Индустрияландыру ісінде іркіліс болмайды
Елімізде экономиканы алға бастыру бағытында игілікті шаралардың молынан жасалып жатқандығы белгілі. Бұл тұрғыда Үкімет барынша күш-жігермен жұмыстар жүргізуде. Ел алдында тұрған маңызды міндеттер Үкіметтің отырысында талқыланып, оларды жүзеге асыру жолдары жұртшылыққа ұсынылуда. Соның бірі жуырда өткен Үкімет отырысы еді. Осы басқосудан кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев БАҚ өкілдеріне талқыланған мәселелер жайында кеңінен айтып берген болатын.
«Үкімет үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын мақұлдады. Мемлекет басшысы оны бекіткеннен кейін Үкімет шаралардың тыңғылықты жоспарын қабылдайтын болады», деді Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.
Екінші бесжылдыққа белгіленген жұмыстар төрт бағыт бойынша дамытылмақ. Біріншісі – макроэкономикалық тұрақтылықты және қаржылық базаның өсуін қамтамасыз етуі тиіс шикізаттық сектор. Екіншісі – өсім сапасын қамтамасыз ететін өңдеу өнеркәсібі. Үшіншісі болашақта бәсекелестікті қамтамасыз ететін инновациялық сектор болса, төртіншісі – адамдарды жұмыспен қамтитын сектор. Осы бесжылдықта бизнестің барынша белсенді қатысуы назарға алынған. Атап айтқанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бағдарламаны әзірлеуге де, оны жүзеге асыруға да белсенді атсалыспақ.
Екінші бесжылдықта мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті барынша шектеу ұсынылса, мемлекет республикалық картаға мемлекет тарапынан жол салу, субсидия беру сынды қандай да бір міндеттемелерді өзіне алатын жобаларды ғана қосатын болады. Мұндай инвесторлармен инвестициялық келісімшарт жасалып, мемлекет өз рөлі үшін жауапкершілік алмақ. Ал бизнес өз өнімінің, жобасының сапасы үшін жауапты болмақ.
Автомобиль жасау саласының алдында өндіріс көлемін жылына 37 мыңнан 190 автомобильге дейін, шектеуді ағымдағы 30 пайыздан 50 пайызға дейін және экспортты 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Әрбір саланың өзіндік маңызды ерекше міндеттері мен проблемалары бар десек те, әрбір салаға техникалық реттеуден бастап кадрларды даярлау сынды қолдауларды қоса алғанда, Үкімет тарапынан қаржылай демеушілік болмақ. Бұдан өзге Үкімет заңдар мен өзге де көтермелеу шаралары арқылы қолдау көрсетпек.
Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына 6,6 триллион теңге қажет екен. Бұл жайында жиында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев айтып өтті. Аталмыш холдинг мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда негізгі қаржы агенті ретінде айқындалған. Холдинг өз кезегінде екінші бесжылдықтың қаржылық көлемін өткен жылдың күзінде нақтылап қойыпты. «Сол кездері ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды жалпы бағалау алдағы бесжылдыққа белгіленген-тін. Бүгін түрлі талқылаулардағы стратегияда қаржылық ресурстың қажетті деңгейі шамамен 6,6 триллион теңге көлемінде белгіленді», деді ол. Холдинг басшысының айтуынша, бұл қаржының барлығы бірдей мемлекеттік бюджеттен алынбайды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қолдауға берілген бір теңгемен мемлекеттік инвестицияның арқасында біз 3-3,3 теңге деңгейінде жеке, сонымен қатар шетелдік қаржы тарта аламыз деп ойлаймын деген пікірін де білдіріп өтті.
Барлық макроэкономикалық факторларды ескере отыра, ҮИИД бағдарламасы аясында несиелендірудің басты құралы ретінде ұзақ мерзімді теңгелік несиелеу туралы шешім қабылданған. Бұл кәсіпкерлерге валюталық қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олар үшін тұрақтылықты қамтамасыз етпек. Қазақстанның Даму банкі несиелері жеті жылдан он жылға дейін беретін болса, Үкімет екінші бесжылдық аясында ҚДБ-ны және оның несиелік қызметін қолдау мақсатында аталған банкті қаржылық қолдау, сондай-ақ сыртқы қарыздардың түрлері үшін капитал мен кепілдіктер ұсынуды қарастырып отыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі «2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында азық-түлік өндірісін дамыту» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама аясында аталған салада бірқатар маңызды міндеттер жүзеге асырылмақ. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2019 жылы азық-түлік және қайта өңдеу саласының негізгі капиталға инвестиция көлемі 97 миллиард теңгеге, азық-түлік өндірісі көлемі 30 пайызға, яғни 1271 миллиард теңгеге және азық-түлік өндірісінде 68 мың адамға дейін жұмысбастылық деңгейі ұлғайып, азық-түлік өндірісінің импорт көлемі 3 есеге дейін төмендемек», деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Аталған бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы шикізаты мен қаржылық қызметтерге, сонымен бірге коммуналдық және көлік қызметіне, ыдыс және орауыштарға қолжетімділікті ұлғайту міндеттері жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ отандық азық-түлік тауарларын сату кеңістігін кеңейтуге жағдай жасау, тұтыну мәдениетін дамыту, кадрларды даярлау және қайта даярлау, техникалық реттеу, салық салуды жетілдіру, экспорт пен импорт саудасын реттеу, тауар айналымын есепке алу мен мемлекеттік басқаруды институттық дамыту да осы қатарда.
