Бас шаһарда театр тойы! Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 18-23 қазан аралығында көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ республикалық фестивалі өтіп жатыр.
Алты күнге созылатын айтулы театр думанына сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеліп алынған барлығы 10 спекталь қатысады. Республиканың түкпір-түкпірінен таңдалған үздік қойылымдар қатарында – С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театрының «Жұт» (авторы – О.Жанайдаров), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Оян, қалыңдық» (авторы – Г.Лорка), Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Боранды бекет» (Ш.Айтматов), Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік Семей орыс драма театрының «Кішкентай ханзада» (А.Экзюпери), Ақмола облыстық орыс драма театрының «Шағала» (А.Чехов), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Алтайдан ауған ел» (Х.Алтай, Х.Оралтай), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Текебұрқақ» (Ш.Мұртаза), М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Найзағай» (А.Островский), Түркістан музыкалық драма театрының «Қорқыт» (Е.Аманшаев) және Республикалық академиялық неміс драма театрының «Андорра» (М.Фриш) спектакльдері бар.
Театр тартуы мұнымен таусылмайды. Фестиваль аясында сондай-ақ көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, Ш.Жандарбекова шығармашылық ғұмырынан сыр шертетін көрме, Ерғазы Төлеудің «Шолпан жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтеді. Сахна саңлағының көзін көрген театр қайраткерлері, төл шәкірттері, зиялы қауым өкілдері аңыз актриса туралы естелік айтып, тағылымы мол әңгімелерін ортаға салады деп күтілуде.
Одан бөлек, айтулы өнер мейрамы аясында сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар да жоспарланған. Атап айтсақ, 18 қазан күні сағат 10.00-де «Қаллеки» театрының алғашқы құрылу жылдарында ұжымға жетекшілік етіп, репертуарының қалыптасуына өзіндік еңбегін сіңірген Қазақстанның халық әртісі, режиссер Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған қос томдық кітаптың тұсаукесері және «Бала мерген» қойылымының премьерасы өтеді. Алты күн бойы Арқа атырабын өнер думанымен дүбірлететін театр мерекесінің көрерменіне ұсынар тартуы мол.