Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені тағы да жоғарылатып, жылдық 16 пайызға көтерді. Инфляцияның ырық бермеуі осылай істеуге мәжбүрлеп отыр. Бас қаржылық қадағалаушының мәлімдеуінше, бұл шешім мөлшерлеме траекториясын түзетеді, ол алдыңғы шешімдер мен коммуникациялар бойынша айқындалған бағыт пен қарқынды сақтайды. Мөлшерлеменің артуы өсіп отырған инфляциялық қысымды көрсететін факторлардың жиынтығына байланысты. Қазір еліміздегі инфляция деңгейі – 17,7 пайыз.
«Қыркүйек айының нәтижесі бойынша инфляция болжамнан айтарлықтай асып түсті. Шешім қабылдауға негізгі факторлар – жоғары инфляциялық күтулер, орнықты сұраныс, фискалдық серпін, тұрақты тауар жеткізу жолдарына қайта бағыттауға байланысты өндіріс шығасыларының өсуі, сыртқы инфляцияның жалғасып отырған әсері, оның ішінде сақталып отырған Ресей рублі бағамының күшеюі болды. Жоғарылаған инфляциялық күтулер баға мен тұтынуға қысым жасайды. Мұның бәрі 2023 жылы инфляциялық процестердің бақылануын сақтау үшін барынша қатаң ақша-кредит талаптарын қажет етеді», делінген мәлімдемеде.
Қазір инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағаның орнықты өсуі байқалады. Тиісінше, халықтың да, кәсіби макроэкономистердің де инфляциялық болжамы едәуір өскен. Халық тарапынан бағаның болашақтағы өсуін бағалау көбіне азық-түлік өнімдері бағасының өзгеруіне, сыртқы оқиғаларға және айырбастау бағамының құбылуына байланысты екен. Дегенмен экономикалық белсенділік динамикасы біздің болжамға сәйкес қалыптасуда.
«2022 жылдың қаңтар-қыркүйектегі қорытынды бойынша ІЖӨ 2,8 пайызға өсті. Іскерлік белсенділік негізінен тау-кен өнеркәсібіндегі әлсіз динамика есебінен баяулады. ІЖӨ динамикасына мұнайға қатысты емес секторлар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, көлік және ауыл шаруашылығы оң үлес қосуда. Тұтынушылық сұраныс инфляциялық процестердің өсуі аясында оң үрдісті сақтап отыр. 2022 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша номиналды бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға өсті», деді.
Ұлттық банк дерегі бойынша, көптеген елде тұтынушылық инфляция үдеп келеді. Еуроодақта биыл қыркүйекте инфляция 10,9 пайыз болды. Атап айтқанда, Германияда инфляция 8,8 пайыздан 10,9 пайызға дейін жылдамдады. АҚШ-та инфляция АҚШ ФРЖ-ның агрессивті саясатына қарамастан бұрынғы деңгейінде қалды. Мұндай жағдайларда орталық банктердің көпшілігі инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізуге басымдық бере отырып, монетарлық саясатты қатаңдатуды жалғастырып келеді. Мәселен, АҚШ ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемесі биылғы жылдың басынан бастап 0,25 пайыздан 3,25 пайызға дейін біртіндеп көтерілді. Ұлттық банк те қазіргі жағдайды ескере отырып, таяудағы отырыстарда базалық мөлшерлемені көтеру әлеуеті сақталып отырғанын жеткізді. «Ұлттық банк проинфляциялық тәуекелдердің жай-күйін негізге ала отырып, ақша-кредит талаптарын қатаңдатуды жалғастыруға ниетті» делінген мәлімдемеде.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, 22,2 пайызға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосты.
«Азық-түлік инфляциясы құрылымында жұмыртқа, өсімдік майлары, құс еті, нан-тоқаш өнімдері, жарма мен сүт өнімдері бағасының барынша өскені байқалады. Ал жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуі белгілі бір дезинфляциялық ықпал етті. 2022 жылы қыркүйекте азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,0 пайызға дейін жеделдеді. Жиһаз, жуу және тазалау құралдары, үй шаруашылығын жүргізуге арналған тауарлар, көмір, отын және аяқкиім құны да айтарлықтай өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 12,3 пайызға жетті. Тұрғын үй жалдау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінің жекелеген түрлері құнының өсуі де инфляцияға негізгі үлес қосты. Қыркүйекте базалық инфляция 19,7 пайызға (тамызда – 17,8 пайыз) жетіп, жылдық инфляцияның тұрақты өсуін көрсетті. Бұл тауарлар мен қызметтер бағасының жоғары қарқынмен өсуін растайды.
Тұтыну бағасының жедел қарқынмен өсуі барлық көрсеткіш бойынша байқалып отыр. Мәселен, соңғы айларда маусымдық факторды ескермегендегі инфляция тұрақты өсіп келеді. Оның жылдық мәнге келтірілген көрсеткіші шілде айында 17,7 пайызға дейін баяулағаннан кейін тамыз айында 23,2 пайызға дейін өсті, қыркүйек айында 26,8 пайызға дейін жеделдеді», дейді Ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын да белсенді пайдалану елдегі инфляцияны үдетуге себеп болып отыр.
«Мұнай бағасының жоғары болуы кезінде Ұлттық қордан қаражатты белсенді пайдалануға негізделген елеулі фискалдық ынталандыру экономикадағы негізгі проинфляциялық факторлардың бірі болып қала берді. Белсенді фискалдық саясат ақша массасының (М3) өсуіне ықпал ету арқылы инфляцияға әсерін тигізеді. Жыл басынан бері ақша массасы 7,9 пайызға немесе 2,4 трлн теңгеге өсті. Мемлекеттік бюджет шығысы инфляциядан асатын жылдам қарқынмен өсуде», деген дерек келтірді.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 5 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.