Сағадат Нұрмағамбетов! Жайдары да кішіпейіл, ақкөңіл де қарапайым осы бір аяулы жанмен біздің түрлі жағдайда, әртүрлі кездерде төрт рет кездесіп, сұхбаттасқанымыз бар. Алғашқы жүздесу 1980 жылы «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенде, одан кейінгі жолығысу 1990 жылы «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет атқарған кезде болған еді. Ал асыл ағамен жолымыз үшінші рет «Халық кеңесі» басылымындағы дөңгелек үстел үстінде түйісіп, төртінші әңгімелесуіміз «Егемен Қазақстанның» тапсырмасымен 2006 жылы тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына тұспа-тұс келген-тін. Сондағы сұхбат-әңгімелер өз кезінде жоғарыдағы аттары аталған газет-журналдарда жарияланған. Оқырмандардан лайықты бағасын алған. Жүрекке жылы сезім ұялататын сол сәттерді Сағадат Қожахметұлының туғанына 90 жыл толу қарсаңында еске алу да бір ғанибет қазір. Содан туған әсермен үлкен әскери қайраткер, жоғары адамгершілік пен биік парасат иесінің бізбен жүздесулердегі айтылып, сақталып қалған стенограммалық жазбаларды қайыра қарап шыққанымыз бар. Сонда олардың ішінде әлі де өзіндік айтары бар дүниелер мол болып шықты. Осыларды көргеннен кейін төменде біз бір кездегі газет талабына сай қысқа ғана айтылып, шолақ қайырылған және қысқарған пікірлерді кеңейтіп, материалдарды жазу кезінде оларға сыймай, қалып қойған деректер мен дәйектерге толы ой орамдарын жинақтап, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Ж.А: Жас кезіңізде кім болуды армандаған едіңіз? Сондағы қиялдаған мамандығыңыз қазіргі кәсібіңізбен үйлесім тапты деп ойлайсыз ба?
– С.Н: Жоқ. Мектеп қабырғасында жүргенде мен география пәнінің мұғалімі болуды армандайтынмын. Бұған деген ынтызарлығымды ұстазым Клавдия Ивановна Белецкая оятқан еді. Сол кездері біздерге, 7-8 класс оқушыларына осы пәннен сабақ берген ол кісі мектептегі жалғыз көрнекі құрал – ұстай-ұстай ақжемденіп кеткен құрлықтар глобусын шыр айналдыра отырып, Магеллан, Миклухо-Маклай, Пржевальский саяхаттарын сөз етіп, қиял құсын Еуропа, Азия елдеріне ұшырғанда: «Шіркін, сол жерлерге барар ма еді, көрер ме еді?» – деп ойлайтынмын. Балаң кезде бүр жарған арманның бірі – Еуропаны көруін көрдім. Бірақ мен ол жерге саяхатшы, географ емес, екінші дүниежүзілік соғыстағы азаттық армиясының солдаты болып бардым.
– Ж.А: Ел басына күн туған сол бір сұрапыл жылдардағы фотосуреттерден біз петлицаны, сонан соң..., погонды майдангер аға, әкелерімізді жиі көреміз. Әңгіме орайында, Қызыл Армия жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысындағы әскери формасының не себепті өзгергендігі жөнінде айта кетуге болмас па екен?
– С.Н: Қызыл Армия жауынгерлері Мәскеу түбіндегі атақты шайқастан кейінгі іргелі бетбұрыстың әрбір кезеңін Жеңіске жақындата түскен күн деп білді. Олар ертең басқыншыларды өз жерінен қуып шығып қана қоймай, Еуропа халықтарын фашизм құлдығынан құтқару миссиясына да қатыспақ. Сонда өздерін азат етуші кеңес жауынгерлері мен оның офицер кадрларының әскери белгілерін жұрт қалай танып білмек? Сол уақытқа дейінгі жағаға тағылып келе жатқан петлица бұл міндетті атқара алмасы анық. Оның үстіне кеңес елі армиясының сырт тұлғасы, жалпы көрінісі бірден ерекшеленіп, басқалар үлгі аларлықтай болып тұруы керек қой. Міне, КСРО басшылығы біздің жауынгерлеріміздің рухын көтеретін осындай жайлардың өзін елеусіз қалдырмай, алдын ала ескере отырып, Жеңіс күніне дейін оларды жаңа әскери формамен жабдықтауды дұрыс деп тапты. Бұл шешім – 1943 жылдың ақпан айында жүзеге асырылды.
– Ж.А: Ұлы Отан соғысының 1418 күнге созылғаны бәрімізге жақсы мәлім. Осы уақыт ішіндегі сіздің өміріңіздегі ең ауыр, ең мазасыз, ең бақытты үш сәт деп қандай жайттарды айтар едіңіз?
– С.Н: Бұл дүниеде не ауыр десек, ол өзің қаламаған нәрсені көзбен көрген қиын екен. Мәселен, жан алып, жан беріскен шайқастан соң жауды бір адым болса да ары жылжыттық-ау деген қуанышпен әрбір елді мекенге ентелей жетіп келгенде көп ретте төбеден ұрғандай тұрып қалатынсың. Көз алдыңда жүректі сыздатар сурет: діңінен қақ айырылған ағаштар... терезесі үңірейген үйлер... желден ысқырық тартқан мұржалар шалынар еді. Міне, мен үшін осыларды көру соғыстағы ең ауыр сәттер болды.
Жоғарыдағы қойылған сұрағыңның екіншісіне келер болсақ, сол уақыттардың ішіндегі көбірек мазасызданған кезім деп мынаны айтар едім. Ол біздің 301-атқыштар дивизиясы (бұған 1052-полк, соның ішінде мен басқаратын 2-батальон да кіретін) жауынгерлерінің 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Кубань-Днепр-Молдавия-Польша жерлерін басқыншылардан азат ете отырып, ескі герман шекарасы Мангушев плацдармына иек артқан шақ. Готикалық стильмен салынған неміс қалашығы Кюстринді көргенде жүрек шіркін соғыстың аяқталуына аз қалғанын, жеңіс күнінің таяғанын сезгендей еді. Не керек, өз басым ертең шабуылға шығамыз деген 1945 жылғы 14 қаңтардың сол бір бозамық таңын шыдамсыздық сезіммен мазасыздана күткенім бар.
Ал соғыстағы менің өмірімдегі ең бақытты сәт дегенге келер болсақ, ол әрине: «Көруге күн жазса...» дейтін ақ тілек арманым – ұлы Жеңіске куәгер болуым. Мұны сөзбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес.
– Ж.А: Сіз бен біз мына бір өмірлік факт төңірегінде ойланайықшы: жүйкені жұқартатын бомба үні, ысқырған оқ астында шабуылға шығу. Оның үстіне сандаған тәуліктерді ұйқысыз өткізу, сақылдаған сары аязда сағаттар бойы қар үстінде қимылсыз жату, мезгілімен тамақтанбау, барлауда өзен жалдап өту... Бұл соғыс кезіндегі жауынгерлер басынан кешірген қиындықтар. Бір таңғаларлық жайт, сонда олар тіпті, бейбіт кезеңдегі бел алатын сырқат – тұмау, суық тию, құяңмен ауырмаған ғой. Өз ойыңызша адамдардың соғыс кезіндегі осындай төзімділік қасиетін немен түсіндіруге болар еді деп ойлайсыз?
– С.Н: Бұл сұрақ маған майдангер жазушы Константин Симоновтың «Соғыс күнделіктері» дейтін шығармасындағы мына бір оқиғаны еске түсіріп отыр. Сол кездері «Красная звезда» газетінің майдандағы тілшісі болған ол 1943 жылдың қақаған қара суығында «инелік» деп аталатын әуе көлігі «У-2»-мен көршілес дивизияға бармақшы болады. Самолет жерден көтеріле бергенде тілшінің тұмағын жел ұшырып әкеткен. Константин Симоновтың мұндағы айтайын деп отырғаны, барар жеріне бас киімсіз жеткендігін баяндау емес, мәселе сол естеліктің соңындағы: «Уақытында ұшып түсіп ауырмағаныммен сырқат ізі кейіннен біліне бастағандай болды. Қазір басым суыққа өте төзімсіз. Сәл салқын тисе, қақсап қоя береді», деген сөйлемде. Байқайсың ба, күздің сондағы өткен қара суығы Константин Симоновқа кейіннен біліне бастаған. Содан ол өмір бойы зардап шеккен.
Соғыста адамдар неге ауырмасын... Ауырды. Бірақ сол кезде олардың ойында, санасында бір ғана жауапкершілік – Отанды қорғау жауапкершілігі атой салып тұрды. Сондықтан да: «Бүгін етігімнен су өтті, ертең ауырамын-ау», – деген жай кездегі жаныңды күйттейтін ой ол кезде біз үшін жат еді.
– Ж.А: Сіздің үйіңізде қазір сол соғыс жылдарындағы өзіңіздің жауынгерлік жолыңызды еске түсіретін заттар сақталған ба? Сақталса ол нендей дүниелер?
– С.Н: Шайқас күндерінен қалған бір белгі – тапаншамның кобурасын 1946 жылы Мәскеудегі оқудан Қазақстанның 25 жылдық тойына келгенде Алматыдағы орталық музей қызметкерлерінің аттай қалап сұрап алғаны бар. Ал өзімде қалғаны – жаңбыр тамшыларынан парақтарына сия жайылып кеткен ескі блокнот, әйнегі сынған қол сағат пен былғары куртка ғана.
– Ж.А: Мынадай сұраққа жауап берсеңіз... Сіздің әскери қызметіңіздің көптеген жылы Кеңес Армиясы қатарында өтті. Сол уақыт ішінде ірі-ірі деген қолбасшылармен кездесіп, жүздесудің сәті түсті ме? Олар кімдер? Бұл кісілердің қазақ халқына, оның жауынгер ұлдарына деген ілтипат-лебіздері қандай еді?
– С.Н: Иә, өз өмірімде мен көптеген әскери қайраткерлермен кездесіп, жүздескен жайым бар. Оған алдыңғы кезекте Кеңес Одағының маршалы К.К.Рокоссовскийді айтар едім. Константин Константиновичпен мен 1965 жылы Мәскеу түбіндегі қорғаныстың 24 жылдығы мерекесінде кездестім. Атағы аңызға айналған қолбасшымен Волоколам, Истра, Горюны, Нахабино елді мекендерін бірге араладық. Дубосеково разъезіне келгенімізде ол кісі маған қазақстандық жауынгерлердің ерлік істерін ұмытпағанын айта келіп былай деді. «Енді қаншалықты өмір сүретінімізді кім білсін, жолдас генерал. Бірақ сізге мына бір сөзімді ашық айтуға тиіспін. Қазақстан біздің ортақ жеңісіміз үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Соғыс жылдарында біз бұл республикадан шығатын қорғасынның, көмір мен темірдің, оның колхоздарында өндірілетін азық-түліктің Отанымыздың қорғаныс қуатын арттыруға қаншалықты зор үлес болып табылатынын жақсы білдік. Сол кездері тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ісінен майдандағы жерлестерінің ерлігі асып-түспесе кем болған жоқ. Қазақстаннан келіп шайқасқа кірген әскери бөлімдер қай жерде болмасын өжет қимыл танытты. Мәселен, мен, 1941 жылдың күзінде 16-шы армияға жетекшілік еткен кезімде осы республикадан жасақталған 8-ші гвардиялық дивизияның қарамағыма келіп, Москваны жанкештілікпен қалай қорғағанын өте жақсы білемін.
