• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2022

Кедергісіз орта қалай қалыптасады?

704 рет
көрсетілді

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғаммен ық­пал­дас­тыру – инклюзивті ортаны да­мытудағы басты қадам­дар­дың бірі. Жалпы, білім беру мекемелерінде ин­клю­зивті қолайлы ортаны қалып­тастыруда психологиялық-пе­дагогикалық қолдау көрсетудің заманауи мүмкіндіктері бірте-бірте нәтижесін көрсетіп келеді.

Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың Ұлт­тық ғылыми-практикалық орталы­ғы­ның «Мүмкіндігі шектеулі ба­ла­ларды оқу процесіне енгізу: тарихы, мәселелері және даму бола­шағы» атты ғылыми-практикалық кон­фе­ренциясында мектеп басшылары мен педагогтер қауымы дәл қазіргі жағдайда білім саласы бетпе-бет келіп отырған мәселеге орай пікір алмасты.

Арнайы және инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін талқы­лауды мақсат еткен жиын­да орталық директоры Әйгерім Күдеринова ерекше қажет­ті­лік­те­рі бар балаларды қоғаммен ықпалдастырудағы мемлекеттік қолдау, мамандар тәжірибесі, әдістемелер, бағдарламалар барысына тоқталды. Бүгінде елімізде 460 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша: арнайы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 44, арнайы мектеп ұйымдары – 99, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері – 207, психо­ло­гиялық-медициналық-педаго­ги­калық кеңестер 88 болса, 13 оңал­ту мен 9 аутизм орталығы бар.

Психология ғылымдарының кандидаты, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кешенді диагностика жасау және оңалту зертханасының меңгерушісі Әлия Ерсарина психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін оңалту орталықтарының, түзету кабинеттерінің, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйым­да­рының психологтеріне арналған «Аутизмі бар балаларға арнал­ған арнайы дамыту» бағдар­ла­масы жайында айтты. Сарап­шы бағдарлама аутизмге шалдық­қан балалардың көбейіп бара жатқан­дығына бай­ланысты қол­ға алынғанын жет­кіз­ді. Бала­ларды жалпы білім беру проце­сі­не қосуға даярлауды мақ­сат ететін бағдарлама ең алдымен аутизмі бар балалардың қоғам­мен қарым-қатынасына және әлеуметтік өзара әрекет­ке ба­улу­ға бағытталған. Бағдар­ла­маны әзір­леу кезінде мамандар зама­на­уи әдіснамалық тәсілдерге жү­гі­ніп, аутист балалармен жұ­мыс істеу бойынша түрлі тех­но­ло­гияларды, авторлық бағдар­ла­ма­лар­ды басшылыққа алып отыр. Был­тырғы деректер бойынша аутизм белгілері 8 796 баладан анық­­­талған.

Конференция барысында «Онтогенез барысында ана тілі жү­йе­­сінің қалыптасуы» мо­но­­гра­фиясының таныстыры­лы­мы өтті. Арнайы және ин­клюзивтік білім беруді дамы­тудың Ұлттық ғылыми-прак­ти­калық орталығының аға ғылы­ми қызметкері Алмагүл Сейсенова аталған еңбекте қазақ тілді ба­ла­лардың сөйлеу тілі онто­ге­не­зінің лингвистикалық және пси­хо­логиялық негіздерінің бас­шылыққа алынғанын жет­кізді. Зерттеу еңбекте ерте және мектепке дейінгі жастағы балалардың ана тілін меңгерудің теориялық мәселелері, бала тілі­нің даму кезеңдері, ана тілінің фонетикалық жүйесінің онтогенез барысында қалыптасуы, бала тілінің шығуы, фонематикалық естуінің дамуы, сөздің буындық құрамын меңгеруі, ерте жастағы балалардың сөздік қорының қа­лыптасуымен қатар мектепке дейінгі жастағы баланың сөз­дік қорының дамуы және сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын меңгерудің кейбір аспектілері осы еңбекте көрініс тапқан. А.Сейсенова, сондай-ақ балалардың ерте жастан дамуында қандай ерекшеліктер бар, соған байланысты қандай жағдайларға назар аудару қажет, баланың тілі қалай дамып жетіледі, міне, осы мәселелер қазіргі таңда мамандар назар аударатын басты мәселеге айналып отырғанын атап өтті.

Инклюзивті білім беру сала­сын­дағы мамандардың бұл ба­ғыт­тағы зерттеулері елімізде дамуында түрлі кедергілер кезде­се­тін балалар санының көбе­йіп бара жатқанына байланысты қолға алынып отыр. Маманның айтуынша, қалыпты жағдайда балалардың тіл ерекшеліктерін белгілеп алмайынша, қандай кедергілер бар екенін анықтау қиынға соғады. Аталған зерттеу жұмыстарына Алматы, Астана, Талдықорған, Тараз қалаларымен қатар Түркістан, Қызылорда облыс­тарында 6 айдан бастап 6 жасқа дейінгі тілі қазақша шық­қан 500 бала қамтылып, үй жағ­да­йында тәрбиеленіп жатқан әрі енді ғана сөйлей бастаған бала­лардың даму ерекшеліктері назарға алынды.

Осы орайда А.Сейсенова «e-Ymdau» ымдау тілі сөздігінің ерек­ше­лігіне тоқталды. Халық­аралық стандартқа сүйеніп, есту қабілетінде бұзылысы бар балалардың ымдау арқылы бір-бірін түсінуінің ерекшеліктерін анықтауды мақсат ете отырып қолға алынған сөздік білім беру жүйесінде негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын, оқу материалын игеру процесінде ымдау тілін пайдаланатын сурдо­аудар­машыларға, мектеп, жо­ғары оқу орындарының оқыту­шы­ларына және күнделікті өмір­де ымдау тілін пайдаланатын естімейтін азаматтарға арналған.

– Бүгінде ата-аналардың өз қалаулары бойынша балаларын инклюзивті ортаға беруге тырысып жатқаны қуантады. Өйткені ортаға бейімделген балада ілге­рілеу бар, толеранттылығы, қа­бы­лдауы, түсінігі дамиды. Соны­мен қатар әлеуметтік мәсе­ле­лерді бірлесе шешуге болады. Қазіргі таңда инклюзивті ортаны дамыту мақсатында республика деңгейінде педагогикалық-психологиялық қолдау көр­се­туге байланысты жалпы білім беру ұйымдарының мұға­лім­де­рі үшін арнайы курстар ұйым­дастырылып жатыр. Әсі­ресе аутис­тік спектрі бар бала­лар­­ға қатысты көптеген жұ­мыс іске асып, ақпарат беру, жұмыс істеу әдістемелеріне ба­сым­дық беріледі. Кедергісіз ортаны қалыптастыруда арнайы педа­гог­тердің, логопедтер, ресурс­тық орталықтар маман­да­рының бір­лескен іс-қимылы қажет, – деді ол.

 

АЛМАТЫ