• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

МЕРГЕН

739 рет
көрсетілді

Жеңіс – 65 Соғыс кезінде ерлікпен қаза болған снайпер Нұрбек Шаханұлы туралы дерек 65 жылдан соң белгілі болып отыр. Қанды қырғын аяқталғалы бері 65 жыл уақыт өтсе де, ұшты-күйлі хабарсыз кеткен өз туыстары мен бауырларын іздеп, әлі күнге дейін арманда жүрген отбасылар аз емес. Көптеген қазақ жауынгерлері сол соғыста хабар-ошарсыз жоқ болып кетті. Не өлі, не тірі екені белгісіз болып қалды. Әлі есімде, 1982 жылы Чехословакияға туристік сапармен барған кезімде бауырлас жауынгерлер бейітіне ат басын тірегеніміз бар. 200-дің үстіндегі бейіттердің 40-тан астамы белгісіз солдаттар қабірі болып шық­ты. Әрқайсысына көз тоқтата қарап, ең бол­маса біреуінің аты жазылған болар деп үміт­тене үңілгеніміз бар. Ондағы ойым – сол қабірлер арасынан өз анамның соғысқа атта­нып, сөйтіп із-түзсіз жоғалған ағатайы­ның аты-жөнін тауып қалам ба деген үміт еді. Әрине, ол жерден анамның бауырының есімін көре алмағам. Сөйтсе де елге келген соң, анамды хабардар етіп, “сол 40 жауынгердің біреуі сіздің ағаңыз болуы да мүмкін” деп жұбатқаным бар. Өз анам Бекзада Шаханқызы осы күні 80-нің үстінде. Соғыс туралы сөз бола қалса, әрдайым ағасы Нұрбекті сағына еске алады. Сондайда: “Әттең, Нұрбек туралы әйтеуір бір дерек табылса ғой”, деп қиялдап қоятынмын. Бір хабары жетсе, анам сондай қуанар еді деп ойлайтынмын. Таяуда бір тосын жаңалық болды. Мәскеуліктер Қорғаныс министрлігінің орталық мұражайынан соғыс кезінде қаза болған жауынгерлер жайлы деректер жинап, “Мемориал” атты электронды дерекнамалық жүйе ашыпты. Қызметтес інім Қайрат Аймұхамбетов сол сайтқа кіріп отырып, кенет... кеңес жауынгері, мерген жігіт Нұрбек Шаханұлы туралы деректерді көріп, менен сүйінші сұрады. Өз көзіме өзім сене алар емеспін. “Ойпырмай, осы Нұрбек – менің анам­ның бауыры болғаны ма?” деп ынтыға түс­тім. Дереккөздегі жазбаларды толқи отырып оқып жатырмын. “Шаханов Нұрбек, Қазақ КСР-ы, Қы­зыл­орда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақ­төбе селолық кеңесінде туған. Соңғы әскери қызметі – 88-гвардиялық атқыштар диви­зия­сы, аға сержант, бөлімше командирі. Соғысқан жері – Украинаның Донецк об­лысы. 1943 жылы 22 шілдеде майдан дала­сында қаза болған. Жерленген жері – Славянск ауданындағы Голая долина село­сы, 17 шақырым жердегі шығыс биіктігінің баурайы...” Бәрі сәйкес келіп тұр. Туған жері дәл көрсетілген. Осы деректерге сүйенсек, әлгі аталған жерде анау-мынау емес, 3744 жауынгер жерленіпті. Менің бала күнімнен бері анамның қайта-қайта айтып келе жатқан арманы ғой. Құлағыма сіңіп қалған әңгімелер жадым­да қайта жаңғырды. Нұрбек Шаханұлы 1942 жылы Жаңа­қорған аудандық әскери комиссариа­тынан әскерге шақырылған. Кейінірек Алматыдағы атқыштар даярлайтын қысқаша курста оқып жатырмын деп екі-үш рет үйге хат жазыпты. Ең соңғы Алматыдан жазған хатында “біз енді майданға аттанамыз” депті. Содан кейін далалық почтадан тағы да екі-үш рет хат келген де, сосын хабар біржола үзілген. Осы жерде ол кісі туралы аз-кем тоқталып өтелік. Нұрбек жас кезінде өте алғыр ұл болыпты. Мектепті 15 жасында аяқтап, Шымкенттегі Қапланбек зоо­­ветери­нарлық техникумында оқиды. Алғыр жеткіншек бұл оқу орнын да мер­зімінен бұрын аяқтап, елге оралып, мек­тепте директордың орынбасары бола­ды. Анамның айтуынша, Нұрбек сол кезде-ақ орыс тіліне өте жетік болған. Жоғары жақтан арнайы жіберілген Розамет Мұқа­шев деген білімді директормен әрдайым сөз жарыстырып, әртүрлі тарихи тақырыптарда пікір таластыра алады екен. Ұлы Отан соғысының нағыз қызған шағы. Ол мектепте жарты жыл ғана жұмыс істеп, өз еркімен майданға сұра­на­ды. Шешесі Көбелдесова Зәурекүлдің айтқанына көнбей, майданға аттанады. Әкесі Шахан Сыр бойына белгілі би болыпты. Ол 30-шы жылдары өмірден өткен. Ағалары Ілияс, Әкбар, Сәрсеннің де, апалары Мінайым, Ибагүл, қарын­дасы Бекзаданың да “елде жұмыс істей