Бүгінде Алматы қаласында 25-ке жуық әскери-патриоттық клуб тіркелген. Солардың бірі – ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында Ленинградты қорғауға қатысқан атақты крейсердің атымен аталатын «Киров» әскери-патриоттық клубы.
Жақында клуб жетекшісі Бақытжан Перімбет Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында жас патриоттарды тәрбиелеудің қыр-сырымен бөлісті. Оның айтуынша, әскери клубтарға балалар тегін қатыса алады. Әскери-патриоттық клубта 150-ден астам тәрбиеленуші болса, оның көпшілігі толық емес отбасынан шыққан, қатарда жетім балалар да бар.
Клуб 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктіктегі шыңдарды бағындырып, әскери дайындықты «Жас сарбаз» шатырлы лагері аясында жүзеге асырып отырған клуб мүшелері қырағы күзетке қай кезде де дайын болу керектігін айтады.
Клубта десантшылар, жас шекарашылар, теңізшілер жасағы бар. Үйірмеге 7-18 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Жас сарбаздар жетекшісінің айтуынша, түлектердің 20 пайызы 9-сыныптан кейін «Арыстан», Б.Момышұлы атындағы «Жас ұлан» мектебіне, ал 11-сыныптан кейін ҰҚК Шекара академиясына немесе Әскери байланыс институтына немесе Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түседі. Биыл болашағын еліміздің Қарулы Күштерімен байланыстырғысы келетін 25 түлек дайындығын аяқтауға жақын.
«Киров» әскери-патриоттық клубында тау туризмі мен альпинизм секциялары жұмыс істейді. Жас патриоттар Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы шыңдарды батырлардың есімімен атауды мақсат еткен. Мысалы, өткен жылы жас сарбаздар өздері бағындырған шыңды Әлия Молдағұлованың есімімен атаса, келесі бір шыңға қара майор Борис Керімбаевтың есімі берілді. Бұл тізімде Қасым Қайсенов атындағы шың да бар. Биыл жас сарбаздар 4 мың метрден асатын шыңға шығып, оған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов есімін берді. Сонымен қатар бұл тізімде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне – 30 жыл» деген шың да бар. Бүгінде жас сарбаздар әскери қызмет саласы ардагерлерінен алған алғашқы медальдарын мақтан етеді.
«Жас сарбаздардың дене тәрбиесінде тау туризмінің рөлі зор. «Шығыс» шекара қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясымен жасалған меморандум аясында Үлкен Алматы көлі маңындағы Озерное шекара заставасында академияның оқытушылары жазғы демалыста жас сарбаздарды тау дайындығынан өткізіп, қауіпті аймақтарды еңсеруге, радиобайланыс, зардап шеккендерді бағдарлау және эвакуациялауды үйретеді. Жас сарбаздар, сонымен бірге құтқару қызметінің жаттығуларына да машықтануда. Тауда серуенге шыққандар ішінде қиын жағдайға тап болатындар көп кездеседі», дейді клуб жетекшісі.
Әдетте, жас сарбаздар үшін тау экспедициялары жеті күнге созылады. Балалардың арасында 9 жастағы мектеп оқушылары да бар. Олар туған жердің тау-тасымен танысып қана қоймай, көптеген қиындықты еңсеруге машықтанады. Сонымен қатар туған еліне деген сүйіспеншілігі артады. «Сондықтан 5-11 сыныптар арасында «Жас сарбаздың» әскери-патриоттық сабақтарын барлық білім мекемесінде ұйымдастыру қажет. Әскери-патриоттық тәрбие сабағын да жиі өткізген абзал. Жапон елінде жоғары нәтижесін беріп отырған мұндай дағдыны еліміздегі жастар мен жасөспірімдер арасында насихаттау маңызды», дейді клуб жетекшісі.
Жас сарбаздар өз кезегінде әскери-патриоттық клубтағы жаттығу тәртіптерімен таныстырып, домбырада қазақтың күйі мен «Катюша» композициясын орындады.
АЛМАТЫ