Швед корольдік академиясы биыл экономика саласы бойынша Нобель сыйлығын төрт бірдей ғалымға табыстауды ұйғарған. Нобель комитетінің хабарлауынша, мәртебелі сыйлықтың иегерлері – Бен Бернанке, Дуглас Даймонд және Филип Дибвиг. Үш америкалық ғалымға бұл сыйлық қаржылық дағдарыс пен банктерді зерттеген еңбегі үшін беріліп отыр.
Лауреаттар өз зерттеулерінде экономикадағы банк рөліне тереңірек үңіледі. Әсіресе, қаржы дағдарысы кезіндегі банктер рөлін зерделейді. Олар өз зерттеулерін өткен ғасырдың 80-жылдарында бастаған. Онда банк секторының «құлдырау» механизмін сипаттап, сектордың әлсіз тұстарын атайды, сонымен бірге банк және олардың клиенттері, сәйкесінше экономикаға тиер соққыны жеңілдету үшін қандай амалдар қажет екенін тауып, ұсынады.
Бен Бернанке – америкалық экономист. 2006-2014 жылдары АҚШ Федералды резерв жүйесінің төрағасы болды. ФРЖ басшылығынан кеткеннен кейін экономика саласында зерттеулермен айналысты.
Дуглас Даймонд және Филип Дибвиг – өтімді емес активтер мен өтімді міндеттемелердің үйлесімі салымшылар арасында дүрбелең туғызуын көрсететін Даймонд-Дибвиг моделінің авторлары. Д.Даймонд ұзақ жылдар бойы АҚШ экономикалық зерттеулер ұлттық бюросында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Ф.Дибвиг Вашингтон университеті жанындағы бизнес-мектептің профессоры.
Бен Бернанке АҚШ-тағы 1930 жылдардағы Ұлы депрессияны талдап, банк секторындағы дүрбелең мен салымдардың жаппай кері қайтарылуының дағдарысты тым тереңдетіп жібергенін көрсеткен. Қаржы институттары ыдырағаннан кейін қарыз алушылар туралы құнды ақпарат ұзақ уақытқа жоғалып кетті, қоғамның жинақтарды өнімді инвестицияларға бағыттау мүмкіндігі төмендеді.
Даймонд пен Дибвиг өз жұмыстарында банктің құлдырауы жайлы ақпараттың тарауы қаржы институттарын әлсіз ете түседі, өйткені ондай сыбыс тараған кезде салымшылар жаппай банктер өз ақшаларын алып кете бастайды дейді. Экономистердің пікіріне қарағанда, егер үкімет депозиттерді сақтандырып, банктер үшін соңғы инстанциядағы кредитор рөлін атқара алса, ондай дүрбелеңнің алдын алуға болады.