• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ҚАРА НАРЫ

907 рет
көрсетілді

(Атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен сыр-сұхбат) Газетімізде біраздан бері атақты композитор Еркеғали Рахмадиев пен белгілі қаламгер Болат Бодаубайдың сыр-сұхбаттары жарияланып келе жатқаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Жақында ол әңгімелер жеке кітап күйінде шыққалы да жатыр. Біз бүгін халқымыздың қалаулы әншісі, актері Қанабек Байсейітов туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынып, еліміздің даңқын асырған талантты перзенттер жайында әсерлі әңгімелерімен азаматтарымызды ардақтауға шақыра білген Ерағаңа разылығымызды айтамыз. Автор: – Ераға, сіздің өмірде де, өнерде де қатты сыйлап өткен ағала­рыңыздың бірі Қанабек Байсейітов бол-ға­нын білеміз. Творчестволық тұрғыдан да, қызмет барысында да, күнделікті адами тірлікте де ол кісімен көп араластыңыз. Қанекең сіздің тұңғыш жазған “Қамар сұлу” операңыздың режиссері болып, сахнаға өзі дайындап, шығарып, тұсауын кесті. Ал өнердегі тұсау кесу өмірдегі тұсау кесуден де ыстығырақ болатын шығар деп шамалаймын. Оның үстіне Қанабек Байсейітов ағамыздың да, оның асыл жары Күләш Байсейітова апамыздың да халқымыздың театр өнерін дамы­тудағы еңбектері ұшан-теңіз. Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жан­дарбеков, Манарбек Ержанов, Елубай Өмірзақов сынды, қазір осы тізімде аттары аталмағанымен, халқымыздың жадынан бәрібір өшпейтін, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының негізін қалаған ардагер азаматтардың шоғырын­дағы Қанабек пен Күләштің орындары ерекше. Еркеғали: – Дұрыс айтып отырсың. Мен Күләш апамның сахнадағы өнерін консерваторияда оқып жүрген жылда-рым­да талай тамашаладым. Ол кезде біз студент едік. Жасырақ кезіміз ғой. 1957 жылы мен консерватория бітірдім. Сол жылы жазғытұрым Күләш апам Мәскеу қаласында көз жұмды. Ал Қанабек ағамызбен кейін қызмет барысында, өмірде талай араласудың, бірге болудың, бірге жүрудің сәті түсті. Жаңа сен Қанабектің де, Күләштің де қазақтың тұңғыш мемлекеттік драма, опера театр­ларының негізін қалағандар қатарында болғанын айттың. 1933 жылы қазіргі Абай атындағы опера және балет театры сол кездегі жаңағы өзің айтқан драма театрынан бөлініп шыққанда алғашқы қойылған музыкалық шығарма – Мұхтар Әуезовтің либреттосына театр­дың сол кездегі дирижері, Украинадан келген композитор Иван Коцык музыкасын жазған “Айман-Шолпан” спектаклі болатын. Күләш сонда Айманның, Қанекең Арыстанның рөлін ойнаған. Одан кейін қойылған Бейімбет Майлин мен Иван Коцыктың “Шұғаның белгісі” спектаклінде Шұғаның сахналық бейнесін де алғаш жасаған Күләш апамыз болған. Ал Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсындағы Күләш кескіндеген Жібектің, Қанабек ойнаған Төлегеннің, Құрманбек бейнелеген Бекежанның, тағы басқаларының рөлдері бірден-ақ көрермендердің көңілінен шығып, спектакль жұртшылықтың асқан сүйіспеншілігіне бөленгені белгілі. Автор: – Халқымыздың абыройын асқақтатқан сол операның Қазақ­станның сол кездегі Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің тікелей тапсырма беріп, ұйытқы болуымен жазылғанынан хабарымыз бар. Еркеғали: – Музыкадағы күрделі жанрларға жататын опера, балет, симфо­ния сияқты шығармаларға композитор­лар, әдетте үкімет пен министрліктер тарапынан арнайы тапсырыстар болмаса, өз тарап­тарынан көп бара бермейді. Мұның өзі белгілі жай. Бұл қазірде де солай. Автор: – Ераға, Қанекең туралы да, Күләш туралы да баспасөзде аз жазылған жоқ. Оның үстіне Қанекеңнің өз өмірі, қазақтың театр өнерінің қалыптасуы, жүріп өткен жолы туралы жазып кеткен “Құштар көңіл” атты кітабы және бар. Қазақ операсының, қазақ музыкасының, қазақ театрының тарихына арналған оқулықтарда, әртүрлі авторлардың әр кезде жазған зерттеу еңбектерінде де ол кісілер туралы аз айтылмайды. Соларды қайталағандай болмау үшін мен сізден өзіңіздің тікелей Қанекеңмен араласқан, бірге болған кездеріңіз туралы ғана айтып беруді өтінгелі отырмын. Еркеғали: – Қанекеңді мен ең алғаш театрдағы, кинодағы рөлдері арқылы таныдым. Сондай-ақ біз өнерге араласа бастаған жылдарда ол Абай атындағы опера және балет театрының режиссері болатын. Жалпы, Қанекең актерлік пен ре­жиссерлік қызметтердің тізгінін әуел бастан-ақ қатар ұстаған адам ғой. Басқасын былай қойғанда, оның режис­сер ретінде “Қыз Жібекті”, “Абайды” қойғанын айтсақ та, бұл еңбегінің де қаншалықты жемісті болғанын аңғару қиын емес. “Абай” спектаклі үшін ол кезінде Қа­зақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Менің алғашқы үлкен шығармам – “Қамар сұлуды” сахнаға шығару міндетін де Қа­не­­кең өзіне алды. Ол кісі “әуелі байқап көрейін” деп таныса бастағанда мен біраз уақыт үміт пен күдіктің құшағында жүргенімді жасырмаймын. Операмен танысқан соң: “әй, бала, мынауың дұрыс екен, мен қояйын”, деді. Сонда ғана көңілім орнына түсті. Сөйтіп кірісіп кетті ғой. Қанекең операны сахнаға ойдағыдай етіп шығару үшін режиссер ретінде көп еңбектенді. Ол үшін алғысым мол. Сондай-ақ өзімше “операға мен де бір жаңа­лық әкелейінші” деген оймен қос­қан тұстарыма ол кісі қатты шұқшиятын. Сондағы негізгі көздейтіні – қазақ көрер­мендері әлгіндей жаңалықтарды қабылдай ма, қабылдамай ма, опера көпшіліктің көңіліне жол таба ма, таппай ма деген талаптардың төңірегінде болып келетін. Ал мен ескі сүрлеуді шиырлай бермей, өзімше жаңалықтар әкелуге ұмтылдым ғой. Опера туралы түсініктері енді ғана дамып келе жатқан, әлі жетіліп, қалыптасып болмаған көрермендердің шылауында кетпей, оларды өзімше өрге сүйреуді мақсат тұттым. Ол уақыт, оның үстіне, біздің енді жастықпен жалындап тұрған, биіктерге ұмтылған кезіміз ғой. Мәселен, “Қамар сұлудан” бұрынғы қойылған операларда речитатив деген бола­тын. Монолог сияқты нәрсе. Не бол­маса бір ансамбльдер, дуэттер кезде­сетін. Олардың өзі көп бола бермейтін. Менің солардан ілгерірек барғым келді ғой баяғы. Сөйтіп, операны қоя бастаған кезде, бірінші актінің аяғында үлкен ансамбль бар болатын менде, он екі дауысты. Ол қазір де бар. Соған келгенде Қанекең ашуланып, шарт кетті. – Әй, мынауың не пәле, бала, не пәле? Бөрінің артындай шуылдап жатыр ғой мыналарың. Мынадан түк түсінбейді ғой қазақ, – деді түтігіп. Ашуланғанда өңі қарақошқылданып кететіні бар еді. – Қанеке, айтып отырғаныңыз рас. Дегенмен, енді біз де Еуропа елдерінің ал­дыңғы қатарлы үлгілеріне қарай жылжуымыз керек емес пе, – деп мен де өзімнің шығармамды қорғап, шырыл­дап жатырмын. Осы жерде дирижеріміз Тұрғыт Османов маған көмекке келді. – Қанеке, мына баланың жазғанын, осы бір тұсын маған беріңізші, өзім шығарайын. Ерке­ғалидың айтып отырға-ны дұрыс, ізденгені дұрыс. Енді ескі ізді, баяғы өтіп кеткенді қайталай бергеніміз де болмайды ғой, – деп ара түсті. Сөйтіп, әлгі он екі дауысты ансамбльді сақтап қалуға көмектесті. Содан тағы бір күні келем, қызыл қарындашпен тағы үш-төрт беті сызылып қалады. – Қанеке, мынау не болды? – деймін ғой. – Көпір, – дейді. Ол кісі Еуро­падан келген “купюра” деген сөзді қазақы мәнерге келтіріп, “көпір” дейтін еді. Енді Қанекеңе не дей аламын. Амалым жоқ, діңкем құрып, көнемін. Ертеңіне келсем, тағы бірер бетті сызып тастайды. Сөйтіп, “көпірлетіп-көпірлетіп” “Қамар сұлудың” екінші бөлігінің қақ жартысын Қанекең қысқартып тастады. Алғашқы жазғанымда 30-35 минөттей еді, содан он жеті-ақ минөтін қалдырды. Сөйтіп 1962 жылдың аяғы мен 1963 жылдың басында “Қамар сұлуды” қойып шықты. Анато­лий Ненашев деген суретшінің декора­циясы керемет еді. Міне, сол “Қамар сұлу” спектаклінің жүріп жатқанына қазір қырық жылдан асып кетті. Одан бері оны қаншама адам көрді, қаншама буын қазақтың әншілері Қамар болып, Ахмет болып, Нұрым болып, Омар болып ойнады. Автор: – Қанекеңнің қысқартқан жерлерін кейін қайтадан орнына келтірдіңіздер ме, әлде солай қалды ма? Еркеғали: – Ойлана келе, оларды орнына келтірген жоқпын. Қанекеңнің қысқартуларынан кейін опера жинақы­лана, шымырлана түскендей болып көрін­ді. Оның есесіне кейін Бәкір Тәжі-баевқа айтып, тағы бір шағын бөлім, картина қостым. Ол әлгі Ахметті ұрып, Қамарды да жазалайтын сәт... Жалпы, “Қамар сұлуды” Қанекең сахна­лағанына ризамын. Өйткені, ол Қамар сұлу өмір сүрген уақытты, сол кездегі қазақ дала­сындағы өмірді, хал-ахуалды, әлеуметтік жағдайларды, салт-дәстүрлерді менен артық білетін еді. Операны қою бары­сында мұның әрине пайдасы тиді. “Қа­мар сұлуды” қою үстінде Қанекеңмен жиі кездесіп, әңгімелесіп, пікірлесіп, ағалы-інідей болып кеттік. Ал кейінірек Қанекеңмен тіпті бір үйде тұрдық. Бұрынғы Совет көшесі мен Төлебаевтың бұрышында. Ол кісі 1965 жылы пенсияға шықты. Содан көшеде көріп қалса: – Әй, сары бала, сен ауыл жаққа барайын деп жүрген жоқсың ба? – деп сұрайды. – Барамын, жақында, – деймін. – Мені ұмытпа, – дейді. “Ала кет” дегені, көлігі жоқ қой. Клараны “қызым” дейді, әкесімен тұстас қой. Клараның әкесі тұратын колхоздың бастығы, Со­циалистік Еңбек Ері Әбдіқадыр Дайы­ровпен құрдас болатын Қанекең. Менің қайын атам Әбдіқадыр Дайыровпен жолдас болатын. Содан Клараға келіп айтам: – Әй, бір-екі шөлмегіңді ыңғайла, тамағыңды дайында, ана кісі, Қанабек әкең елге барайын деп жатыр, – деймін ғой. Ол кезде жағдайымыз түзеле бастаған. Сөйтіп, бірде жолға шықтық. Анау Арқарлының тауы бар ғой, соған жақындадық. Өзі кәдімгідей алыстан көз тартып, биіктеп тұрады. Соның маңында Малайсарының асуы бар. Арқарлының асуынан асып, ары қарай жүре бергенде “осы жерге тоқта” деді. Өзі алдында отырады. Қанекең марқұм аяғы