Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі он үш жылдан соң оралған Республика күнін «Гүлдене бер, менің Қазақстаным» атты патриоттық іс-шарамен атап өтті.
Өскелең ұрпақты туған елінің даму және қалыптасу тарихымен таныстыру, өткенге құрмет, келешекке сенім ұялату, патриоттық сезімді ұштап, Отанға сүйіспеншілік ұғымын кең ауқымда пайымдау тақырыбы елдікке бастайтын ерекше мерекенің мәнімен жан-жақты үйлесімін тапты.
Мерекелік іс-шараны Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері 804-полкінің бірінші командирі, полковник Союзжол Жұманов және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы ашып, жас сарбаздарды Республика күнімен құттықтап, Отан қорғаудың, ата-баба ерлігінің жылнамасы тарихи жәдігерлер көмбесі болып отырған музейлерде жазулы екенін атап өтті.
Музейге келгендердің назарына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық Ұлан – елі мен халқына қорған» көрмесі ұсынылды. Көрмеге әскери-жауынгерлік мазмұндағы фотосуреттер, кітаптар, мемлекеттік марапаттар қойылды.
Іс-шара барысында Қ.Сәтбаев атындағы №56 гимназия, Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің оқушылары «Қазақстан – мақтанышым» әнін орындап, «Біздің Отанымыз – Қазақстан» тақырыбында мәнерлеп өлең оқудан өнер көрсетті. Орал Таңсықбаев атындағы Республикалық сәндік-қолданбалы өнер колледжі дәстүрлі қолөнер туындылары, «Творим вместе» кескіндеме мектебі мен «Giraffe art school» қосымша білім беру орталығының мамандары сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Осының бәрін асқақ көңіл күймен тамашалаған меймандар мерекелік іс-шараны музей кинотеатрында көрсетілген «Көшпенді», «Біз осында тұрамыз» фильмдерімен түйіндеді.
АЛМАТЫ