Бүгінгі күні бүкіл елімізге аты мәлім «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы автокөлік шығару саласындағы алғашқы әрі табысты Қазақстан-Ресей бірлескен жобаларының қатарына жатады. Бастапқы жарғылық капиталы 828 миллион теңгені құраған кәсіпорынның құрылтайшылары ресейлік автокөлік алыбы – «КамАЗ» ААҚ және «Қазақстан-Инжиниринг ҰК» АҚ екендігінің өзі Көкшетау кәсіпорнының маңыздылығын аша түскендей.
Елбасы Н.Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2005 жылы салтанатты жағдайда таныстырылымы өткізілген кәсіпорын жылына 2000 дана жүк көліктерін шығару қуатына ие. Алғашқы кезеңде жұмысшылар саны елудің маңайында болса қазіргі таңда ол төрт есе өсіп, 200 кісіге жуықтап отыр. Ең төменгі жалақы 105 мың теңгені құрайды. Яғни мұнда алаңсыз әрі өнімді жұмыс істеуге, жарасымды тіршілік құруға қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілген. Кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру жыл сайынғы дәстүрге айналғандығы Көкшетау зауытының болашағы зорын айқындайды.
– Қазіргі таңда акционерлік қоғам «КамАЗ-дардың» үлкен модельдік тізбесін шығаруды игеріп, дайындық сапына қойды, – дейді бізбен әңгімесінде кәсіпорынның техникалық директоры Олжас Жұмабаев. – Біз тұтынушыларға темір бортты, өздігінен жүк түсіретін көліктерді тіркемелерімен, автомобиль тягачтары және шассилерін ұсына аламыз. Сондай-ақ, 2009 жылдан бастап «КамАЗ» шассилерінде арнайы техникаларды құрастыру жұмыстарын жүргізудеміз. Алдағы кезде жаңашылдық бағытындағы ұмтылыстарымыз жалғаса бермек.
Біз аумағы 32 мың шаршы метрді алып жатқан өндірістік буындарды аралап көрдік. Мұндағы 9 құрастыру цехындағы өндірістік жұмыс бір сәт тоқтамайтындығын айтады бізбен тілдескен жетекші инженер-технолог Асылбек Тоқанов, механикалық-құрастыру цехының слесарьлары Саттыбай Ахмуров пен Николай Брусенцев. Алып көліктерді құрастыру заманалық пневматикалық және метрологиялық аспаптар мен жабдықтарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Арнайы техникалар мен құрылғылар бөлімі озық үлгідегі дәнекерлеу және бояу камераларымен жабдықталған. Кәсіпорында дайындалған барлық өнім тиісті есептік тіркеу рәсімдерінен өтіп, сертификатталады. Сондықтан, сапа талаптарына мін айта алмайсыз. «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамында «ISO-9001-2008» сапа менеджменті жүйесі енгізіліп, ол бірнеше қайтара сәтті қорғалған.
Көкшетау кәсіпорны өзі құрылған толық емес тоғыз жылда конвейерден 9000 мыңға жуық автокөлік шығарыпты. Бұл техникалар еліміздің барлық халық шаруашылығы саласында, күш құрылғыларында табысты жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында отандық конструкторлардың, технологтардың, өндіріс жаңашылдарының және акционерлердің бірлескен күш-қарымымен модельдік тізбе 3-тен 30-дан астам түрге молайыпты. Мұнда зауыттың жергілікті үлесі 22-30 пайызды құрайды. Осының өзінен кәсіпорынның табысты жолда келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, былтыр 15552 миллион теңгенің 1482 автокөлігі шығарылса, биылғы жоспар 17230 миллион теңге көлемінде белгіленіп отыр.
Акционерлік қоғам басшылары өндірістегі қазақстандық үлесті ұлғайтуды айрықша назарда ұстайтындығы құптарлық қадам деуіміз керек. Бұл бағытта 2011-2015 жылдарды қамтитын арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы орайда, кәсіпорынның техникалық директоры Олжас Кенжебайұлы қолға алу жоспарланған дайындау өндірісі жайлы мағлұмат берді. Жаңа өндіріс буынын металды жоғары технологиялық жабдықтармен өңдеу мен пішуге мүмкіндік беретін жабдықтармен қамту өздігінен жүк аудару платформаларының барлық тетіктерін жасауға жол ашатын көрінеді. Сондай-ақ, «КамАЗ» шассилерінің тетіктерін зауыт цехтарында дайындау барлық модельдік тізбедегі қазақстандық үлесті арттырады және арнайы техникалар (автоцистерналар, жол машиналары, өртке қарсы, т.б. техникалар) түрін көптеп шығаруға мүмкіндік береді. Автокөліктердің халық шаруашылығының әрқилы саласында жұмыс істеу мерзімі де ұзарып отыр. Оның үстіне, қазақстандық үлестің өсуі Ресейдегі «НЕФАЗ» ААҚ-тан тасымалданатын бөлшектердің жол шығынын елеулі дәрежеде қысқартатыны түсінікті.
Жұмысты уақыт талабында ұйымдастыру «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ өнімдерінің жоғары сұранысқа иелігін қамтамасыз етуде. Бұл орайда автокөліктің техникалық қауіпсіз жарақтандырылуы және дизайндық безендірілуімен қоса, тұтынушыларға қолайлы жағдайлардың жасалуы да шешуші ықпал жасайтындай. Кәсіпорынның дилерлік ауқымды желісімен қатар, республикамыздағы отыздан астам ұйым ішкі рынокта белсенді қызмет атқаратынын білдік. Осы орайда, Көкшетау кәсіпорыны «КамАЗ» ААҚ лицензиялық келісімшарттары негізінде қазақстандық тұтынушыларға басымдық беретінін айта кеткен жөн.
Жергілікті өнім қаржылық жағынан қашанда тиімді екені белгілі. Оның үстіне еліміздің Кеден одағына мүшелікке енуі тарифтерге қатысты кеден тарифтерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Яғни тұтынушылар 20-30 пайыздық артықшылықты пайдаланады. Бұған қосымша, отандық тауар өндіруші ретінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы СТ-КZ сертификатымен жұмыс істейді және мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік сатып алу тендерлеріне қатысу барысында айтарлықтай жеңілдіктермен қамтамасыз етілген. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнын төмендетумен қатар кәсіпорынның тартымдылығына ықпал ететіндігі айқын.
Бөлектеп айтатын жағдай, Көкше машина жасаушылары «Еркін қойма» жүйесінде жұмыс істейтіндігі. Сондықтан тауарлар қосымша құн төлемінсіз босатылады.
Халықаралық интеграциялық байланыстың озық үлгісін танытып отырған кәсіпорынның бүгінгі қадамы, өндірісті жаңғырту арқылы көп ұзамай әлемдік көшбасшылар сапынан көрінеді деген үміт те жоқ емес.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.