бермейсің бе” деген бауырлық тілек-сөзіне құлақ аспаған екен. Сөйтіп майданға аттаныпты. Қазақ жауынгерлері арасында соғыс кезінде мергендер аса көп болған жоқ. Аға сержанттың ерлік істері мен қанша жауды жайратқаны туралы деректер жоқтың қасы. Бұл орайда мерген Нұрбек Шаханұлы жайлы толық­қанды деректер жинастырылып, алдағы уақытта кеңінен сөз боларына сенімдіміз. Мерген қазақ 1943 жылғы шілде айында оққа ұшыпты. Қанды майдан даласында жер жастаныпты. Енді осы бір елеусіз қалған есіл ердің есімін қайта жаңғыртып, оның ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу – біздің перзенттік міндетіміз болуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі – ресейліктер жүйеге түсірген “Мемориал” электронды сайты қазақ жеріне де жетуі керек. Ең болмағанда өз жауынгерлерімізді өзіміз іздемейміз бе! “Елім, жұртым” деп ура­лап жауға шауып, қапияда жер жастанған боздақтардың аруағын асқақтату бүгінгі ұрпақ үшін аса жауапты іс. Бұл жұмысты ең алдымен біздің ұлттық Қорғаныс министрлігі қолға алса, соғыста ұшты-күйлі жоғалып кеткен боздақтарды табуға зор қолғабыс тигізер еді. Жолтай ЖҰМАТ, жазушы. Қызылорда облысы. ЕРЛІГІН ҮЛГІ ТҰТАР ҰРПАҒЫ БАР Ұлы Отан соғысына алғашқы күннен бастап соңына дейін қатысқан жанның бірі Айтқали Мәнкеев еді. Әскер қатарында жүргенде соғыс басталады. Ол кезде А.Мән­кеев небәрі 19 жаста бо­латын. Алдымен Воронеж май­данындағы соғысқа қатысып, кейін 1-ші Укра­ина майданының құра­мында Киев қаласын азат ету ұрысына қатысқан. Майдангер одан әрі жыл­жып, Карпат тауындағы шайқас кездерінде бір рет ауыр, бірнеше рет жеңіл жарақат алған. Барлау­шы­лар ротасының командирі болып, талай рет ұрыс ше­бінен “тіл” әкелу үшін атта­нып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орын­дайды. Ол әрдайым сұрапыл соғыс жылдарын­­дағы ауыр күндер жайлы еске алған­да, балаларына айтып бе­ретін-ді. Сондай әңгіменің бірін қазір Астана қала­сында тұратын ардагердің кенже қызы Рәзия Айт­қалиқызы сағынышпен еске алады. “Кіш­кентай кезімізде әкеміз жұмыстан келіп, көңілді отырғанда, соғыс жайлы әңгіме айт деп жалынатын едік. Сонда әкем: “Бірде штаб бұйрығына сәйкес төрт жауынгермен “тіл” әкелуге шықтық. Жау шебіне жер бауырлап барып, дауысымызды шығармай, олардың окоптарына да жеттік-ау. Қарасақ, бір немістің жауынгері окоптың шетінде ойланып жайбарақат отыр екен. Төртеуміз оны жерге құлатып, аузына шүбе­рек салып, үнін шығармай алып шықтық. Жау жақ та тым-тырыс. “Енді құтылдық қой” деп демімізді ала бергенімізде, немістер пулеметпен оқ жаудырды. Бір немісті ұрлап кеткенімізді байқаған ғой. Дегенмен бекінген жерімізге аман-есен оралдық, тек екі жауынгеріміз жараланды. Ал алып келген неміс өте құпия сақталған біраз құнды мәліметтерді айтты, – деп оқиғаны айта келіп, – Бірақ, барлық операциялар да олай сәтті бола бермей­­тін еді. Соғыс кезінде талай түрі басқа болса да, тілегіміз бір жолдас­тарымнан, достарымнан айрыл­дым”, – деп күрсінетін әкем. А.Мәнкеев 1943 жылы Вена қала­сындағы шайқаста жараланып, кейіннен Подольск қа­ласындағы сержанттар мек­­те­біне жіберіледі. 1945 жылдың қараша ай­ында ғана елге ора­лады. Қатал уақыттың те­зіне шыңдалған қажыр-қайратын адал еңбек жо­лында жұмсаған Айт­қали Мәнкейұлын ел-жұрты, араласқан ортасы парасатты азамат деп үлгі тұтатын. Өзі басшы­лық жасаған кеңшардың әрбір тұрғыны оның талапшылдығымен қатар адам­дардан қолдан келер көмегін аямайтын мейі­­­рімділігін де жақсы білуші еді. Зайы­бы Хадиша Өтениязқызы екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі жоғары білімді, сан салада еңбек етуде. Ата-анасының өз ортасына көрсеткен құрметі балаларына да өнеге-ғибрат болып дарыған. Бүгінгі таңда Айтқали Мәнкей­ұлының ұрпақтары тыныштық орнаған тәуелсіз елдің берекелі шаңырағының ас­тында бақытты өмір сүріп, тәлімді тәрбие алып келеді. Отан қорғаған аталарын мақтаныш тұтады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА.