Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Болгарияның бұрынғы президенті, қазіргі Жаһандық үнқатысу және ынтымақтастық орталығының басшысы Петр Стояновпен кездесті.
Әлемдегі ауқымды өзгерістер тұрғысында қазіргі кездегі өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. П.Стоянов Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның жалпы сессиясындағы Президент Н.Назарбаевтың саясат пен экономикадағы шиеленісті жағдайларды реттеу жөніндегі сөйлеген сөзінің ерекше маңызын атап өтті. Болгар өкілі Қазақстан лидерінің Венада Жаһандық үнқатысу және ынтымақтастық орталығында баяндама жасайтынына және ол еуропалық саясаткерлер, экономистер және парламентшілер қауымына «G-Global» қызметін терең түсінуге мүмкіндік береріне сенім білдірді.
Сенат Төрағасы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Бас хатшысының Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және аз дамыған елдер мен шағын аралдағы мемлекеттер жөніндегі Жоғары уәкілі Гьян Чандра Ачарьямен де кездесті.
БҰҰ Уәкілі Астана экономикалық форумының нәтижелерінен алған әсерлерімен бөлісе отырып, трансеуразиялық көлік дәлізінің дамуына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, Қытай мен Еуропа арасындағы теңіз қатынастарынан гөрі теміржол арқылы жүк тасымалдаудың бірқатар артықшылықтары бар. Ол Қазақстанның инфрақұрылымдарды дамыту мен осы саладағы халықаралық әріптестікті дамытуды іс жүзінде күшейтуіне қолдау білдірді.
Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың таяудағы Қытайға ресми сапары барысында таныстырылған көлік және логистика саласындағы ірі жобалардың маңыздылығына, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жібек жолы төңірегіндегі «экономикалық белдеу» жобасының келешегіне назар аударды.
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) Бас хатшысы Мухиса Китуимен кездесу кезінде Қ.Тоқаев жүздесушіні ЮНКТАД-тың алдағы маусымдағы 50 жылдығымен құттықтады. «Біз ЮНКТАД тарапынан, әсіресе, кеден қызметін жаңғырту саласындағы техникалық және сараптамалық қолдауды жоғары бағалаймыз», деді Сенат Төрағасы. Ол сондай-ақ еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында шағын және орта бизнесті дамыту басты бағыттардың бірі болып белгіленгенін және осы салада Қазақстан ЮНКТАД-пен өзара жемісті іс-қимылға сенім артатынын атап өтті.
М.Китуи Астана экономикалық форумының аясында ЮНКТАД-қа арналған арнайы сессияның табысты өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық экономика үшін күрделі кезеңде инфрақұрылымдарды және трансшекаралық транзакцияны жетілдіру секілді көптеген мәселелерді шешу үшін әлемде теориялық үлгілер жоқ кезде Қазақстан көреген көшбасшылығын паш етіп келеді. М.Китуи кедендік әкімшілендіруді жетілдіруде, ДСҰ-ға кіруде және «Бизнесті жүргізу» көрсеткіштерінде алатын орнын жақсартуда ЮНКТАД Қазақстанға одан әрі жәрдемдесуге әзір екенін жеткізді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.