қысқа­лау, кеуделі, денесі ауырлау болатын. Салмақты адам ғой. Содан қиқалақтап шықты. Мен Клараны түртіп қалдым, аналарыңды алып шық деп. Асудан асқанда, сол тұста жер үсті біраз тегісте­ліп кетеді. Сол тегіс жерден елу-алпыс метрдей жерде жартастар басталады, гранит тастар. – Мына жерге дастарқаныңды жай, балам, – деді Клараға. Клара дас­тарқанын жайды. Мен күлдім. Күліп едім, үндемеді. Содан дастарқан жайып, шөлмектің аузын ашып, құйып, ет, анау-мынау тамағымызды жайдық. – Сары бала, сен ғой, мені баяғы арақ ішкісі келіп тоқтатты деп ойладың, күлгенің сол ғой сенің, – деді. Үн­демедім. Сезе қойдым, артық кеткенімді. Содан айтты: – Сен менен көп кішісің ғой, – деп. Расында да ширек ғасыр, жиырма бес жас кішімін ғой. – Есіңде жүрсін деп бір әңгіме айтайын деп отырмын, – деді. – 1934 жылы Күләш екеуміз үйленгенде жазғы демалысымызды алып, ат-арба жегіп, Күләшті алғаш елге апара жатқанымда, осы араға келіп тоқтап, дастарқан жайып едік. Күләшпен екеуміздің алғашқы дастарқан жайған жеріміз осы еді. Соны сен біле жүрсін деп айтып отырмын. Сен баяғы арақ ішкісі келіп тоқтатты деп күліп отырсың ғой маған, – деді. Содан талай рет Талдықорған облысына обкомның хатшысы болып келген, ал кейін әкім болып келген жігіттерге айттым, “әй, осы араға бір белгі қоймайсыңдар ма” деп. “Күләш пен Қанабек Байсейітовтердің алғашқы дастарқан жайған жері” десеңдер, жол үсті, ары-бері өткендердің тоқтап, сол кісілерді еске алып, шай-пай ішуіне де жақсы деп. Бәрі де дұрыс-дұрыс дейді, келіскен болады, бірақ ешқайсысы шындап елеп-ескермейді. Сөйтіп қаншама жылдар текке өтті. Ақырында, сәті түсіп, осы өткен 2009 жылдың күзінде менің сол бір баяғыдан аңсаған ісім жүзеге асты. Қалай дейсің ғой. Былтыр жаз айында, Балқаш көлінің жағасында дем алып жатқанымда, негізгі мамандығы құрылысшы, бірақ өзі қазіргі кездің ыңғайына қарай кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қазақтың бір есті азаматы Қуат Есімханов маған сәлем беруге сол жерге келді. Сөзден сөз шығып отырып мен баяғыдағы Қанекең мен Күләштің алғашқы шай ішкен жері туралы әңгімемді айтып қалдым. – Мәшинемен бірге барсақ, сол жерді көрсете алар ма едіңіз? – деп сұрады ол. – Сен оны қайтейін деп едің? – дедім. – Біз де қа­зақ­тың баласы емеспіз бе? Сол жерге белгі қоюды көп жылдан бері мойныңыздағы аманат секілді се­зініп келеді екенсіз. Күләш пен Қанабек – халқымыздың жұлдыздары ғой. Сіздің сол тілегіңізді іске асырайық та, – деді ол. Сөзіне риза бол­дым. Балқаш пен Ар­қарлы тауының арасы екі жүз ша­қы­рым­нан сәл асады. Мен мәшинемен жол жүргенді онша ұнатпасам да, жа­ңа­ғыдай сөздерді ес­тіген соң, бірге ба­рып, көрсетіп қайт­тым. Азамат айт­қа­нында тұрды. Кейін бай­қасам, бұл Қуат деген жігітіңіз хал­қы­мыз­дың нағыз ұлтын сүйетін ұлда­рының бірі екен. Өнерге, әдебиетке жақын жүретінін бұрыннан ептеп білуші едім. Сәби кезінде әкеден жетім қалып, қиындықты көп көріп өссе де, “болат кездік қап түбінде жатпайды” дегендей, зеректігінің, алғырлығының арқасында мектепте де, жоғары оқу орнында да жақсы оқыпты. Еңбек баспалдағымен биіктеп, жасы отызға жетпей жатып-ақ аудан басшысы дәрежесіне көтеріліпті. Қуаттың атақ-даңқы әсіресе ол Павлодар облысының қазіргі Ақсу (бұрынғы Ермак) ауданын басқарып тұрған кезінде шықты. Тәуелсіздіктің сол алғашқы жыл­дарында, солтүстік облыстарда отаршыл­дық пиғылдың беті әлі қайтпай тұрға­нда, қазақ даласын баяғыда қанға бөк­тірген Ермак сынды қарақшының ескерт­кішін құлатып, ауданның “Ақсу” де­ген ежелгі атын қайтадан қалпына кел­ті­ру оңай шаруа емес болатын. Сондай ерлікті Қуат жасады. Одан кейін Солтүс­тік Қазақстан облысы әкімінің орын­басары болып тұрған кезінде де ұлт мүдде­сі үшін жанып-күйді. Кейінгі жыл­дарда өзінің негізгі мамандығы бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналыса жүріп, туған халқының жоғын әлі күнге дейін түгендеумен келе жатқан азамат қой. Автор: – Арқарлы асуындағы Күләш пен Қанабекке қойылған сол ескерткіш құлпытасты өзіңіз барып, көре алдыңыз ба? Еркеғали: – Әзір бара алғаным жоқ. Бірақ Қуат маған суретін әкеліп көрсетті. Бірнеше тонна болатын үлкен қызғылт гранит тастың бір бетін тегістеп, жалтыратып жіберіп, соған: “Қазақтың әйгілі әншісі Күләштің Жетісу еліне келін ретінде алғаш келген сапарында Қанабек Байсейітұлы екеуінің ат шалдырып, дастарқан жайған жері” – деген сөз­дерді жаздырып, ас­тына кесе-шәйнектері бар дөңгелек үстелдің суретін салдырыпты. Айналасын қоршатып, жанына ақ мәрмәрден орындық орнатыпты. Бірақ ескерткіш құл­пытастың ашылу рә­сімі әлі өткен жоқ. Оны енді белгілі бір уақыт белгілеп, теле­ви­зияның, газет-жур­налдардың, ақпарат құралдарының өкіл­дерін шақырып, облыстық әкімдіктің өзі өткізетін болар. Автор:  Ераға, жал­пы Қанекеңмен талай кездесіп, әңгімелесіп жүр­геніңізде ол кісі өзінің жастық шағы туралы да айтқан болар? Еркеғали: – Бірде сөзден сөз шығып, бозбала, жігіт шақтарын еске алғаны ойымда қалыпты. Ауылда жүрген кезде­рін, техникумда оқығанын, Қарабұлақ ауданында милиция болып істегенін айтқан. Ол уақытта арақ дегенді білмей­тінбіз. Мәшине де жоқ. Қыста ат-шана-мен жүресің, жазда салт атпен жүресің. Бірде шаршайсың, бірде шалдығасың. Содан кейін Ресейдің империясы заманында орыс-казактардан көрген қорлығымыз есімізден кетпейді. Олардан талай зорлық көрдік қой. Соларға кейде тіземді батырып алатын да жағдайлар болушы еді. Жастықтың қызуы да болар, сол тізе батырып алуға қисыны келіп қалғанда әлгілерді аямаушы едім. Кінәсі барын біліп тұрсам, қамшымен еркегін де, әйелін де тартып-тартып жіберетін­мін дейді. Ондағым: “Енді олар да менің алдымда қалтырап-дірілдеп тұрсын, кім екенімді білсін деп істеймін” дейді. Сонда алғаш рет солардың самогонда-рын ішіп жүрдік, өйтіп жүрдік, бүйтіп жүрдік деп өткендегі жайларды еске алған. Мұндай кейбір әңгімелердің өзі өсекке ұқсап кететін болғандықтан, ондайларды қояйық, айтпайық, дейтін. Автор: – Ендеше нақты жайларға көшейік. Сол техникумда оқып жүр­генінде студенттердің көркем­өнерпаздар үйірмесіне қатысып, көзге түскен Қанекең біраз уақыттан кейін, 1929 жылы қазақ драма театрына қызметке қабылданған ғой. Еркеғали: – Иә. Театрда әртүрлі рөлдерде ойнай жүріп, өзі де “Озбыр болыс”, “Зәуре”, “Тартыс” сияқты пьесалар жазған. Кейін музыкалық театр құрылып, ол опера театрына айналғанда “Айман-Шолпанда” – Арыстанның, “Қыз Жібекте” – Төлегеннің, “Ер Тарғында” – Тарғынның, “Абай” опера­сында – Абайдың, тағы басқаларының рөлдерін ойнаған. Одан соң ұзақ жылдар режиссер болып істеп, театрда спек­такль­дер қойған. Мен Қа­некеңмен өзімнің “Қамар сұлу” операмды қойған кезінде қоян-қолтық араластым. Режис­сер болып жүрген жылдарында гастрол-дік сапарларға бірге шыққан кездеріміз болды. Кейінірек Қанекеңмен бір жолы аң аулауға да бірге барып қайтқанбыз. Автор: – Сондай сапарларыңызды нақты еске алып, айтып жібермейсіз бе? Еркеғали: – Айтайын. 1962 жылы ғой деймін... Мәскеудегі Кремльде Съездер сарайы салынды ғой. Оны сол кезде сыртынан ақырындап сөз ететіндер “стиляга среди бояр” дейтін. Өзгесі ескі көне ғимараттар ғой, бәлен ғасырдан бері қарай келе жатқан. Ал мынау әйнек, бетоннан жеңіл етіліп салынған. Сонда әуелі орыс өнерінің декадасы болды. Содан кейін Украинаны жіберді. Үшінші болып өнер көрсетуге біз бардық. Ол кезде Ләйла Ғалымжанова мәдениет министрі. Мен сол министр­ліктің бас басқармасының бастығымын. Негізгі ұйымдастыру, орналастыру, репе­тициялар өткізу, толып жатқан ұсақ-түйек жұмыстарды Жексембек екеуіміз істейміз. Жексембек ол кезде опера театрының директоры. Сол жолы бірінші рет Ришат Абдуллин сахнаға өзінің Заур дейтін баласын алып шықты. Радыгин­нің “Здравствуй, земля целинная”, Өмірбек Байділдаев дейтін азамат болған, соның “Туған жер” дейтін жақсы әні болатын, соны екеуі дуэтпен айтып шықты. Сол жолы жалғыз режиссер болды, ол Қанабек Байсейітов еді. Жал­ғыз дирижер болды, ол – Тұрғыт Ос­манов. Мәскеуге келдік. “Цен­тральная” деген қонақ үй бар бо­ла­тын, сырт қа­рағанда жатақхана сияқты, сонда адам­дарымызды орналастырып жүргенбіз. Бір уақытта бізге Ләйла Ғалиевна: – Қазір барамыз, күтіп алыңдар, – деп телефон соқты. Сәлден соң келді. Жанында Орталық комитеттің хатшысы Нұрымбек Жанділдин бар екен. – Қалай, дұрыс орналасып жатырсыңдар ма? – деп сұрады бізден. – Барлығы дұрыс, – деп жауап бердік. Содан қонақ үйдің холына кір­генбіз. Сол жерде буфеті де бар болатын. Қарасақ, сол буфеттен Тұрғыт марқұм, азырақ ұрттап алған ғой, розовенький болып, қызара бөртіп, жайлап шығып келеді екен. Өзінің бір аяғы кемдеу болғандықтан сылтып басатын-ды. Нұрымбек Жанділдин оны көрді де, шарт етіп ашуланды. – Көрдім, қалай орналасқанда­рың­ды. Адамдарыңа дұрыстап ие болыңдар, – деді де, Ләйланы қасына ертіп алып, кетіп қалды. Мен енді ол кезде Жексембектің бастығымын ғой. – Ал енді не істейміз? – дедім оған. – Кел, Қанекеңді,Тұрғытты іздейік, – деді ол. Содан айдап өзіміз жаңа ғана көрген Тұрғыттың нөміріне келдік. Фарида Перзадаева деген телевизияда істейтін бір әйел болған-ды, сонымен тұратын еді. “Гражданский брак” дейтін шықты ғой осы күні, олардікі сол кезде сондай болатын. Нөміріне келсек, Фарида отыр. – Тұрғыт қайда? – деп сұрап едік: – Білмеймін, буфетке кеттім деген еді, – деп жауап берді. Біз зекіп тастадық: – Біз сені сол үшін алып келдік қой, соның қасында болсын, соған қарасын деп. Жарытып ештеңе айтпады, қайда кеткенін білмеймін дейді, білсе де айтқысы келмей отыр ғой деймін. Содан енді Қанекеңді іздейік, ол кісі де