Елордада өтіп жатқан Қазақстан драма театрларының Шолпан Жандарбекова атындағы республикалық XXVIII фестивалі аясында тұлға жайлы қос бірдей тағылымды еңбек жарыққа шықты. Оның алғашқысы Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев туралы естеліктер жинағы мен «Бала мерген» драмалық шығармалар екі томдығы болса, екіншісі – «Алаштың Ақтоқтысы» атанған аңыз актриса, театр мен кино жұлдызы, КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекова жайлы «Шолпан жұлдыз» кітабының оқырманмен қауышуы. Қазақ театр тарихына теңдессіз тарту болып қосылған атаулы еңбектің қай-қайсысы да ұлттық өнеріміз үшін өлшеусіз олжа екені даусыз.
Қадірі бөлек Қадыр
Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының тарихы сөз болғанда, әсте режиссер, Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев есімінен аттап өте алмайтынымыз сөзсіз. Себебі өз өмірін түгелдей театр саласына арнаған талантты тұлғаның, әсіресе Қаллеки театрының алғашқы құрылу мен қалыптасу жылдарындағы сіңірген еңбегі ерен. Суреткердің биылғы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманымен қауышқан қос томдық кітап – режиссер әлеміне бойлап, тұлға табиғатын тереңнен тануға бағытталған теңдессіз қазына. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқанның құрастыруымен жарық көрген кітаптың алғашқы томына Қадыр Жетпісбаев туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылса, екінші бөліміне режиссер қаламынан туған 4 пьеса – «Бала мерген», «Алтыатар» «Өткел етіп өмірін» және «Көрген түстей» туындылары жинақталған. Суреткердің «Алтыатар» мен «Бала мерген» пьесалары кезінде республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында, сондай-ақ облыстық театрларда қойылып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленсе, әлеуметтік проблемаларды көтерген «Өткел етіп өмірін» және «Көрген түстей» пьесалары да мамандар тарапынан жоғары бағаланған шоқтығы биік шығармалар.
Кітапты құрастырушы автор Аманкелді Мұқанның айтуынша, «Бала мерген» ертегісі 1980 жылы 10 мың данамен шыққан екен, бірақ ол кітапты қазіргі таңда кітапханалардан табу мүмкін емес. Сондықтан да автор Қадыр Жетпісбаевтың драматургиялық шығармаларын бір кітапқа жинақтап, қайта басып шығаруға тәуекел етіпті. «Бұл кітаптың құндылығы – балалар мен жастарды тәрбиелеуде таптырмас құрал болмақ» деп есептейді ол.
– Бұл 9 айға созылған марафон болды десем де болады. Сәтті аяқтап Ж.Жандарбекова атындағы республикалық ХХVІІІ театрлар фестивалі аясында оқырманға жол тартып отыр. Қолжетімді деректің біразын жинап, теріп, құрастырып, реттеп, өмірбаяндық және шығармашылық белестерін анықтап, толымды Қадыртанудың негізін жасадық деп ойлаймын. Бұл басы болсын. Қазақтың айтуға тұрарлық әрбір талантты тұлғасы туралы толымды зерттеулер, естеліктер, монографиялар шыға берсін. Режиссер көп – Қадыр дара, суреткер көп – Қадыр ерекше, тұлға көп – Қадыр бөлек. Дәл қазіргі мендегі хал – көзден таса бола бастаған тұлғаға қызмет көрсетуден, аруағына тағзым етуден асқан бақыт көрмедім, деп автор кітап жайлы ойларын тебірене түйіндеді.
Жинаққа енген пьесалардың көтерген тақырыптары мен ой-идеялары бүгінгі көрермендер үшін де өзінің көркемдік құндылығы мен қажеттілігін жоғалтпаған. Аталған пьесалар кәсіби театр репертуарын және халық театрларының қажеттілігін өтей алатын құнды қазына екені даусыз.
