Украинадағы қақтығыс әлемдегі геосаяси ахуалды шиеленістіріп қана қойған жоқ. Сонымен бірге энергетикаға қатысты көзқарасты да түбегейлі өзгертті. Әсіресе, Ресейдің газы мен мұнайына тәуелді Еуропа елдері үшін тағдыршешті кезең келіп тұр. Бір жағынан, қазба отындардың құны қымбаттап, дефицит туындауы экологияға, соның ішінде орманды алқаптарға шығын келтіреді. Екінші жағынан, бұл қарт құрлықтағы мемлекеттердің жасыл энергетикаға көшуін жеделдетпек.
Өздеріңізге мәлім, Ресей әскері Украина жеріне басып кіргеннен кейін бүкіл әлем елдері Кремльге санкция салды. Әсіресе, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Ресейдің қазба отындарынан бас тартатынын хабарлады. Бұған қарсылық ретінде солтүстіктегі көршіміз Еуропаға жеткізілетін мұнай мен газ көлемін азайтып жіберді. Рас, Еуропалық одақ елдеріндегі газ қоймасы қазір 90 пайызға толы. Бірақ сарапшылар 2023 жылы бұл жеткіліксіз болатынын айтады. Яғни келер жылы қарт құрлық көгілдір отынды көктен де таппай қалуы мүмкін. Таяуда ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін азайтуға келісті. Бұл да қара алтынның нарықтағы құнын қымбаттатпаса, арзандатпайтыны түсінікті.
Ахуалдың бұлай өршуінің тұрғындарға да, экологияға да тигізетін әсері орасан болмақ. Қылышын сүйретіп келе жатқан қыста қарт құрлықты мекендеген халық баспанасын жылыта алмаудан қауіптенеді. Қысқы газын жаз сайлай алмаған Еуропалық одақ осыған байланысты түрлі қадамдарға көше бастады. Қазірдің өзінде ұйымға мүше кей мемлекеттер жер үйі бар тұрғындарға баспанасын жылыту үшін ағаш жағуға кеңес беріп жатыр.
Әлбетте, мұндай өтініш экологияға зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Өкінішке қарай, жыл сайын әлемде он миллион гектарға жуық орман алқабы жойылады екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл Португалияның аумағына тең. Оның үстіне, Еуропада да ормандар сиреп барады. Осындай қиын-қыстау кезеңде қарт құрлық шенеуніктерінің үй жылыту үшін ағаш жағуға шақыруын экологтер сынға алды.
Ғалымдар мен экологтердің пайымдауынша, жылу үшін ағаш жағу азайған ормандарды одан сайын сирете түседі. Тіпті заңсыз тал кесетіндер де көбеюі мүмкін деген қауіп те бар. Мажарстан Гринпис ұйымының мүшесі Каталин Родикстің айтуынша, мұндай ұсыныстан келетін шығын орасан. Биыл жаздағы аптап ыстық Мажарстандағы ормандарды қуратып, жығылғанға жұдырық болды.
Қазіргі таңда жаһандық жылыну салдарынан тұмса табиғат пен адамзатқа аз зардап келіп отырмағаны белгілі. Ормандар ауадағы парникті газдары жұтып, оның орнына оттегі шығарады. Бірақ өнеркәсіптік революциядан кейін табиғи тепе-теңдік бұзылып, адамзат талдарды отап, ауаға шығарылатын көмірқышқыл газдарының көлемі артқан.
«Еуропа биыл көп мөлшерде ағаш пайдаланбақ. Демек антирекордтық деңгейге жетіп қалуымыз мүмкін. Ендеше, ормандар үшін екі мағынасында да қара түнек қыс келе жатыр», дейді Fern ұйымының экологі Мартин Пиджен.
