• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Қараша, 2022

Әуе билеттерінің тарифі қалай реттеледі?

371 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Азаматтық авиация комитетінің өкілдері қазақстандық әуе компаниялардың жетекшілерімен кездесті. Оған Air Astana, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air, «Южное небо» және «Оңтүстік» сынды авиа тасымалдаушылардың басшылары қатысты.

Жиын барысында әуе билеттері бағасын белгілеу мәселесі негізгі әңгіме өзегіне айналды. Бүгінде жол жүру құжатының құны халық арасында ең жиі талқыланатын әрі үлкен маңызға ие мәселенің бірі екені даусыз.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның сөзіне сүйенсек, биыл әуе тасымалдау саласында жолаушылар ағыны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқаны байқалады.

– Жыл сайын жолаушылар ағыны көрсеткіші шамамен 10 пайызға өсіп келеді. Мәселен, отандық авиакомпаниялар 2022 жылдың алғашқы 8 айында ішкі және халық­аралық бағыттар бойынша 6,9 млн адам тасы­малдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Ал пан­демияға дейінгі, яғни 2019 жылғы көр­сет­кіштен 23 пайызға артық. 2021 жылы ішкі на­рықтың өзінде 7,5 млн адам тасымалдан­ды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда 64 пайызға көп, – дейді С.Томпиева.

Басқосу барысында қазақстандық авиакомпаниялар қолданыстағы әуе билеттерінің тарифтік бағамдары мен баға белгілеу меха­низ­мін таныстырды. Атап айтқанда, Air Astana билеттердің 73 пайызын төмен және орта та­риф бойынша сатылымға шығарады. Ком­па­ния өкілдерінің айтуынша, жол жүру құжат­тары­ның бағасы жыл басынан бері көтеріл­меген.

Сонымен қатар жиын барысында халық­аралық және ішкі бағыттар бойынша бір шақы­рымға белгіленген жоғары және төменгі шектегі тарифтерді белгілеу саясаты талқыланды. Белгілі болғандай, бұл тараптағы қазақстандық тасымалдаушылардың тариф құны шетелдік авиакомпаниялармен салыстырғанда едәуір төмен екен.

Мамандардың айтуынша, билет бағасы нақты бағыттар бойынша сұраныс пен ұсы­ныстан, маусымдық және тәуліктік сұраныс­тың ауытқуынан, билет сатып алу кезіндегі борттағы жүктеменің артуынан айқындалады және белгіленеді. Сондай-ақ оның құны аэро­на­вигациялық және әуежайдағы түрлі қыз­меттерден, авиа жанармай мен амортизациялық шығындардан құралады.

Онлайн форматтағы басқосу барысында Азаматтық авиация комитеті өкілдері би­лет сататын сайттардағы қазақстандық авиакомпаниялардың халықаралық және ішкі бағыттардағы жол жүру құжатының бағасына салыстырмалы талдау жасады. Талдау барысында Астана – Алматы бағытындағы 30 қазандағы әуе билетінің құны 17 500 теңге мен 47 800 теңге аралығында екендігі белгілі болды. Ал Air Astana компаниясының Астана – Ыстанбұл – Астана бағытындағы 2 және 9 қараша күндердегі билет бағасы 274 мың теңгені құрап отыр. Бұл сәйкес дата мен сәйкес бағыттағы өзге шетелдік әуе компаниясының билет бағасынан екі есе төмен.

Өз кезегінде Air Astana өкілдері билет бағасын төмендету бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар жайында айтты. Атап айтқанда, олар ұшақтарды техникалық қызмет көрсету және бортсеріктер мен пилоттарды оқыту орталықтарын ашу көзделіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар жылдың соңына дейін авиакомпания паркі тағы үш жаңа ұшақпен толықпақ. Осы ретте айта кетерлігі, Air Astana тамыз айында Airbus типтегі 4 әуе кемесін алған болатын.

Бүгінде әуе билеттерінің бағасы арнайы реттелмейді, авиа тасымалдаушылар дина­микалық баға белгілеуді қолданады. Былайша айт­қанда, билеттердің құны на­рық­тағы сұра­нысқа қарай автоматты түрде реттеледі. Егер де Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес бәсекелестікті қорғау бойынша ел заңнамасы бұзылған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылатын болады.