• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2014

Түркологияның келешегі – Түркі академиясында

1004 рет
көрсетілді

Өткен аптада елорда төрінде «Түркі жазуы күнін» атап өту барысында Түркі академиясының ұйытқы болуымен үлкен форум ұйымдастырылып, оған алыс-жақын түркі тілдес елдерден көптеген оқымысты ғалымдар жиналып, түркі жазуына, жалпы түркологияға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылап, ой-пікір бөліскені есте. Төмендегі мақала сол үлкен жиыннан тәбәрік. Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылдың 25 мамырында ашылған Түркі академиясы Қазақстанда ғана емес, шет өлкелерде де танылып, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар тармағы бойынша түркологиялық зерттеулерді қолға алып, талмай еңбек ету мен ізденудің арқасында аз уақыттың ішінде түркі тілді елдердің мағыналы-мәнді ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Түркі академиясы ашылған күннен бастап тарихы бір, тағдыры ортақ түркі елдерінің мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, этнографиясы, археологиясындағы ізденістерді үйлестіріп, Түркі дүниесінің, Түркі өркениетінің дамуына өзгеше үлес қосуда. Әрбір мемлекет өз алдына егемендік алғаннан кейін түркология ғылымы қалай дамиды екен деген жүрекжарды ой барлығымызда да болды. Шындығында кеңестік түркология өз тұсында дүниеге танымал ғылымдардың қатарында дамып келе жатқан еді. Айталық, түркологтар комитеті «Советская тюркология» журналын шығарып тұрды. Кейін КСРО құрамындағы республикалардың ғалымдары бір-бірінің еңбектерін оқу былай тұрсын, қатынастары да үзілді. Міне, осындай жағдайда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасын Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев және Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиев қолдап, Түркі академиясының Астанада ашылып, қамқорлыққа алына бастауы, оған қоса академия жұмысының бірден нық басталуы келешекте түркология ғылымының дамып, түркі тілді мемлекеттерге ортақ заманауи ғылым орталығының құрылатынына көзімізді жеткізгендей. Ашық айтуымыз керек, егемендік алғалы бері түркология ғылымы солғын тартып, ортақ мәселелерді жеке бір елге тели салу күш алып бара жатқан еді. Енді Түркі академиясының дүниеге келуімен түркі елдеріне тиесілі ортақ мәселелер бір елдің ғана зерттеу нысанына айналмай, кешенді, әр тарапты зерттеуге алынар деген сеніміміз бар. Түркі академиясының ғылыми болжамдары өте өзекті, жаңашыл мінезге және тәжірибелік мәнге ие. Бүгінгі күні түркі тілді елдерді жақындастырудың бірден бір жолы – ғылымындағы, тарихындағы, әдебиетіндегі және философиясындағы ортақ жайттарды баса көрсету арқылы жас­тарды тәрбиелеу. Қазіргі күні Батыстық теріс идеологияның кесірінен түркі тілді елдер бір-бірінен алыстап барады. Бұл жас­тарда «мәңгүрттік» синдромының пайда болуына алып келуде. Түркі академиясының негізгі басылымдарынан «Асыл мұра», «Түркілік тәрбие» антологияларын атап өту ләзім. Әрбірі 60 баспа табаққа жақын материалды қамтыған бұл еңбектер түркі елдеріне ортақ рухани-мәдени мұралардан тұратын ғылыми-танымдық еңбектер. «Асыл мұра» қазақ, қырғыз, түрік, әзербайжан, өзбек, татар тілдерінде дайындалған. Түркі академиясы әр елдің мәдени мұраларының еш өзгеріссіз өз тілдерінде оқылуына мүмкіндік берген. «Түркі тәрбиесі» деп аталған екінші антологияда түркі елдерінің фольклорлық шығармаларынан, кәсіби әдебиетінен, балалар әдебиетінен, сондай-ақ, Қорқыт ата, Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Низами, Абай Құнанбаев, Тоқтағұл