• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2022

Ұрпақ ұйытқысы

288 рет
көрсетілді

Бозжігітовтер әулеті биыл­ғы «Мерейлі отбасы» бай­қауында Шығыс Қазақстан облысы бойынша жеңім­­паз атанды. Үлкен әулеттің ұйыт­қысы болып отырған Қамила әже – он бес құрсақ көтерген батыр ана.

Ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған ол алтыннан алқа та­ғып, елінің қошеметіне бөленіп отыр. Бүгінде Катонқарағай ауда­ны­ның Үлкен Нарын ауылында кен­жесінің қолында тұрады. Зама­нында жоқшылықты көріп өскен әже бүгінгі бейбіт өмірге риза.

– Алмағайып заманда дүние­ге келіппін. Біздің заман оңай болған жоқ. Әке-шешем шеткері жүрген соң ба, бірінші сыныпқа 13 жасымда бірақ бардым. Төртінші-бесінші сыныптан соң оқуым қалды. Үйде жалғыз өстім. Өте ерке едім. Бірақ күйеуге берген соң еркеліктің бәрі қалды, – дейді батыр ана.

Қамила Аманғұлова ке­лін бо­лып түскен Бозжігітовтер шаңы­рағы ауқатты, дәулетті әулет еді. 1900 жылы туған үлкен аталары Бозжігіт ашаршылық жылдары отбасын ғана емес, бү­тін ауылды асырап отырған де­седі. Үш ұлын зерек, білімді етіп өсіреді. Ұлы Социал Бозжігітов туралы айтар болсақ, орысша-қазақша білім алды, үлкен қыз­меттерде істеді. Қамила Ама­ғұловамен бас қосқан соң бақыт­ты ғұмыр кешті, бала-шағасын өсіріп жеткізді.

– Әкем 1938 жылы дүниеге келген. Айтуынша, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, ауылымыз Топқайыңда еңбек еткен. Ауылға беделді адам еді, – деп қызы Гүлзира Бозжігітова асқар тауын еске алады.

«Әке – асқар тау, ана – бауы­рындағы бұлақ...» дегендей, аналары Қамила Аманқұлова үнемі жарының қабағын бағып отырар еді. Кейін жолдасы дүниеден озған соң бала-шағасын жалғыз асырады, аяқтарынан тұрғызды. Алтын құрсақты ананың өмір жолы бүгінгі жастарға өнеге етуге әбден лайық.

Қамила Аман­ғұлова тату да берекелі отбасында балаларын ел игілігі жолында еңбек ету­ге тәр­биелеп, ата дәстүрді құр­меттеуге үйретіп отырады. Өзінің маман­дығы болмаса да, ұл-қыздарының диплом алып, арман жолында ең­бек ете берулеріне тілекші әрі тірекші. Қазір солардың бәрі де өмір көшіне ілесіп, өз отауларының түтіндерін түтетіп отыр.

– Анамызға күніне бір хабар­ласып қоймасақ, алаңдайды. Ба­ра алмай жатсақ телефонмен халін біліп, денсаулығын сұрап оты­рамыз. Алысқа кетіп бара жат­сақ, бала күндегідей анамызға ескертіп кетеміз, – дейді ұлы Ақылбек Бозжігітов.

Отбасылық құндылықтар­ды балаларының бойына сіңіріп өсір­ген ақ жаулықты әженің әр сөзі өнеге, нақыл. Мысалы, «қыз бала кесте тіге білуі керек» дейді. Ол дегені, қыздың мін­детті түрде ісмер болып кетуін айтпаған. Алтын алқалы ананың түпкі ойы – қыз бала ертеңгі күні ерінің жағасына кір түсірмей, отбасы­ның шаруасын дұрыс дөң­гелетсін дегені.

– Анамыз «бір күндік ұрыс­тың қы­рық күндік қырсығы бар» де­генді жиі айтады. Тұрмысқа шы­ғып, отбасылы болып бара жатқанымда шаңырақтың бірлігі, берекесі әйел адамға байланысты екенін құлағыма құйып тастады. Анамның ақылы – өмірлік сабақ, – дейді қызы Динара Мұхамеджанова.

Өмір бойғы бейнеттің зейне­тін көріп отырған Қамила әже жас күнінде қолөнермен айна­лысқан көрінеді. Ауылдастарының жасауын да дайындаған екен. Кейін ғана қолынан әл кеткен соң іс­мер­лікті қойған. Есесіне, балаларымен саяхаттағанды ұнатады. Ел көріп, жер аралағысы келеді. Аналарын алақанда ұстайтын ұл-қыздары барамын деген жеріне апарып, қамқорлықтарын аяған емес. Кішкентайларынан еңбекпен ­біте қайнасып өскен балалары­ның көбі кәсіпкер. Бірі жылқы өсір­се, енді бірі түйе шаруашылы­ғын дөңгелетіп отыр. Кіші ұлы Ақылбек омарта шаруашылығын ұстайды.

Қазір әулеттің ұйытқысы болып отырған көпбалалы әженің 21 немересі, 17 шөбересі бар. Немерелеріне пайдалы іспен шұ­ғылдануға кеңесін беріп, келін­деріне ұлттық қол өнер бұ­йым­да­рын дәріптеп келеді.

Жоғарыда атап өткендей, өңір­дің өнегелі от­басы облыстағы «Мерейлі от­басы» байқауында жеңімпаз деп та­нылып, респуб­ликалық сайыс­қа жолдама алды. Сәтін салса, жерлестері жеңіс­пен оралсын деген тілектерін білді­ріп отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы