Биыл Алматыда КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығына арналған «Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» өнер фестивалі тұңғыш рет өтіп жатыр. Роза Бағланова ұзақ жылдар бойы Алматыда еңбек етті. Қазақтың бұлбұлына қанат бітіріп, музыка өнерінің биігіне шарықтап шығуына шабыт берген Алматы десек, бұл шындықпен келіспейтін жан болмасы белгілі.
«Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы Роза Тәжібайқызы ерекше жақсы көрген Алматы қаласындағы бірқатар мәдениет ұжымдарында ауқымды мерекелік шаралар өткізуді бастап кетті. Фестиваль шымылдығы 25 қыркүйекте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында «Біздің жәрмеңке» атты дәстүрлі музыка концертімен ашылған-тын. Концертке Ұлттық өнер орталығы мен Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның солистері мен ұжымдары, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы қатысты.
«Қазақконцерт» әншілері мен өнерпаздары тамыз айында Абайдың туған күніне орайластыра Семей қаласынан бастап, жаңадан ашылған Ұлытау, Алматы облыстарына сапарлап, Курчатов, Қарауыл, Жидебай-Бөрілі, Риддер, Алтай, Ұлытау облысының Жезқазған, Ұлытау, Қаражал, Жетісу облысының Текелі өңірлерінде және күміс көмей әншінің туған жері Қызылорда облысында, Арал, Қармақшы, Қазалы, Байқоңыр өлкесінде өнер көрсетті. Мекеме майталмандарының көшпелі концерт жақында Кентау қаласында, Жамбыл облысында жалғасын табады.
Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Классикалық музыка жауһарлары» атты классикалық музыка концерті сәтті өтті. Концертте ең танымал камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі «Forte Trio» мемлекеттік триосы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыргөзов, Бибігүл Жанұзақ, Медет Шотабаев, Салтанат Ахметова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айгерім Алтынбек өнер көрсетті.
Осы жобалардың жалғасы іспетті «Аlmaty Theatre» ғимаратында пианист Әлім Бейсембаевтың Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірлескен концерті болып өтті. Концерт басталмас бұрын мемлекеттік «Қазақконцерт» ұжымының директоры Ақтоты Райымқұлова, дирижер Қанат Омаров және кеш қонағы Әлім Бейсембаев баспасөз мәслихатын өткізіп, жас пианисті жете таныстырып, шығармашылығы туралы жан-жақты баяндап берді.
Кейінгі жас буын таланттардың көпшілігіне тән өмірбаян дерегі: Қазақстанда туған, зияткерлік мектептердің бірінде білім алған, шетелде шыңдалған. Қағаздағы өмірдерек қысқа әрі нұсқа сөйлегенімен, еңбекпен ғана қол жететін жетістіктің оңай өрілмейтіні белгілі. Әлемге аты мәшһүр пианист Әлім Бейсембаевтың да шығармашылық жетістігі шамамен осылай тарқатылады: Алматыда туған, 5 жасынан күйсандықтан саз саулатып, білімін жетілдіру үшін Ресейге аттанған, әрі қарай Лондондағы Корольдік колледжінің студенті. 2008 жылы әлемдегі ең мықты музыкалық мектептердің бірі саналатын Мәскеудегі Орталық музыкалық мектепке қабылданғанда, Әлім оң-солын танып үлгермеген он жастағы ойын баласы еді. Осы жылы халықаралық «Щелкунчик» телевизиялық байқауында жеңімпаз атанып, он екі жасында белгілі симфониялық оркестрлермен, әйгілі дирижерлермен жұмыс істеу тәжірибесі қалыптасып үлгерді. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыкалық училищесі Әлімге ұшан теңіз білім беріп қана қоймай, музыкалық мәдениет, эстетикалық жан-жақты ілім, рухани тереңдік сіңірді. Ал 2010 жылы Англияға көшіп барып, Перселл жас музыканттар мектебінің оқытушысы Тесса Николсаннан білім алады. Әлім 25-ке енді ғана аяқ басты. Ал ол болса Ван Клайберн атындағы жас пианистерге арналған І халықаралық байқаудың жеңімпазы, Лист және Веймар қалаларындағы халықаралық жасөспірімдер және Манчестердегі пианистер байқауының лауреаты атанған. Саусағынан саз тамшылаған талантты пианист Ұлыбританияның Лидс қаласында өтетін аса беделді Халықаралық пианистер байқауының тарихындағы бірінші сыйлықты жеңіп алған тұңғыш қазақстандық-лауреат, Уотерман Алтын медалінің иегері, Royal College of Music магистрі.
Бес жасынан күйсандықта ойнап, жиырмаға жетер-жетпес жасында дақпырты жер жарған дуалы ауыз білгірлер тарапынан «әлем классикалық музыкасының құбылысы» деп бағаланған жас дарын Ә.Бейсембаевтың бұл күні әр концерті жыл бұрын жоспарланып, әр сапары минутына дейін есептеліп, алдын-ала келісіледі. Әлім танымал музыканттармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді және Лондонның камералық ансамбльдерінің құрамында концерттерге жиі шығады. Ерте танылған ерекше талант иесі уақытының тығыздығына қарамастан Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт мемлекетттік филармониясының ұсынысын қабыл алып, Оңтүстік Кореядағы концертінен кейін «Алматыдағы Алтын күз Қазақконцертпен бірге» атты өнер фестиваліне тікелей ұшып келген екен. Ақтоты Рахметоллақызы дүниежүзілік деңгейде жарқ етіп танылған жаңа есімнің қолдауға даяр өз тәуелсіз елі бар екенін және Қазақстанға керек екенін білдіріп, әр шығармашылық жетістігін бағалап, рухани демеу болып отыру үшін Әлімді «Қазақконцерттің» солисі болуға шақырып, ұсыныс білдіргенін жеткізді. Қоғаммен қарым-қатынасын ағылшын тілінде атқарып жүрген азамат алтын қазығы, түп-тамыры қазақ топырағына байлаулы екенін бір сәт есінен шығармайтындықтан, бұл ұсынысқа қуана келісімін берген. Кішкентай күнінен туған жерінен жырақта жүрген жас пианист әрдайым Алматыны көргенше асық. Себебі бұл қалада оның әжесі, ата-анасы, бауырлары тұрады. Бұл – Ә.Бейсембаевтың Қазақстандағы алғашқы жеке концерті. Әлімнің концерті КСРО халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-думан» симфониялық шығармасымен басталды. Қанат Омаровтың дирижерлігімен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге Ә.Бейсембаев Бетховеннің «№3 симфониясын», С.Рахманиновтың «Паганини тақырыбына Рапсодия» атты шығармасын орындады.
Музыкаға махаббаты бала күнінен бүр жарып, бүгінде шеберліктің шыңына шығып, шартараптың алдында Қазақстанның атын асқақтатып жүрген Әлім Бейсембаевтың классикалық музыкадағы қадамы ерте басталғанымен, қанатын керіп, зеңгір көкте бауырын жазып ұшқаны осы кезең. Әлім әлемдік деңгейдегі осы заманның ең озық он пианисінің қатарынан нық орнын алған. Маңдай термен жеткен айтулы жеңіс пен жетістіктің бәрі жас талантты кемел жолға енді бастап келеді.
АЛМАТЫ