Сатылғанов, Шыңғыс Айтматов сынды ойшыл, заңғар тұлғалардың әдеби мұраларынан алынған тәлім-тәрбиелік үзінділер топтастырылған. Түркітанушы ғалымдардың тәрбиенің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақалалары өзінше бір бөлімде. Бесік тәрбиесі, әдет-ғұрып, салт-сана, адамгер­шілік-иман тәрбиесі, ерлік, отансүйгіштік, еңбек, сұлулық-сымбат, дене тәрбиесі, экологиялық тәрбие деген айдарлардан тұратын бұл бөлімде қазіргі жастарды ұлттық рухта, патриоттық сезімде тәрбиелеуге көңіл бөлініп, оларды даңқты бабаларынан қалған елдік салт-сананы сақтауға, әрі қарай жалғастыруға үндейді. Жалпы, бұл еңбек түркі тәрбиесінің тарихынан, түркі елдерінің дүниеге көзқарасынан, мәдениетінен, жаңа саяси-идеологиялық түсініктерінен хабар береді. Тағы бір негізгі еңбектердің бірі – «Түркі дүниесі» альманағы. Бұған дейін бұл жинақтың екі кітабы жарыққа шыққан болса, үшінші кітабы енді даярлануда. Қазақ, қырғыз, түрік, әзербайжан, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген соңғы басылымда Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің түрколог оқымыстыларының ғылыми және ғылыми-танымдық зерттеу мақалалары қамтылған. Жинақта түркілердің байыр­ғы бабалары ғұндар мен сақтар заманын қамтыған еңбектермен қатар амери­ка­лықтардың түркілерге қатысы туралы мақала да берілген. Альманах Түркі академиясы тарапынан жыл сайын шығарылып, ғалымдар арасында қолдауға ие болып жүр. «Алтаистика және түркология» деп аталатын еларалық ғылыми жинақ 2011 жылдан бері басылып, түркітанушы ғалымдардың зерттеулерін жариялауды қолға алды. Бұл жинақта да филология, тарих, этнография және археология, этнопедагогика, өнертану (мәдениет, кино, театр, музыка), дінтану бағытындағы ғылыми зерттеулер қамтылған. Аталған еңбектерден басқа «Қазіргі түркология» дейтін сериямен жарық көрген 24 кітап Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, т.б. мемлекеттерінің ғылыми кітап­ханаларынан ғана орын алмай, дүние жүзінің ғылыми ортасына кеңінен таралды. Ғалым-түркологтардың ғылыми-зерт­теулері үшін бұл кітаптар да кәдеге асуда. Түркі академиясының ғылыми-ұйым­дастырушылық жұмыстарына тоқтайтын болсақ, академия ашылған күннен бастап Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, тағы басқа да түркі мемлекеттерінің белгілі оқымыстыларының басын қосып бірқатар ғылыми конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, жер-жерлерде еңбектердің тұсаукесерлерін ұйымдастыруда. Аталған іс-шаралар түрколог-ғалымдардың жақыннан көрісіп, түркология бағытындағы өзекті мәселелерді бірге талқылап, келешекте атқарылуы тиіс істердің жобаларын жасауға қолайлы мүмкіндік туғызуда. Бұл түркі елдеріне қатысты тарихты, мәдениетті, тілді, басқа да зерттеулерді жүзеге асырып, түркі өркениетін таныта түсуге жол ашуда. Жақында ғана барлығымыз қайтадан Түркі академиясында бас қосып, түркі жазуы күнін өткіздік. Байырғы жазулар түркі тілді елдердің мәдени жәдігерлігі. Оларды зерттеу, үйрену арқылы біз бабаларымыздың тарихын танып-білеміз. Егемендіктен кейін және бүгінгі күні де көптеген тасқа, балбалға жазылған жазулар Қырғызстан аймағынан табылып жатқаны – бабаларымыздың жазба мәдениеті ертеден қалыптасқанынан хабар береді. Орталық Азия мен Орта Азияда өмір сүрген түркі елдерінің тарихында түркі жазуының орны ерекше. Бұл жағынан алғанда Орхон-Енисей жазба ескерткіштері байырғы түркі елдерінің дүниелік өркениетке қосқан зор үлесі ретінде бағалануы тиіс. Тас бетіндегі сол жазулардан біз байырғы түркілердің, оның ішінде байырғы қырғыздардың әлеуметтік жағдайы, саяси-экономикалық құрылымы, философиясы мен діни түсініктері, ғарыштық танымы мен мемлекеттік құрылымы жөнінде де мәлімет ала аламыз. Байырғы Орхон-Енисей жазуы тілші ғалымдар мен тарихшылардың ортасында ғана белгілі болып, ал басқа оқыр­ман­дар­дың кең аудиториясына онша таны­мал емес. Мұндай ғылыми, ғылыми-ұйым­дасты­рушылық істерді алға жылжытуда Түркі академиясының қызметкерлері зор еңбек жасауда. 7 доктор, 6 кандидаттан тұратын ғы­лыми қызметкерлердің тобы басқа түркі тілді мемлекеттердің 140-тан аса ғалым­дарын ғылыми-зерттеу істеріне тартып, олардың ісін үйлестіріп, біріктіріп, үлкен-үлкен еңбектерді шығаруға зор үлес қосуда. Бүгінде Түркі академиясының кітап­ханасы 15000 нұсқа кітаптан тұрады. Онда түркология бағытындағы мықты еңбектер жиналып, электрондық кітапхана құрылған. Кітапхана сайтынан ғалым-зерттеушілердің қажетті мәліметтермен танысуға мүмкіндігі бар. Түркі мұражайын құру бойынша да бірқатар істер жүргізілуде. Мұражайға түркі елдерінің әскери құрал-жабдықтары, музыкалық аспаптары, зергерлік бұйым­да­ры қойылған. Келешекте бұл мұражай түр­кі елдерінің мәдениеті мен тарихын қам­тып, үлкен орталыққа айналады деп есептейміз. Түркі академиясының алдында үлкен міндеттер тұр. Оларды кешіктірмей орындау қажет деп білемін. Атап айтар болсақ, түркі тілді елдердің әліпбиін және терминологиясын біріздендіру, әртүрлі сөздіктерді даярлап шығару, ортақ мәдени мұраларды кешенді қарау, тарихтан, әдебиеттен, ортақ оқу кітаптарын, антологияларын, хрестоматияларын, оқу құралдарын құрастыру және оларды оқу бағдарламаларына кіргізу, кафедралар ашу, магистратура, аспирантура, докторантура арқылы мамандарды даярлау, түркі тектес республикаларда Түркі академиясының филиалдарын ашуға кірісу, көшпелі жиындарды, конференцияларды, симпозиумдерді өткізу. Түркі академиясы жұмысының алға басуына оның бірінші президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраевтың тиісінше үлес қосқанын айтпай кетуге болмайды. Ал қазіргі президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі де жастық жігерімен академия жұмысын жандандыру үстінде. Бүгінгі таңда академия жұмысына әртүрлі мемлекеттердің тәжірибелі ғалымдарымен бірге жас ғалымдардың да тартылуы бізді қуандырады. Түркі академиясы құрылғанына үш-төрт жыл ғана болса да, өзінің ғылыми бағытын дүние жүзіне көрсете алды. Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығын және Тоқтағұлдың 150 жылдығын жоғарғы деңгейде өткізгені үшін академияның басшылығына және ұжымына қырғыз елінің атынан ризашылық білдіруді өзіміздің парызымыз деп есептейміз. Ш.Айтматов та, Тоқтағұл Сатылғанов та түркі дүниесінің мақтаныштары. Түркі дүниесі әдебиет жұлдыздарының рухани альбомдарының құрастырылуына және оның түрлі түркі тілдерінде жарыққа шыққанына қуаныштымыз. Түркі тілді елдердің бүгінге дейін басып өткен жемісті жолдарын, оған қоса тарихи ұлы адамдардың шығармашылығын насихаттайтын ғылыми-танымдық деректі фильмдерді түсіру және оны жалпы халыққа таныстыру да Түркі академиясының міндетіне кірсе жақсы болар еді. Түркі академиясына барлығымыз көмек көрсетуіміз керек. Ғалымдардың жәрдемі – ғылыми болжамдарды дер кезінде жазу. Түркі академиясына қызмет ету – бұл ар-намыстылық, елге, жерге, қоғамға, кейінгі буынға қызмет қылу дегенді білдіреді. Түркі жазуы күнін белгілеу – түркі тілдес елдердің ежелгі жолының бір екенін дәлелдеп жатыр. Абдылдажан АКМАТАЛИЕВ, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қырғызшадан аударған Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».