• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қараша, 2022

Күзгі джаз

261 рет
көрсетілді

Астананың музыкалық өмірі ерекше джаз концертімен толықты. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы сахнасында пианист Сергей Ким елордалық Үрлемелі аспаптар оркестрімен бірге «All the Jazz» концертін ұсынды.

Сазды кештің қонағы еліміз­де де, шетелдерде де мойындал­ған талант. Нақтырақ айтсақ, Сергей Ким – А.Н.Скрябин (Ресей) атындағы V халық­ара­­лық фортепианошылар байқауы­ның, Theresa Liacuna (Франция) атын­дағы халықаралық бай­қау­дың, сондай-ақ Citta di San ­Dona di Piave (Италия), Grand Piano Virtuoso халықаралық форте­пиано байқауларының лау­реаты. Кейінгі байқауда Сергей ­Ким бас жүлдені иеленіп, бедел­ді Royal Albert Hall (Лондон) ­за­лында жеке шығармашы­лық кешін өткізді.

Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясын (Қазақстанның халық әртісі Ж.Әубә­кірованың сыныбы) үз­дік бітірген Сергей Ким Линц қала­сындағы Антон Брукнер атын­дағы Аустрияның музыка, би және актерлік өнер уни­вер­ситетінің магистратурасын­да оқуын жалғастырды. Музы­кант Қазақстанда, Ресейде, Гер­манияда, Аустрияда, Италияда, Чехияда және Францияда ең­бек етті. Ал қазір Сергей Ким Аустрия Мемлекеттік музыка мек­те­бінің оқытушысы, сонымен қатар А.Брукнер атындағы музыка, би және актерлік шебер­лік университетінде кон­цертмейстер-оқытушы.

Үрлемелі оркестрдің көр­кем­дік жетекшісі Никита По­чи­­талин кейінгі екі жылда жан­күйерлерінен джаз бағытында концерт беру туралы өтініштер көп болғанын айтты.

«Джаз шығармалары Үрле­мелі оркестрмен ерекше нақышта естіледі. Ал қызықты әрі заманауи шығармашылық тәсіл ретінде біз Аустриядан өз саласының шебері пианист Сергей Кимді шақырдық», деді Н.Почиталин.

«All the Jazz» концерттік бағ­дарламасына Джордж Герш­виннің «Порги мен Бесс» опе­расының «Голубая рапсодия» және «Сюита» шығармалары, Глен Миллердің «Лунная серенада», Луис Приманың «Пой, пой, пой», Дэйв Брубектің «Take Five» сияқты танымал джаз композициялары кірді.

Айта кетейік, Үрлемелі аспаптар оркестрінің бас дирижері Вероника Дударова атындағы Бүкілресейлік оркестр дирижерлер байқауының I дәрежелі лауреаты Дархан Рахымға­лиев. Филармонияның Үрлемелі аспап­тар оркестрі өзінің құрамы бо­йынша ең үлкен оркестрге жатады. Мұндай оркестрде барлық заманауи үрлемелі аспаптарда, соның ішінде соқпалы аспаптарда ойнайтын 60-тан астам орындаушы бар. Бұл құрам­мен әртүрлі тембрлік түстерге, техникалық ұтқырлыққа, дыбыс пен динамикалық икемділіктің ерекше бірлігін еркін беруге болады.