Сіздің жерлестеріңіз Сталинград шайқасында да үлкен өнегелілік көрсетті. Мен ол кезде сондағы Орталық майданның қолбасшысы едім. Сол бір қысылтаяң, қиын уақытта Қазақ ССР-інен келіп жетіп, шайқасқа кірген 72-ші, 73-ші дивизиялар тылдағы жерлестерін ұятқа қалдырған жоқ, өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Сол үшін де осы қос дивизия «гвардиялық» деген құрметті атаққа ие болды».
Қазақстандық жауынгерлер туралы дәл жоғарыдағыдай жүрекжарды шын сөзін айтқан екінші бір адам ол әскери жазушы В.Карповтың «Қолбасшы» атты деректі романындағы (айтпақшы, В.Карпов екеуміз Ташкентте бір бөлімде қызмет еттік, кейін ол подполковник шенінде отставкаға шығып, жазушылыққа біржолата бет бұрды) басты кейіпкер армия генералы И.Е.Петров еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқты ерлік жолынан өткен осы бір тамаша адам 1946-1950 жылдар аралығында Түркістан әскери округінде қолбасшы болғанда мен осы кісінің қол астында қызмет еттім. Иван Ефимовичтің айрықша бір қасиеті Орталық Азиядағы 5 республиканың өзіне тән ерекшеліктерін өте жақсы білетін. Оған қарапайымдылық, ұлттық әскери кадрларға деген қамқорлық, халықтардың, соның ішінде, қазақ халқының салт-дәстүрлерін терең сезіммен сыйлай білушілік сияқты қасиеттер тән еді.
Біздің халқымызға деген мұндай сүйіспеншілікті армия генералы С.И.Лучинскийден де байқағаным бар. Осы бір өте ірі әскери басшы шын мәніндегі нағыз интернационалистің өзі еді. Ол Түркістан әскери округіндегі дивизия, полкке жетекшілік ететін командирлердің арасында жергілікті ұлт өкілдері болуы қажет екенін батыл жақтап, бұл ойын іс жүзіне асыра да білетін. Оның айқын бір дәлелі, осы қолбасшының тұсында екі қазақ офицері – полковник Есболған Қалиев және сол кездегі подполковник шеніндегі мына мен Түркістан әскери округінің тарихында тұңғыш рет полк командирлері болып бекігеніміз бар. Бұл 1949 жылы еді.
– Ж.А: КСРО кезінде оның Қарулы Күштерінде өзіңіз сияқты 6-7 қазақ генералы болды. Былайғы жұрт ондай ағаларымыздың аты-жөнінен хабардар болғанымен, істеген ісін, атқарған қызметін көп біле бермейді. Бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен сұрап отырмыз, сіз сол қазақ генералдарының бәрін болмаса да өзіңіз өте жақсы білетін кейбіреулерінің қасиеттерін, қабілеттерін айтып бере алар ма едіңіз?
– С.Н: Бұл бағыттағы әңгімені генерал-майор Шәкір Жексенбаевтан бастағанымыз жөн шығар деп ойлаймын. Неге десеңіз, ол біздің ғасырымыздағы екі үлкен соғысқа – 1918-1920 жылдардағы азамат және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жан. Содан кейін жалпы бұл кісі кеңес дәуіріндегі қазақ әскери кадрларының ішінен генералдық дәрежеге бірінші болып көтерілген адам. Бұл 1943 жылы болатын. Тұңғыш қазақ генералы оның тағы бір ерекшелігін айтайын, ол кеңес армиясындағы химиялық қаруды алғаш сынақтан өткізуге қатысқан, оның қыры мен сырын өте жетік меңгерген маман еді. Осындай өмірлік тәжірибесі бай адаммен мен алғаш рет Ұлы Отан соғысынан кейін Алматыда, Қазақстанның 25 жылдық тойында жолықтым. Сол алғашқы кездесуде де, одан кейінгі жүздесулерде де Шәкір Жексенбаев менің жадымда өзінің жинақы, ширақ жүріс-тұрысымен, мәдениетті, тәрбиелі сөздерімен, нағыз педагогқа ғана тән ерекше қасиетімен ұмытылмастай болып қалып қойды.