Экономикасы дамыған скандинавиялық мемлекеттер үшін алдағы қыстан келетін қауіп аз. Бірақ Ресейдің газы мен мұнайына тәуелді Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне оңайға соқпайтыны түсінікті. Мәселен, Румынияда халықтың жартысы үйін ағашпен жылытады. Осыған байланысты үкімет энергетика бағасын төмен ұстау мақсатында тал жаққанға арнайы баға белгіледі. Бірақ сарапшылар мұндай қадам заңсыз ағаш кесудің көбеюіне әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Экологтердің дабыл қағуына негіз бар. Румыния онсыз да Еуропада заңсыз орман отайтындары көп ел саналады. Ендеше, алдағы уақытта бұл көбеймесе, азаймайтыны түсінікті.
Дегенмен Еуропадағы тапшылықтың жағымды тұсы бар екенін айта кеткен жөн. Бұған дейін жасыл энергетикаға көшуге асықпай келгендер енді амалсыздан бұл бастаманы жеделдетуге кірісті.
«Климаттың өзгеруі тұрғысынан қарасақ, Украинадағы қақтығыс сәтті деп айтуға болатын шығар. Алдағы уақытта жаңармалы энергетикаға, электр энергиясын үнемдеуге ерекше ден қоя бастадық», дейді Әлемдік метеорология ұйымының бас хатшысы Петтери Таалас.
«Жаңартылатын энергия көздеріне көшуді ілгерілету Еуропаға да, әлемге де қажет стратегиялық қадам. Орта және ұзақмерзімде Украина дағдарысы таза және жаңартылатын энергияға көшуді жеделдетеді», Халықаралық жаңартылатын энергия агенттігінің бас директоры Франческо Ла Камера.
Украинадағы қақтығыс басталғаннан көп ұзамай-ақ Еуропалық одақ елдері Ресей газына тәуелділікті биыл үштен екіге азайтуды көздеген. Бәлкім, қарт құрлықтың кей мемлекеті бұған да асықпас па еді, кім білсін?! Кремль Еуропаға газ жеткізетін құбырларды бітеп, мұны жеделдете түсті.
Әрине, алдағы бірнеше жыл Брюссельдегі шенеуніктер үшін оңайға түспейді. Өйткені қазба отынға тәуелді экономиканы қас пен көздің арасында жасыл энергетикаға алмастырылмайды. Сондықтан атқамінерлердің қажырлы еңбегі мен халықтың ерік-жігері қажет. Қазірдің өзінде кейбір мемлекеттердің бел шешіп іске кіріскеніне куә болып отырмыз.
Мысалы, Эстония 2030 жылға дейін электр энергиясын тек жасылдандыруға келісті. Грекия жағалауларға жел турбиналарын орнату жөнінде шешім қабылдады. Нидерланд 2030 жылға дейін 2,5 миллион үйді жаңартпақ. Бұл мақсатта 4 миллиард еуро қарастырылған. Шілдеде Германияның Климат және өзгеріс қоры 56,3 миллион еуроны ғимараттарды жаңартуға жұмсайтынын мәлімдеді.
Еуропалық одақ мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта Брюссельдегі шенеуніктер күн мен жел энергиясына да екпін қоюды көздеп отыр. Мысалы, ғимараттарға күн панельдерін орнатуды екі жарым есеге арттырылмақ. Bloomberg New Energy Finance келтірген деректерге сүйенсек, Қытайдан әкелінетін күн панельдерінің құны шілдеде 2,5 миллиард долларға жеткен. Ал қаңтарда импортқа кеткен қаражаттың құны миллиард долларға ғана еді.
Балтық теңізі жағалауындағы сегіз мемлекет 2030 жылға дейін желден өндірілетін электр энергиясын 20 гигаваттқа жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл алты миллион үйді тоқпен қамтамасыз етпек.
Ирландия, Нидерланд та желді тиімді пайдалануды көздейді. Португалия тұңғыш рет жел турбиналарын орнатуға кірісті. Ұзақ уақыт бойы бұл мәселені талқылап келген Польша да жағалаулардағы желді кәдеге жаратуға кірісті.