Министрліктің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін 2013 жылдың ақпан айында қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде жаңа мемлекеттік құралдар қарастырылған. Жалпы, 2013 жылы азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатының қайта өңдеу тауарларының ішкі сауда-саттық айналымы 4 250 миллион долларды құраған. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындары республикалық өнеркәсіп өндірісінің 5 пайызын, ал қайта өңдеу өндірісінің 16,5 пайызын қамтыған.
Азық-түлік өнімдерін өндіру құрылымындағы негізгі үлесті астықты қайта өңдеу, нан және нан-тоқаш, етті қайта өңдеу мен жеміс-көкөніс және өзге де салалар алады. Сондай-ақ мұнымен бірге жеке позициялар бойынша импорттың қомақты үлесі сақталып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес елімізге 3 миллиард доллар сомасында азық-түлік өнімдері импортталған. Ол негізінен кондитерлік бұйымдар, сүт өнімдері, қант, құс еті мен жеміс-көкөніс консервілерінде көрініс тапқан. Импорттың үлкен үлесінің негізгі себептері отандық тауар өнімінің өсу көлемінің аздығына, өндірістердің жүктелуінің төмендігіне келіп саяды. Техникалық реттеу саласындағы мәселелер, соның ішінде стандарттарды сақтауды бақылау, білікті мамандардың аздығы да қолбайлау болуда. Бұған тауар-логистикалық инфрақұрылымының даму деңгейі мен айналымдағы қаражаттың қолжетімділігінің төмендігі, құрал-жабдықтардың тозуы және жергілікті өндірістегі сапалы шикізаттың аздығын да қосуға болады. Жалпы, адамзат үшін маңызы зор ауыл шаруашылығындағы міндеттер, бұйырса, болашақта атқарылуға тиіс шаралар осындай бағдарламалар аясында жүзеге аспақ.
2014-2015 жылдары «Қордай» (қазақ-қырғыз шекарасы), «Қонысбаев», «Қапланбек» (қазақ-өзбек шекарасы), «Қалжат» (қазақ-қытай шекарасы) кеден бекеттерін қайта салу мен жаңғырту жоспарланған. Бұл жөнінде Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты. Отырыста тауарлардың экспорты мен импортын электронды декларациялау рәсімін енгізуге назар аударылған. Электронды қағазсыз декларациялау интернет желісі бойынша растайтын құжаттарды ұсынбай кедендік декларацияны беру мүмкіндігін көздейді. Бұл кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп, шекарадағы өткізу пункттерінің өткізу қабілеттерін арттырмақ. Сондай-ақ отырыста қаралған мәселелер арасында ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды кеден органдарына беру және шекара маңындағы көліктік-логистикалық орталықтарын құру мәселелері сөз болғаны да атап көрсетілді. «Кеден органдарына ветеринарлық-санитарлық бақылау функциялары мен Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттеріне өсімдіктер карантині бойынша бақылауды беру мәселелері бойынша» заң жобасы осы мәселелерді көздейді.
Кедендік әкімшілендіруді елеулі түрде жақсарту мақсатында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жаңа орта мерзімді жоспар әзірлеу жөнінде ұсыныс айтылған. Жоспарда бұдан бұрын басталған іс-шараларды қисынды тұрғыда аяқтау, сондай-ақ, жаңа сегіз басымдықты айқындау көзделген. Міндетті алдын ала ақпараттандыру мен электронды декларациялаудың ақпараттық жүйесін пысықтау және интеграциялау және «Е-лицензиялау» бойынша бар мәселелерді шешу де осы басымдықтардың қатарында тұрса, тауарлар шығарылғаннан кейін сертификаттау қағидатын енгізу мен өткізу пункттерін интеграцияланған кешендер түріндегі кедендік бақылаудың жаңа техникалық құралдарымен жарақтандыру да осы тізбеде. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожол учаскесінде жаңартылған өткізу пунктінің құрылысын салу да жоғарыдағы айтылған басымдықтар қатарынан орын алып отыр.
Сыртқы шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту мен жарақтандыру бойынша іс-шаралар белгіленген. Кеден қызметінің қазіргі инфрақұрылымын жасау шеңберінде өткен жылы «Майқапшағай» кеден бекетінің құрылысы мен Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Бақты» кеден бекетін қайта жаңғырту жұмыстарының аяқталғаны да атап көрсетілді.
Осылайша, жүйелі жұмыстар белгіленген межелер бойынша ілгері басуда.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».