1945 жылы хакім Абайдың туғанына 100 жыл толды. Дәл осы айтулы датаға байланысты Алматы көркем және хронологиялық фильмдер студиясы «Абай әндері» фильмін түсіруді қолға алды. Бұл туындыны соғыс жылдарында Қазақстанға келген, сол кездегі Одаққа танымал режиссерлер – Григорий Рошаль мен Ефим Арон түсірді. Сценарийін заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жазды.
Фильмде басты кейіпкерді атақты актер Қалибек Қуанышбаев сомдаса, басқа рөлдерді Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары ойнады. Айта кетейік, әйгілі актирса Әмина Өмірзақованың экрандағы жолы осы кинодан басталды. Бір жағынан, осындай ұлттық театр және кино өнерінің сүт бетіне шығар қаймақтары топтасқан құрам фильмнің сапалы шығуына үлкен әсер етті.
Әсіресе басты рөлді сомдаған Қалибек Қуанышбаевтың ақынның бейнесі мен ішкі жан дүниесіндегі ой-арпалысын жеткізудегі шынайы шеберлігіне тәнті боласыз. Актердің ойшыл кемеңгерге ұқсаған бет әлпеті, дене тұрқы, жүріс-тұрысы, байыпты мәнері, сабырлы болмысы Абай атамыздың бейнесін көз алдымызға әкелді. Соның да әсері болса керек, оның рөлін өнерсүйер қауым жоғары бағалады.
Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қалибек Қуанышбаев» атты деректі хикаятында арқалы актер өзі сомдаған «Абай» бейнесі туралы былай депті: «1940 жылы Абайдың пьесасын қойғанда, ақынның рөлін мен ойнағанмын. Содан бастап Абайды бұрынғыдан жете зерттеуге тура келді. Менің бұл кездегі тапқаным – Абайдың кітабы болды. Соны қайта-қайта оқып, оқыған сайын ой қосып, шама келгенше білгенімді тереңдете бердім. Әсіресе Абай образын күшейтетін нәрсе – Абайдың қарасөздері. Мен оны төрт-бес рет оқып шықтым. Абайдың тамаша еңбектері оның аса гуманист, ақылды, ұлы адам екенін мейлінше жете ұғындырады. Тек соны іздеп тауып, таза ұққан жағдайда ғана ұлы адамның бейнесін көре де білесің, бере де білесің. Әрине, мен Абай образын толық жасадым деп айта алмаймын. Ондай ұлы адамның бейнесін жете суреттеу – аса қиын іс».
Шын мәнінде, кинода ұлы тұлғаның өмірі, жұмбақ болмысы, ақындығы барынша нанымды суреттелген. Режиссер кейіпкер образын ақын өмірінен ғана емес, айналасындағы адамдардың іс-әрекеті арқылы аша білген. Негізгі оқиға Абайдың шәкірті, ақын Айдардың ескі дәстүрді бұзып, көрші ауылдағы жесір келіншек Ажарды ұрлаған тұсынан өрбиді. Екі жас жасырын қосылып, қуғыншылардан қашып, ақынды келіп паналайды. Жастардың ісін қараған билер сотында Абай оларды қорғап сөйлейді. Олардың тойы үстінде Шәріп қымыз құйған кесеге у салып, бақталасы Айдарды өлтіреді. Бұл ақынға соққы болып тиді. Оның ауылына Нармамбеттің сотқар жігіттері жесірін даулап келеді. Сойылшылардан халық Абайды жақтап, оны қорғап қалады. Фильм соңында өз заманынан жапа шексе де келешектен үмітін үзбеген ақынның биіктеген тұлғасын көресіз.
«Бұл фильм Мұхтар Әуезовтің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің басты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшылдығын, ақындығын, халық қамқоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңаша жастармен бірге екенін суреттеген», деп жазады «Абай әндері атты мақаласында белгілі қоғам қайраткері, публицист Камал Смайылов.
Бір қарағанда, фильмнің мазмұны кино-спектакльге жақын. Өйткені оның стильдік шешімі, режиссурасы, актерлер ойыны театр өнерімен үндесіп тұрғанын байқайсыз. Алайда 1946 жылы Мәскеуде өткен фильмнің премьерасын көрермендер жылы қабылдаған.
Биыл бұл туындының жарыққа шыққанына 77 жыл толды. Содан бері хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы бірқатар көркем де деректі фильм түсірілді. Бірақ соның басында ақын бейнесін алғаш экранға шығарған «Абай әндері» фильмі тұрғаны анық.