Сөз орайында тағы бір қазақ генералы Нұрлы Бәйкенов туралы айтпай кете алмаймын. Осы бір тамаша, абзал азаматпен менің таныстығым ең алғаш рет 50-жылдардың орта тұсында басталды да достық, сыйластық қарым-қатынасымыз ол кісі өмірден озғанша үзілген жоқ. Осы күнге дейін есімде, мен М.В.Фрунзе атындағы академияны бітіргенімде, ол Термездегі әскери бөлімде полк командирінің орынбасары еді. Содан кейінгі 30 жылға жуық уақыт ішінде Нұрлы Бәйкеновтің бойындағы шыншылдық, адалдық, өз жұмысына шексіз берілгендік, жас кадрларға қамқорлық сияқты қасиеттерге ерекше тәнті болдым. Көп жылғы әскери қызметімде мен талай генералдармен араласып, сыйласқан жанмын. Бірақ солардың ішінен қарапайымдылығы, кішіпейілділігі және мәдениеттілігі жағынан Нұрлы Бәйкеновке тең келетін адамды көргенім жоқ. Бұл өмірде ондай адамдар аз, иә... аз.
Өзіміз әңгіме етіп отырған тақырыпқа байланысты сөзімнің соңын генерал-лейтенант Жансен Кереевпен аяқтайын. 53 жылдық аз ғана ғұмырының ішінде ол қатардағы училище курсантынан КСРО Қарулы Күштері Бас штабының басқарма бастығына дейінгі жолдан тез өтіп үлгерді. Ойлап қараңыз, біз сөз етіп отырған азамат кезінде жас болуы себепті Ұлы Отан соғысына қатыспаған. Әскери қызметін тек бейбіт күндері, 50-жылдары ғана бастаған. Соның өзінде КСРО Қарулы Күштерінің күрмеуі көп күрделі қызмет баспалдақтарынан сүрінбей өте білді. Оған себеп болған Жансен Кереевтің әскери тума таланты мен қызмет бабындағы, жұмыс барысындағы кез келген істе зеректік, алғырлық, сергектік және принциптілік танытуы деп ойлаймын. Амал жоқ, ерте қайтыс болып кетті. Әйтпесе, жұлдызы одан да жоғары жарқырайтын жан еді. Тағдыр оған оны көруді жаздыртпады.
– Ж.А: Кеңес өкіметі кезінде бізде қатеге айналған қағидалардың көп болғаны тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ашық айтылып, елге енді белгілі болып жатыр ғой. Солардың дұрыс емес екендігін біле тұрсақ та уақытында іштей булығып, оған тек күйінетінбіз де қоятынбыз. Сондай сәттер сіздің басыңызда да болды ма? Болса ол қандай жайларға байланысты еді?
– С.Н: Бұл сұраққа мен мына төмендегі бір мәселені айта отырып жауап бергім келеді. Өзің де жақсы білетін болуың керек, бізде көп жылдар бойы ұлттық намысымызға тиетін жаңсақ ұғым қалыптасып келді. Ол 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының тек 2-ақ пайызы сауатты болды деген қате қағида еді. Бұл – көпе-көрінеу бұрмалау, бізге жасалған қиянат болатын. Олай дейтінім, Ресейдегі 1897 жылы өткен тұңғыш халық санағының деректері бойынша қазақ даласындағы 9 бен 49 жас аралығындағылардың сауаттылық дәрежесі 8,1 пайыз болған. Мұны Мәскеуден 1985 жылы шыққан «Демографиялық энциклопедиялық сөздіктің» 117-бетіндегі мәлімет анық дәлелдейді. Сондағы 8,1 пайызға қазақ ауылдарындағы мұсылманша білім алып, араб әрпімен хат танығандардың санын қосатын болсақ, халқымыздың сауаттылық дәрежесі кем дегенде 15 пайыздың үстіне шығары даусыз. Кезінде мен, міне, осыған қатты күйініп, намыстанғаным бар. Құдайға шүкір, қазіргі қол жеткізген тәуелсіздігіміздің арқасында қатеге айналған сол қағидалар түзетіліп, қалпына келтіріліп жатыр ғой. Егемен елдің еркін азаматы ретінде осыған қуанамын, осыған ризашылығымды білдіремін.
