Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары ашылды.
Жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен университет ректоры Ерлан Шолановтың атына Ғылым және жоғары білім министрлігінен рұқсат хат келді. Соның нәтижесінде, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының филиалы есептік тіркеуден өтіп, ресми түрде ашылды. Қазір филиалды құрудың ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Филиалдарды орналастыру үшін университет ғимаратынан көлемі 111,2 шаршы метр болатын орын бөлініп, материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар филиалдар ғылыми қызметкерлермен қамтылып, толық жұмыс істеуі үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан 2023 жылдан бастап базалық қаржыландыру көзделіп отыр.
Бұған дейін еліміздің солтүстік өңірі білікті тарихшылардың назарына түспеген-ді. Тарихтың ұңғыл-шұңғылымен тек жергілікті өлкетанушылар мен әуесқойлар ғана шұғылданып, тарихи публицистикалық еңбектер жазылды. Әсіресе «Асыл мұра» орталығында қызмет істеген Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев, Ғалым Қадыралин, филолог Зарқын Тайшыбай, архивші Сәуле Мәлікова және басқа да өлке тарихына жанашырлық білдірген жандар көптеген мәселені республика халқына танытты. Сол еңбектердің өзінен өлке тарихының сан қатпарлы екендігі көрініп тұратын. Алаш қозғалысы және оған қатысқан тұлғалар өмірі Қызылжар өңірін Алаштың бір орталығы деп тануға негіз боларлық еді. Қазақтан шыққан алғашқы миллионерлердің бірі, меценат Әлти қажының ауылында 10 мыңдай адам жиналған Алаш форумы да толық зерттелген жоқ. Енді сол тұмса тарихтың қатпарларына кәсіби зерттеушілердің ден қоятын кезі келді. Өңірдің ежелгі дәуірден қазірге дейінгі тарихын тың деректерге сүйене отырып жан-жақты зерттеу, нәтижелерін жариялау, мамандар даярлау, бағдарламалық-нысаналық, гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысу, тарих, археология, этнология мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура, PhD докторантура ашу және т.б. жұмыстар қолға алынады. Ғылыми-зерттеу институттар филиалдарының ашылуы аясында өңірде тарихшы, археолог, этнолог мамандарын даярлайтын ғалымдарды тарту да алдағы уақыт еншісінде.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраеваның айтуына қарағанда, қазір Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғар мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ерлан Шолановтың министрлікке жазылған ұсыныс хаты да қаралып, рұқсат қағаз келген. Әзірге осы ғылыми зерттеу институты Солтүстік Қазақстан өңірінің археологиялық ескерткіштерін есепке алу, қорғау және зерттеу мақсатындағы арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Биыл тамыз айында Археология институты М.Қозыбаев университетінің ғалымдарымен бірлесіп Ғылым комитеті жариялаған бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру конкурсына «Солтүстік Қазақстан облысының археологиялық мұрасын кешенді зерттеу, сақтау және насихаттау» тақырыбында арнайы ғылыми жоба ұсынып, қатысып отыр. Егер нәтиже оң шешілсе, еліміздің солтүстік өңіріндегі ежелгі және орта ғасырлардағы біраз мәселе жан-жақты зерделеніп, жарыққа шығар еді. «ҒЗИ-лар филиалдарының Солтүстік Қазақстан университетінің базасында ашылуын өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызу қолдайтынын айтты», дейді Ақмарал Ғосманқызы.
Белгілі ғылыми-зерттеу институттарының филиалдарын ашу мәселесі биыл 3 наурызда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қабырғасында республика мектептерінің тарих пәні мұғалімдеріне арналған съезде көтерілді. Тарихшылар қауымын топтастырған сол жиынның «Тәуелсіздіктің тарланы» атанған тарихшы-ғалым, академик Манаш Қабашұлының есімін алып отырған жоғары оқу орнында өтуінің өзіндік маңызы болғанын да айта кету керек. Осы съезде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізге алып, тарих ғылымын дамыту бойынша маңызды тапсырмалар белгіленгені, сол тапсырмалар аясында «Отан тарихы» пәнін оқытудың тұжырымдамалық жаңа жобасының әзірленетіні, «Қазақстан тарихы» академиялық 7 томдық жинағының дайындалатыны айтылып, қазіргі таңда тарих пәнінің тәрбиелік мәні, министрлік тарапынан бұл пәнге деген көзқарастың жаңарғаны аталған. Сонымен бірге сол кездегі Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке қазіргі таңда өңірдің тарихы мен мәдениетінің зерттелуінің кенже қалғаны, оны жүзеге асыру үшін арнайы бағдарламалы-нысаналық қаржыландыру бағдарламасының қажеттігі, тарихшы, археолог, этнолог ғалымдарды тарту үшін ғылыми-зерттеу институттарының филиалдарын ашу қажеттігі жайында солтүстікқазақстандық ғалымдар маңызды ұсыныстар жасаған. Сол ұсыныстар қабылданды. Міне, енді филиалдардың ашылу процесі жүріп жатыр.
Болашақта осы филиалдардан Қазақстанның аумақтық тұтастығына көз алартқан кейбір арандатушылық мәлімдемелерді түбірімен жоққа шығаратын ғылыми тұжырымдар да дайындалады. Бұл, әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда стратегиялық маңызы зор құжат болары сөзсіз. Зерттеулер Солтүстік Қазақстан облысы аумағымен ғана шектелмей, Қостанай, Павлодар, Ақмола өңірлерін де қамтиды. Кешенді зерттеулердің табысты болуы үшін бағдарламалы нысанды қаржыландыру конкурстарына тың жобалар ұсыну арқылы қатысу өз нәтижесін берері анық. Жобалардың негізгі мақсаты – тарихи-мәдени және табиғи мұраны сақтау және кеңінен пайдалану үшін мүмкіндіктер беретін Қазақстанның солтүстік облыстарының ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихи дамуы туралы жан-жақты, терең зерделеу және біртұтас түсінік қалыптастыру. Бұл қатарда, әсіресе ежелгі Ботай қонысының, Скиф-сақ мәдениетінің, Түркі қағанатының, Қыпшақ мемлекетінің, Қимақ мемлекетінің, Алтын Орданың, Сібір хандығының және Қазақ хандығының бір бөлігі болған Қазақстанның солтүстік аймағының ежелгі, ортағасырлық кезеңін археологиялық қазба жұмыстары мен тарихи ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы зерделеу ауқымды шаруа. Сондай-ақ Қазақстанның солтүстік облыстарының жаңа замандағы тарихын жан-жақты зерделеу, әсіресе Ресей империясының отарлау саясатын, жоңғар шапқыншылығына, ұлт-азаттық көтерілістерге, көші-қон үдерістеріне қарсы күресті зерттеу, көрші халықпен өзара іс-қимылда қазақ халқының шаруашылық-мәдени типтері ерекшеліктерінің негізгі өзгерістерін анықтап, жаңа көзқарас қалыптастыру ұсынылатын жобалардың өзегі болуы керек. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, мол рухани мұрасы, сонымен қатар тарихи атауларды қайтару мақсатында өңірдің ономастика және топонимика мәселелерін зерделеу де назардан тыс қалмауға тиіс.
ПЕТРОПАВЛ