• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қазан, 2022

Күрең берет кигендер шеберлігі

363 рет
көрсетілді

Таяуда Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесі 22 күрең берет иегерімен толықты. 2022 жылғы 15 қазан күні Алматы облысының Жетіген кентінде Ұлттық ұланның арнайы мақсат­тағы «Бүркіт» бөлімшесі әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағы аяқталды.

Әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдам­дылық пен төзімділікті сынға салар айтулы шараға еліміздегі арнайы бөлімшелердің, күш құрылым­дарының, мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылған болатын.

Жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақ­саттағы бөлімшесі әскери қызмет­ші­лерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі де құрметті саналатын күрең берет құқығын иеленуге арналған сайыс сынағы ұйым­дастырылады. Кіл мықтылар сынға түсетін бұл шаралар әр жылы әр мезгілде, сондай-ақ жер бедерінің түрлі аймағында ұйымдастырылып келеді. Сынақтардың басты талабы – Отан үшін оққа кеуде тосу атал­­­ған бөлімше қызметкерлерінің жауынгерлік даярлығын барынша шыңдау. Міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді пысықтау. 

Дәстүрлі шараға айналған аталған біліктілік  сынағы биыл 21-мәрте өткізіліп отыр. Биыл додаға қатысуға жүзге жуық әскери қызметші ынта білдірген. Олар сынаққа қатысу үшін теориялық білімнен тест тапсырып, дене шынықтыру даярлықтары мен арнайы жаттығуларды, байланыс және медицина құралдарын меңгеру біліктілігі пысықталды.

Мәселен, сынаққа түскен әскери қызметшілер бас-аяғы 35 шақырымды 6 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, нормативтер орындады. Биыл 600 үміткер қатысуға ниет білдірді, олардың арасынан 60 үміткер қорытынды сынаққа жіберілді. Қорытынды сынақты 22 үміткер сәтті тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ұланды сапалық деңгейде одан әрі жетіл­діру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты М.Ахметжановтың нұсқауымен Ұлттық ұландағы арнайы мақсат­тағы бөлімшелердің саны көбейтілді. Жаңадан бөлімшелер ашылды.

Ұлттық ұланда жауынгерлік даяр­лық пен кәсібилікке үлкен мән беріледі. Кең-байтақ еліміздің барлық өңірінде күрделі барлау-жауынгерлік операцияларды орындауға міндеттелген арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасақтары құрылған. Олар – Ұлттық ұланның алдыңғы шепте жүрер алдаспан жа­сағы, әскер элитасы. Бұл күнде аталған құрылымдық бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді табысты орындап, ел сенімін абыройлы ақтап келеді.

Күрең берет кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағынан өту – жауынгерлік рухтың белгісі. Бұл шара жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелеуге бағытталады. Бүгінгі күрең берет иегер­леріне зор денсаулық, қажымас қайрат, өшпес рух, Отанымыз тәуелсіз Қазақстанды қорғау жолында толайым табыстар тілеймін», деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов.

Айта кетерлігі, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесі­нің басты мақсаты –  экстремизм және лаңкестікке қарсы күресу,  мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатер­лер­ге қарсы жедел әрекет ету.

ІІМ Ішкі әскеріне қарасты «Бүркіт» арнайы жасағы 2000 жылдың сәуір айында құрылды. Сол кездегі министр, генерал Қайырбек Сүлейменов ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның құрамынан осындай жасақ құру идеясын ұсынған болатын. Кейін барлық облыс орталықтарында оның аймақтық топтары құрылды. Бұған дейін төрт жүзге жуық сайыпқыран ғана осы марапатты иеленді. Қазіргі таңда елімізде әскери қызметте жүзден аса «күрең берет» иегері бар.

Жалпы, күрең берет алу оңай шаруа емес. Мұны иелену былай тұрсын, «Бүркіттің» сапына өту де екінің бірінің қолынан келмейді. Өтініш білдірген үміткер сарбаздарды командирлер іріктеп, сынақтың бірінші кезеңіне жібереді. Алғашқы сынақта жауынгерлер әскери даярлығын көрсетуге тиіс. Мәселен, радиостанция арқылы байланыс орнату, бронды техниканы жүргізе білу секілді түрлі қабілетке ие болуға тиіс. Бұдан кейін сарбаздар­дың біліктілігі сыналады. Үміткерлер жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша ұзын саны 25 норматив тапсырады.

Содан кейін жауынгерлер қоян-қолтық төбелеске шығып, кім мықтыны анықтайды. Тоғыз минутқа созылатын жекпе-жекте бар күшін салады. Осы уақыт аралығында үміткерлер бір сәтке тыныс алмайды. Тоқтаусыз қарсыластарымен жұдырықтасады. Осындай сынақтардан мүдірмей өт­ке­ні ғана күрең береттің иегері атанады.

Әскерилердің бұл белгісі негізі ешқандай материлдық артықшы­лық бермейді. Елдің қорғаны болатын, «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай» деп жырлаған Махамбеттің жолын жалғайтын нағыз майталман саналады. Сондықтан шы­ғар, күрең берет иегері атану – жауынгерлер арасында зор абырой.

Сайыпқыран сарбазға күрең берет беру кеңес одағы кезінде басталған. Алғаш рет КСРО Ішкі істер министрлігі ішкі әскердің негізгі бас киімі саналды. Кейінірек 1978 жылы Джерзинский дивизиясына қарасты арнайы мақсат­тағы 9 ротаның меншігіне берілді. Осылайша, біртіндеп элиталы әскерге берілетін айрықша белгіге айналды. Ал 1993 жылы Ресейде күрең беретті өте қиын сынақтан өткендерге берілетін ерекше белгі ретінде қарастыратын ереже қабылданды. Кейінірек ТМД-ның басқа мемлекеттері де күрең беретті түрлі сынақтан сүрінбей өткен жауынгерлерге табыстай бастады.