• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Қараша, 2022

Тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан

450 рет
көрсетілді

Еліміздің халықаралық көлік-логистикалық әлеуетінің жоғары екені жиі айтылады. Сондықтан оқырманға түсінікті болу үшін байланыстың әр бағытына жеке-жеке тоқталып, толық ақпарат ұсынуды жөн көріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстанның көлік-логистика саласы су, әуе, автомобиль және темір жолдардан тұрады.

Су жолы

Су жолы туралы айтқанда Ақтау және Құрық порттары бірден ойға оралады. Бү­гінде қос порттың өткізу қабілеті 21,2 млн тоннаны құрайды. Олар арқылы Кас­пий маңы порттарының барлығымен қатынас орнатылған.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Аталған бағыт арқылы жүк те­мір жол көлігімен Ақтау/Құрық порт­­та­рына дейін жеткізіледі. Одан әрі Баку портына дейін тасымалданатын құрғақ жүк кемелеріне немесе па­ром­дарға тие­леді. Бұдан әрі жүк темір жолмен Әзербайжан, Грузия және Түр­кия ар­қы­лы Мерсин портына дейін жет­кі­зі­леді.

Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі. Біздің ел аталған дәліздің Қазақ­стан – Түрікменстан – Иран темір­жол бағытын, сондай-ақ Ақтау/Құрық – Анзали/Амирабад порттары (Иран) бағытын пайдаланып отыр. Әрі қарай Иранның теңіз порттары арқылы жүк ке­мелерге тиеледі. Егер жүк вагонда не­месе автокөлікпен жеткізілсе, кон­тейнер­лерге қайта тиеу жүргізіледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылы Ақтау және Түрікменбашы порттары арасында контейнерлік желі іске қосылды.

Ресей Федерациясы бағытында Ақ­тау порты арқылы Махачкала портына мұнай тиеу жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Ертіс өзені арқылы Пав­ло­дар – Омбы бағытында өзен тасымалы жолға қойылған.

Әуе жолы

Қазіргі таңда Қазақстаннан халық­аралық бағыттағы ұшулар 28 елге 111 бағытпен аптасына 488 рейс жиі­лі­гімен орындалады. Біздің елден келе­сі­дей мемлекеттерге әуе жолы арқы­лы қатынауға болады: Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қыр­­ғызстан, Беларусь, Германия, Мы­сыр, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Поль­ша, Армения, Мальдив, Вьетнам, Тайланд, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Үндістан, Қатар, Ұлыбритания, Моңғолия, Иран, Италия, Черногория, Қытай.

Автомобиль жолы

Қазақстаннан халықаралық бағытқа жеті көлік дәлізі арқылы қатынауға болады.

Бірінші дәліз: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай». Ұзындығы – 2 747 ша­қырым. Бұл дәліз Қытайдан Қазақстан, Ресей және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбек­станға, Қырғызстанға және кері ба­ғыт­тағы транзиттік ағынды қамта­масыз етеді.

Екінші дәліз: «Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл – Ресей шекарасы (Қорған)». Ұзындығы – 1 868 ша­қырым. Дәліз Қазақстан, Ресей және одан әрі Еуропа арқылы Орталық Азия елдерімен транзиттік ағынды қам­тамасыз етеді.

Үшінші дәліз: «Астана – Қостанай – Ре­сей шекарасы (Челябі)». Ұзын­дығы – 860 шақырым. Аталған дәліз арқылы Орталық Азия елдерінен Қазақ­стан, Ресей және одан әрі Еуропаға қаты­нау­ға мүмкіндік бар.

Төртінші дәліз: «Қытай шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы)». Ұзын­дығы – 1 116 шақырым. Бұл дәліз Шығыс өңірінің негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Ол арқылы транзит Қы­тайдан Қазақстан, Ресей аумақтары арқы­лы одан әрі Еуропаға бағытталады.

Бесінші дәліз: «Алматы – Талды­қорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы (Барнаул)». Ұзын­ды­ғы – 1 026 шақырым. Бұл Орталық Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейдің шығыс өңірлері мен Қиыр Шығысқа транзитті қамтамасыз ететін ең сұранысқа ие бағыт болып саналады.

Алтыншы дәліз: «Ақтөбе – Қан­дыағаш – Мақат – Атырау – Ресей шекарасы (Астрахань)». Ұзындығы – 893 шақырым. Батыс өңір үшін бұл дәліз Өзбекстан мен Түрікменстан елде­рі­нің Қазақстан, Ресей аумағы арқы­лы Еуропаға транзитін қамтамасыз етеді.

Жетінші дәліз: «Атырау – Орал – Ре­сей шекарасы (Саратов)». Ұзындығы – 587 ша­қырым. Батыс өңірінің негізгі ба­ғыт­тарының бірі. Ол арқылы транзит Қа­зақстанан Ресей аумақтарына бағыт­та­лады.

Темір жол

Бүгінгі таңда елімізде 5 халықаралық темір жол көлік дәлізі бар. Олар:

Солтүстік дәліз Оңтүстік дәліз Ортаазиялық дәліз Солтүстік-Оңтүстік дәлізі Транскаспий халықаралық көлік ба­ғы­ты

Аталған дәліздер Қазақстанды Орта­лық Азия, Қытай, Ресей Федера­циясы, Иран, Еуропа, Түрікменстан және Түр­кия елдерімен байланыстырады.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»