Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығында Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» атты республикалық форумы мен гала-концерті өтті.
Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форум жыл сайын балалар шығармашылығын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалардың жетістіктерін паш ету, тұлға ретінде қалыптастыру және қазіргі қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында қолға алынады.
Жиында тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру, есту қабілеті нашар және түрлі жанрларда шығармашылықпен айналысатын балалар (аспаптық музыка, халықтық, академиялық, эстрадалық жеке ән айту, авторлық ән, поэзия, көркемсөз, ерекше жанр, пантомима, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер) мен балалар ұжымдары өнер көрсетті.
Іс-шараға өңірлерден келген арнайы делегациялар, Шымкент қаласының депутаттары мен кәсіпкерлері, меценаттар, қайырымдылық ұйымдары мен қорлар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер қозғалысының көшбасшылары қатысты.
Сонымен бірге форум Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №1014 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 8.1 тармағын іске асыру мақсатында және Балалар жылы шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиын бағдарламасының аясында жүзге жуық бала Шымкент қаласының көрікті жерлерін аралап, хайуанаттар бағын тамашалады.
Өз кезегінде қаламыздағы этномәдени бірлестіктер балақайларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға атсалысып, өз тарапынан кәдесыйларын табыстады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өтіп жатқан игі шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын қолдау арқылы жас буынды дамыту мен тәрбиелеу. Халқымыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін нақыл сөзін бойына сіңірген этнобірлестіктер қайырымдылық көрсетуді өздеріне азаматтық парыз деп біліп, мұқтаж жандарға әрдайым қолұшын созып келеді. Қайырымдылық сынды қасиетті құндылықты дәріптеуді көздеген «Қайырымдылық керуені» форумы – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділік пен өзара риясыз көмек жасауға ықпалдасуды абыроймен атқарып келеді. «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес» деген қанатты сөзбен бүгінгі форумға атсалысқандарға шынайы алғыс айтамын. Ел игілігі жолындағы жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін! – деді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М.Шотанов.
Жалпы, мегаполисте ел бірлігін арттыру, шаһарды риясыз достық мекеніне айналдыру бағытында Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен 17 этномәдени бірлестік мүшелері аянбай еңбек етіп келеді.
Сонымен қатар Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері қайырымды істер жасауда көш бастап тұр. Қазіргі таңда сауапты іс Ассамблея жұмысының бір бағыты болып қалыптасты. Бұған дәлел ретінде кешегі Қостанай облысындағы өрт салдарынан туындаған жағдайға байланысты шымкенттік Ассамблея мүшелері тарапынан 2 млн 265 мың теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетілгенін, жалпы жыл басынан бері ҚХА 8,7 млн теңге мөлшерінде қайырымдылық іс жасағанын атап өткен жөн.
Қалалық Ассамблея жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығы биыл ІІІ тоқсанның өзінде «Мектепке жол» акциясы аясында 150 оқушыны қажетті оқу-құралдармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті.
Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері түрлі қайырымдылық іс-шаралардан, көпбалалы және жалғыз басты аналарды, мүмкіндігі шектеулі балаларды өмірге икемдеу, көмек көрсету сияқты игі істерден шет қалмауда.
ШЫМКЕНТ