нөмірінде болмай шықты. – Бұл қайда кетті екен? – деп, Жексембектен сыр қылып сұрадым. – Қайда баруы мүмкін, сен білетін шығарсың, – деп. Ол күлді де: – Концертмейстер әйел шайға шақырып тұратын сияқты еді, – деді. – Кеттік онда, соған барайық, – дедім. Салып ұрып Ольга Крыловецкая деген концертмейстер әйелдің нөміріне келдік. Барсақ есігі жабық тұр, ешкім ашпай­ды. Ары тақылдаттық, бері тақылдаттық. Бірақ ішінде әлдекімдер бар сияқты. Содан соң ойбай салдық, “аш” деп. Арғы жақтан Қанекеңнің дауысын естідік. Бізді сыбап, ұрысып келе жатыр, “сволыштар, адамға бір кішкене ты­ныштық бересіңдер ме, жоқ па” деп. Ашты. Аюдай болып алдымыздан шық­ты. Ішіп алыпты. Содан кейін Жексем­бек екеуіміз, бір жағынан, өзіміздің ағамыздай, бір жағы, әкеміздей адам ғой, екі қолтықтан сүйрегендей етіп алып кеттік. Оның себебі – ертең кешке концертіміз болмақ. Таңертең репетиция болуы керек. Сонда ертең бір репетиция, бір концерт болуға тиіс. Ал ертең таңер­тең дирижеріміз бен режиссеріміз екеуі бірдей шала мас болып жүрсе қиын бола­ды ғой. Жанталасып жүргеніміз сон­дықтан ғой. Әйтпесе олардың қайда жүргенін, не істеп жүргенін қадағалап қайтеміз. Бүгін самолетпен келіп түсті, пойыздан түсті, егер ішпесе, дұрыс жүріп тұратын болса, әркімнің еркі бар ғой дем алуға. Содан Қанекеңді Жексембек екеуміз екі қолтығынан алып, өз бөлмесіне қарай сүйреткендей етіп алып келе жатырмыз. Енді бар­лығымыз талдықор­ғандық бол­ғаннан кейін, жерлес болған­дықтан, жақын-жақын жүретін жағдай­ларымыз да болатын. Алып келіп, белуа­рына дейін жалаңаштап, шешіндіріп, ваннаға еңкейтіп қойып, мастығы біраз тарқасын деп суық суды жіберіп, басын, мойнын, кеудесін жуып жатырмыз. “Мені өлтіресіңдер ме”, – деп ойбай салып, бажылдап жатыр. “Өлмесең өме қап, сенің бүйтіп тірі жүргеніңнен өл­генің артық бізге, бұл не деген сұмдық, ертең концерт. Оны қалай өткізесің. Ауыл­да кішкентай ұлың, Алдан күтіп отыр. Соларды неге ойламайсың? Ұйықта. Дем ал. Қазір сені сыртыңнан бекітіп кетеміз де, таңертең келіп есікті өзіміз ашамыз”, – деп төсегіне жат­қыздық. Алдында Жексембекке айтқан­мын, “бұл ағамыздың запас бірдеңелері бол­масын, жинап алып кетейік, сенің нөміріңде тұрсын, ертең концерт өткеннен кейін берерсің” деп. Сонымен Жексембек бірер бөтелкені тауып алды да, “басқа ештеңе жоқ екен” деді. Жарайды онда деп кетіп бара жатсақ, шал сылқ-сылқ күледі бізге. Сосын айттым: “Әй, Жеке, мынау бізді мазақ қылып жатыр. Бұның бір жерде тыққан тағы бірдемесі бар, қайтадан қарайық”, – деп. Терезенің қалың матадан жасаған пердесін тартып қалсам, ар жағында тағы да екі бөтелке тұр. Өзі сездіріп қойды. Содан әлгінің бәрін салдырлатып жинап алып кетіп бара жатсақ, “әй, ең болмаса біреуін тастап кетсеңдерші” деп айқайлайды. Ертесіне концерт жақсы өтті, бәрі дұрыс болды. Содан біз гастролдік сапарымызды ары қарай жалғас­тырып, Қазанға кеттік. Мұны неге айтып отырсың дейсің ғой. Сол жолы Қанекең мені “Пекин” қонақ үйіне алып барған. Сондағы кезекші әйелмен сөйлесіп, төртінші қабаттағы, қазір енді нөмірін нақты айта алмаймын, 432 ме, 437 ме, бір нөмірді көрсетіп, “Күләш осында қайтыс болған” дегенді айтқан еді. (жалғасы)