бір мәселе, екіжақты әрі түркі әлемі аясында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат саласындағы ынтымақтастық пен үйлестіру тереңдетілмек. Осыған байланысты Қазақстан мен Түркия Түркі елдерінің ақпарат агенттіктері одағының құрылуына келісіп отыр. Білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін Түркияның «Маариф» қорының Қазақстандағы қызметін бастауына қажетті қолдау көрсетілмек.
Еліміз үшін тағы бір маңызды сапар – Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Астанаға келуі. Жалпы, Қатар еліміз үшін Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес саналады. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге қомақты қаржы құйған елдердің қатарында аталған мемлекет те бар. Мәселен, Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы Қатардың қаржысына салынған. Таяуда Парсы шығанағынан келген қаражатқа Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Осы орайда елімізге салынатын инвестицияның бір ғана мемлекеттен келмеуі, әртараптан жиналуы да маңызды екенін айта кеткен жөн. Қатардың мол қаржысы «тоғызыншы территорияны» өркендетуге үлес қосатыны түсінікті.
Екінші жағынан, Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту Қатар үшін де қажет. Естеріңізде болса, 2017 жылы аталған елде дағдарыс болған еді. Көршілес жатқан бірнеше араб мемлекеті Қатарды айыптап, елдің портты қалаларын блокадаға алды. Соның нәтижесінде елде азық-түлік таусылып, халық қиналып қалған еді. Өйткені Қатар ауылшаруашылық өнімдерін негізінен сырттан экспорттайды. Мұндай жағдайға қайта түспес үшін ел билігі ешкіммен жаулығы жоқ, бейбітсүйгіш мемлекет іздейтіні түсінікті. Ендеше, Қазақстан Доха үшін таптырмас мүмкіндік. Ұлы дала ауыл шаруашылығын дамытамын дегендер үшін таптырмас мекен екенін қайталап айтудың өзі артық.
Айтпақшы, Ақордадағы кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Президент өз сөзінде Қатар Әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өткен-ді.
«Алтын Қыран» Қазақстанның ең жоғары наградасы саналады. Бұл марапат негізінен шетел басшыларына тапсырылады. Бүгінге дейін 20 тұлға ғана осы орденнің иегері атанған еді. Әл Тани осы тізімге қосылды.
Қорыта айтқанда, Түркия Президенті мен Қатар Әмірінің елімізге сапары табысты өтті деп айтуға толық негіз бар. Көптеген маңызды құжаттарға қол қойылды. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаластық жасалды.