• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Қазан, 2022

Жаңа тариф саясаты

309 рет
көрсетілді

Президент биылғы Жолдауда монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифі саясатына көшу керектігін тапсырған еді. Мұның қалай жүзеге асатынын Энергетика министрі Болат Ақшолақов түсіндіріп берді.

Б.Ақшолақовтың айтуынша, 2021 жылдан бері жалғасып келе жатқан электр энергиясының тап­­шылығы отандық энергия көз­дерінің ескіруінен орын алып отыр. Соның салдарынан жаб­дықтардың істен шығуы жиілеп кетті. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда авариялық тоқтап қалулар саны 22 пайызға, ал олардың ұзақ­ты­ғы 16 пайызға артқан. Қазіргі таң­да генерациялаушы қуаттар­дың тозуы шамамен 60 пайызды құрайды.

Ведомство басшысының пікі­ріне қарағанда, тұтынудың ре­кордтық өсуі аясында қалып­тас­қан ахуал мен саланың да­муын тежейтін факторлар бола­шақта елдің энергетикалық тұрақ­тылығына елеулі қатер төн­діруі мүмкін. Еске сала кетейік, 2009 жылдан 2015 жылға дейін елімізде электр энергиясына шекті тарифтерді енгізе отырып, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жұмыс істеді. Жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында 1,2 ГВт жаңа қуатты енгізу және 1,7 ГВт қуат­ты қалпына келтіру арқылы орташа мерзімді қуат резерві құрылды.

– «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» атты генерациялау секторындағы жаңартылған тарифтік саясатқа көшу міндеті жыл сайынғы инвестицияларды 3 есе ұлғайтуға жол ашады. Сондай-ақ тариф белгілеудегі тәсілдерді трансформациялау жолымен 2035 жылға қарай генерациялаушы қуаттардың тозуын 15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңартылған модельдің маңызды бөлігі – қолданыстағы қолдау тетіктерін және нарық тарапынан кері міндеттемелерді күшейту, – дейді Б.Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, электр энергиясына тарифтерді тежеу жөніндегі қазіргі саясат­та инфляцияның өсуі толық кө­лем­де ескерілмеген. Бұл сала­ның инвестициялық тартым­ды­лығына да әсер етеді. Өйткені энер­гетикалық кәсіпорындар­дың жұмыс тұрақтылығын қам­тамасыз ету үшін инфляция дең­ге­йіне индекстеуді көздейтін бол­жамды тарифтік саясат қажет.

– Қазіргі қолданыстағы электр қуаты нарығы шеңберін­де салаға салынған инвестиция­ларды қайтаруға жұмсалатын қа­ражат көлемінің лимиті 32 млрд теңге деңгейінде белгіленген. Энергетика министрлігі аталған лимитті 100 млрд теңгеге ұлғайту мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жұмыс істеп тұрған электр стансаларын қосымша жаңғырту және кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деді министр.

Сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақса­тында электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл жылына қо­сымша 35 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.

– Электр энергиясын сатудан түскен қаражат және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтер есебінен жылу энергиясын өн­діруге жұмсалған шығындарды өтеу мәселесі де қайта қаралуға тиіс. Яғни қарсы тоғыспалы субсидиялау алынып тасталуы керек, – деді Энергетика министрі.

Сонымен қатар ведомство бас­шысы тұтынушылардың жекелеген санаттарын тарифтердің өсуінің ықпалынан қорғау үшін бүгінгі тәжірибені ескере отырып, атаулы субсидиялау шарттары жасалатынын атап өтті.

Жылу энергетикасының әлеу­­меттік аспектісін ескере оты­­рып, инвестицияларды тар­ту­ды ынталандыратын және инвестиция- ларды қайта­ру кепілдігін қам­та­масыз ететін гибридті мо­дельді енгізу қажет болады. Ол жылу энергетика­сын бюд­жет­тік қаржыландырудың қолда­ныс­тағы тетіктерінен және мен­шік иеле­рінің инвес­ти­циялау жөніндегі тиісті міндет­темелерінен тұрмақ.

– Энергетикалық кәсіпорын­дарға өз активтерін дамыту үшін тарифтерден алынатын қа­ра­жаттан басқа, өз қаражатының бір бөлігін салу бойынша қар­сы міндеттемелер енгізіледі. Ұсынылып отырған шараларды толыққанды іске асыру үшін «Тарифті инвестицияларға ­айыр­­бастау» саясаты шеңберін­де алынған қаражаттың мақсат­ты пайдаланылуына уәкілетті органның бақылау жүргізу функ­цияларын қайтару, сондай-ақ салынған инвестициялар шең­берінде қол жеткізілуге тиіс көр­сет­кіштерді белгілеу қажет, – дейді Б.Ақшолақов.