– Ж.А: Ал жеке өміріңізде ше? Айталық, оңашада отырып, өткен кезіңізге көз салып қарағаныңызда, кеудеңізде әттеген-ай дейтін немесе қателік пен ағаттықты неліктен солай жіберіп алдым екен деген өкінішіңіз жоқ па?
– С.Н: Бір оқиға есімнен кетпейді. Сол жағдай соңғы кездері ойыма жиі оралып, жанымды жегідей жейді. Төлеген Нұрмағамбетов деген бауырым бар еді. Өзім туып-өскен Ақмола облысындағы Ақкөл ауданының Еңбекші ауылында тұратын. 1984 жылы Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары болып жүргенімде сол інімнен хат келді. Онда 1965 жылы өмірге келген Кеңес деген баласының әскери міндетті борышын өтеуге шақырылып, Ауғанстанға баратынын жазыпты. Артынша телефонмен хабарласып, ұлы үшін әке көңілінің алаңдайтынын айтты. Әскери адаммын ғой. Соғысты да, басқа да қиындықтарды көп көргеніммен, соншалықты қатыгез, тікбақай адам сияқты емес едім. Сол жолы жаңылыстым. «Ештеңе жоқ. Елдің баласының бәрі барып жатқан жер ғой. Әлі-ақ аман-есен оралады», – дедім. Содан көп кешікпей өзім де кеңес әскерлері «Оңтүстік» тобына қарайтын 40-шы армия қолбасшысының орынбасары болып Ауғанстан шекарасы іргесіндегі Кушка қаласына аттандым. Екі айдан соң суық хабар естідім. Он екіде бір гүлі ашылмаған Кеңес Төлегенұлы Нұрмағамбетов Кабул қаласының іргесінде оққа ұшыпты. Міне, менің принциптілігімнің түрі. Міне, менің ақжүрек, адалдығымның құны. «Сол кездері інімнің тілін алып, қарамағымдағыларға бауырымның баласын штабтағы кеңсе жұмысына ауыстыруға пәрмен берсем, ештеңем кетпес еді. Сонда есіл боздақ тірі қалар ма еді, қайтер еді», – деп өзімді-өзім іштей жазғырамын. Өкінемін. Өмірде сирек қателесетін адам едім. Сол жолы дұрыс шешім жасамадым. Ал оның салдары жоғарыдағыдай болды. Өмірдегі ең үлкен ағаттығым осы болды, қарағым.
... Сағадат ағамен 1980, 1990, 1994 және 2006 жылдардағы кездесулерден қалған қойын дәптерлердегі жоғарыдағыдай оқиғалар мен өмір суреттері өте көп. Олар сені жігерлендіреді. Ойландырады және күрсіндіреді. Бұлар осынысымен де қызықты, құнды әрі мәнді.
Мақаламыздың соңын сондағы жүздесулерде жүргізілген стенограмма жазбаларындағы мына бір штрих-детальмен аяқтайық. 2006 жылғы әңгімелесу барысында: «Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?» деген сауалға ол кісі: «Кітап оқуды, одан ешқашан жалыққан емеспін», – депті де: «Әдебиет пен өнерге көзқарасыңызды білсек», – деген сұраққа өте қызықты мысалдар арқылы жақсы жауап қайтарыпты. Олар кезінде газетте жарық көргендіктен, бұларды қайталап тәптіштеп айтып жатпай, қарт жазушы Адырбек Сопыбековтің осы тақырыпқа қатысты тосын әңгімесімен толықтырайық.
Жанболат Аупбаев,
«Егемен Қазақстан».