Бүгін Астанада Қазақстан драма театрларының республикалық XXVIII фестивалі жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы жылы салтанатты іс-шара театр мен киноның көрнекті актрисасы, КСРО Халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған. Сондай-ақ фестиваль аясында Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарланған.
23 қазанға дейін жалғасатын іс-шараға сараптама кеңесінің шешімі бойынша іріктеуден өткен 10 театр қатысады. Қойылымдарды танымал театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
«Бұл фестиваль еліміздің мәдени өміріндегі ең ауқымды және маңызды жобалардың бірі. Ол көрермендерді шығармашылық ұжымдармен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар жас актерлерге, режиссерлерге және жазушыларға үлкен сахнадан мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді. Фестиваль бағдарламасы барынша ауқымды, және бұл бізге ең өзекті мәселе бойынша сараптама жүргізуге мүмкіндік береді», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ресми ашылу салтанаты аясында.
Министрдің айтуынша, Шолпан Жандарбекованың шығармашылық жолы - сүйікті ісіне адалдық пен нағыз кәсібиліктің жарқын үлгісі.
Фестивальге С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Ф.Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Түркістан музыкалық драма театры, Республикалық академикалық неміс драма театры қатысады.