Жүрекжарды жазбалар
Фестивальдың тағы бір олжасы – 500 данамен жарық көрген театр мен кино актрисасы, КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекова туралы жан-жақты сыр қозғалатын «Шолпан жұлдыз» кітабының оқырманына жол тартуы. Ерғазы Төлеудің құрастыруымен баспа көрген деректі-танымдық еңбек актрисаның өнер мен өмір жолындағы өнегелі іздерінен мағлұмат береді. Айтулы жинақтың құндылығы сол – сахна саңлағы туралы әр жылдарда басылым беттерінде жарияланған мақалалар жүйелі түрде жинақталып берілген.
Кітаптың «Жәдігер жазбалар» бөлімінде Шолпан Жандарбекованың өз тағдыры жайында баяны, өнердегі жолының қалай басталғандығы, жанынан табылған жақсы адамдардың шарапаты туралы қамтылған. Өнердегі әріптесі атақты актриса Бикен Римова, әйгілі Қанабек Байсейітов, өмірлік серігі Құрманбек Жандарбековтің естеліктері де кітаптың құндылығын арттырған. Ал жинақтың «Жүрекжарды» деп аталатын екінші бөлімінде сахнагердің кісілік қасиеті, ерекше бекзат болмысы, сахнадағы сәулелі сәттері туралы қатар жүрген құрбы, замандастары, сахнада бірге өнер көрсеткен әріптестері, көзкөрген сыйлас жандары естелік айтады. Қазақстанның халық әртістері Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Салиха Қожақова бастаған сахна майталмандарының естелігін тебіренбей оқу мүмкін емес. «Сөнбес сәуле» аталатын үшінші бөліміне театртанушылар мен театр сыншыларының өнер қайраткері Шолпан Жандарбекованың актерлік шеберлігі, сахнадағы бейнесі туралы жазған дүниелері мен салмақты сараптаулары енген.
Алқалы жиынның есте қалған һәм көңілді қуантқан тағы бір сүйінші жаңалығы – актрисаның өзі туған Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Мәдениет үйіне Шолпан Жандарбекова есімінің берілуі. Бұл туралы кітап тұсаукесерінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Кенжебалақызы хабарлады.
Сүйінші жаңалықты қуана қарсы алған Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамов: «Апай сахнада салиқалы бейнелер тудырып қана қоймай, екі мәрте қатарынан Баянауыл оругінен Қазақ кеңестік социалистік республикасының жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Депутат болмай жүрген кезінде де ауыл мәдениетінің өркендеуіне көп үлес қосты», деп өнер иесінің қайтаркерлік қырынан да сөз қозғап, тұлға есімінің ұлықталуына бағыталып жасалып жатқан бастамалардың қай-қайсысы да әділетті әрі көңілге қуаныш сыйлайтынын баса айтты.
«Алаштың Ақтоқтысы» атанған аңыз актриса Шолпан Жандарбекова – ұлттық театр және кино өнері тарихында өшпес із қалдырған ерекше тұлға, қайталанбас дарын иесі. «Абай жолы», «Дала үні», «Махаббат туралы поэма» және басқа да фильмдерінен бөлек, театр сахнасында ойнаған 300-ге жуық рөлінің қай-қайсысы да ізденіс биігіндегі салмақты сараптау болып театр тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Әсіресе Шолпан Жандарбекова сахналық соны өмір сыйлаған Ақтоқты бейнесі әлі күнге дейін халық аузында. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етіп, әртістердің алып шоғырын тәрбиелеп шығарған еңбегі өз алдына бір төбе. Шолпан Жандарбекованың шығармашылық жолы шын мәнінде сүйікті ісіне адалдық пен нағыз кәсібиліктің жарқын үлгісі екендігі сөзсіз. Ал тұсауы кесілген «Шолпан жұлдыз» кітабы актриса әлемін тануға ғана қызмет етіп қоймай, күллі қазақ театрына жасалған теңдессіз тарту екені анық.