Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстандағы Қырғыз Республикасының мәдениет күндері аясында қырғыз суретшілерінің «Бастау» атты көрмесі ашылды.
Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос халықтың түбі бір тамырластығы мен тонның ішкі бауындай бауырластығы ешқашан ажыраған емес. Іргелес екі елдің тарихы да, жүріп өткен жолы да ұқсас. Өткен дәуірлерге көз жібергенде, қазақ пен қырғыздың жақсылары мен жайсаңдары үнемі бір-бірін қолдап, көтермелеп отырған. Оны әріге бармай-ақ Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ағалы-інілі достығынан көреміз. Болотбек Шамшиев, Төлеміш Өкеев секілді қырғыз режиссерлері қазақ киносында айшықты қолтаңбасын қалдырды. Қазақ пен қырғыз суретшілерінің шығармашылығы да өте жақын. Тіпті бөліп-жара алмайсыз. Біз оны көркемдігі мол көрмеде анық аңғардық. Оған 30-ға жуық қырғыз суретшілерінің пейзаж, кескіндеме, графика, майлы бояу жанрлары мен сюжеттік тақырыпта салынған 50-ден аса туынды ұсынылды.
Мазмұнды шарада алғашқы болып сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов Қырғыз елінің мәдениет күндері аясында өтіп отырған көрменің маңызына тоқталып:
– «Қазақ – қырғыз бір туған» деген сөз бар. Қос халықтың қиын-қыстау жылдары ғана емес, бейбіт кезеңде де байланысы үзілген емес. Оған соңғы жылдары екі елдің арасында өтіп жатқан мәдени, ғылыми бағыттағы көптеген іс-шараны мысал етуге болады. Ағайынды екі халықтың болмысы ғана емес, өнері де ұқсас. Бүгінгі көрме де екі мемлекеттің мәдениетіне алтын көпір болып, жаңа көкжиектерге жол ашып отыр. Екі республика арасындағы достық қатынасымыз нығайып, мәдениетіміз тереңдей берсін, – деді.
Одан кейін Қырғыздың халық суретшісі, халықаралық суретшілер одағының вице-президенті Талабек Усубалиев сөйледі.
– Қазақстанда үш күннен бері біздің еліміздің мәдениет күндері өтіп жатыр. Өзім осы айтулы шарадан үлкен әсер алып жүрмін. Аса көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың қос халықтың мәдениеті мен руханиятының дамуына қосқан үлесі зор. Біз осы тұлғалардың тәлімін алып, театр, кино немесе бейнелеу өнері болсын бір-бірімізбен жақын араласып, мәдениетімізді өркендетуіміз керек. Өнері үстем елдің беделі де биік. Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Аспанмен бой тірескен ғимараттар әсемдігімен көз тартады. Әсіресе маған Ұлттық музейдің ғимараты ерекше ұнады. Осы мұражайдан көнеден сыр шертетін жәдігерлерді көріп, қазақтың терең тарихымен таныстым. Бүгінгі көрмеге қырғыздың аға, орта және жас буын өкілдерінің жұмыстары қойылды. Оған астаналықтар өз бағасын береді деп ойлаймын, – деді қырғыз суретшісі.
Қырғыз қылқалам шеберлерінің көркемдікке толы картиналары сан қырлы бояуымен, шынайылығымен, сыршылдығымен көрмеге келушілерді бірден баурап алды. Әр туындының астарынан бір оқиғаның сұлбасын көресіз. Мәселен, суретші Ш.Анарбеков «Таулар құлаған шақта» атты еңбегінде шоң жазушы Шыңғыс Айтматовтың парасатты болмысын шебер бейнелеген. Осы портретті көріп, қабырғалы қаламгердің тұлғасы да асқақ Алатаудай биік екендігін сезінесіз. Сондай-ақ суретші Талабек Усубалиевтің «Токтогон Алтыбасарова Ленинград блокадасының балаларымен» деген жұмысы адамды толқытпай қоймайды. Соғыс жылдарында жетім қалған балаларды бауырына басқан ананың мейірімін бояу түсімен келісті бедерлеген.
Суретші Бахрамжан Темиров «Түс» атты картинасында ұйықтап жатқан кішкентай қыздың бейнесі арқылы балалық пен тазалықты әсем жеткізген.
«Бұл – менің қызым. Негізі, мен реалист суретшімін. Көбінесе туған ауылымды, өскен ортамды, отбасымды бейнелеймін. Қазақ суретшілерінің де еңбектерін жоғары бағалаймын. Әсіресе маған Ерболат Төлепбайдың туындылары ұнайды» дейді автор. Сонымен бірге басқа да қырғыз қылқалам шеберлерінің пейзаж жанрындағы жұмыстары өзгеше мазмұндағы көркемдігімен тәнті етті.
Айтпақшы, Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің желісімен қырғыз режиссері Болотбек Шамшиев түсірген фильмдегі басты кейіпкер – Бақтығұлды сомдаған атақты актер, Қырғыздың халық әртісі Сүйменқұл Шоқморовтың өнердегі жолы суретшіліктен басталған. Ол Бішкек көркемсурет училищесін тәмамдаған соң, қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы Кескіндеме, мүсін және архитектура институтының кескіндеме факультетін бітірген. Оның «Тау жолы», «Ұзату» атты картиналары мен «Ана», «Манасшы» және «Саяқбай Қаралаев» портреттері көзіқарақты қауымға жақсы таныс. Бірақ суретшілік пен актерлікті қатар алып жүрген талантты тұлғаның көрмесін өз елінде ең алғаш өткізуге айтулы ақын, сол кезде Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшісі болған Мұхтар Шаханов ұйытқы болған. Осы оқиғаның өзі қос халықтың қаншалықты жақындығын дәлелдейді.
Қорытып айтқанда, Қырғыз Республикасының еліміздегі мәдениет күндері аясында өткен қырғыз суретшілерінің көрмесі жұртшылықты жылы әсерге бөлеп, қызығушылығын туғызды.